Жастарға ҮндеуӨмір

Жастарға үндеу

Өмір... Бұл сөзді біз қаншалықты түсінеміз, қаншалықты бағалаймыз? Бұл өмірге бізді не үшін жаратты? Біздің мақсатымыз не? Осы сұрақтарға бір сәт ой тоқтатып көрдік пе? Сұрақ көп, ал жауабы да әртүрлі болуы заңды.

Дегенмен, осы тірлікте адам болып дүние есігін ашқан соң, адам болып өмір сүруіміз керек.

Уақыт талабы: білім мен тазалық

Қазір ғылым мен техника күн санап емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Осы көштен қалмау үшін білімнің биігінде болып, өзімізді де, бойымызды да таза ұстауымыз қажет.

Алдамшы «ләззат» және зиянды әдет

Алайда кейбір жастар өз өміріне, өз денсаулығына балта шабуға бейім болып барады: шылым шегіп, есірткіге тәуелді болып, мәні мен мағынасы жоқ «ләззатқа» ұмтылады. Тіпті шылым шегуді есейгендіктің белгісі деп санайтындар да кездеседі.

Маңызды ой

Бұл — алдамшы пікір. Шын есею шылым мен есірткіде емес, салауатты өмір салтын ұстанып, отбасыңа тірек бола білуде.

«Ойлан!» деген бір-ақ сөз

Балалық шағында өзін зиянды әдеттерге үйретіп, болашағын бұлдыр еткен жастарға «Ойлан!» дегім келеді. Сені анаң не үшін мәпелеп өсірді? Әкең не үшін еңбек етіп, қаражат тауып, қажетіңді түгендеп берді?

Ата-анаңның аялап, мәпелеп өсірген еңбегін өтеудің бір жолы — жақсы оқу орнына түсіп, салауатты өмір салтын ұстанып, мақсатқа жету.

Өзіңе де, ортаңа да талап қой

Болашағың бақытқа оранып, арманың асқақ болсын десең — зиянды заттардан аулақ бол. Достарыңа да талап қоя біл. Мұны өз денсаулығыңа ғана емес, досыңа деген адал ниетің деп түсін.

Мен саған сенемін, жас дос!

Қызылорда ОІІД ЕБҚКБ тарапынан жарияланған сайысқа ұсынылған мәтін.

С. Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің 10-сынып оқушысы — Сағынтайқызы Аяулым.