Елтану білім негізінде оқушылардың таңдау курсын оқып үйренуге қызығушылығын арттыру
Атырау облысы, Индер ауданы, Құрылыс ауылы
М. Мөңкеұлы атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Тулегенова Гулаим Еділқызы. Төменде 4-сыныпқа арналған «Өлкетану» таңдау курсының бағдарламасы ұсынылады.
Таңдау курсының мақсаты
- 1 Оқушылардың туған өлке туралы білімін тереңдету және дамыту.
- 2 Жасөспірімдердің бойында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу.
- 3 Туған өлке табиғатын қорғауға, табиғи ресурстарды үнемдеуге, елін және жерін сүюге баулу.
- 4 Елтану білімінің негізінде курсты оқуға қызығушылықты арттыру.
Негізгі бағыттар
- Туған өлке тарихын және табиғи байлығын кешенді түрде зерттеу.
- Өз бетінше білім алуға, шығармашылықпен ойлауға және ізденуге үйрету.
- Карта, сұлба, диаграмма және басқа да көрнекі құралдармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін меңгерту.
Дамытушылық міндеттер
- 1 Елтану білімінің негізінде курсты оқып-үйренуге қызығушылықты қалыптастыру.
- 2 Сабақ барысында өз өңірінен шыққан белгілі тұлғалар туралы материал жинақтап, білімді толықтыру.
- 3 Заманауи ақпарат көздерімен жұмыс істеуге, мәлімет іздеуге және сұрыптауға дағдыландыру.
Тәрбиелік бағыты
Оқушыларды туған өлке табиғатын қорғауға, табиғи ресурстарды үнемдеуге, өз елін және жерін сүюге тәрбиелеу.
Түсінік хат
«Өлкетану» таңдау курсының бағдарламасына өңіріміздің тарихы, географиялық орны, жер бедері, жер атаулары, аумағы, пайдалы қазбалары, өнеркәсібі, өсімдіктері мен жануарлары туралы мазмұн енгізілген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы ардагерлері, ауданымыздың білім беру саласындағы майталмандары, Ұлы Отан соғысының батырлары, ауған соғысына қатысқан жауынгерлер, сондай-ақ ақберен батыр М. Өтемісұлы, дүлдүл ақын М. Мөңкеұлы және өнер саңлақтары туралы материалдар қамтылады.
Оқушылар өздері мекен ететін жердің өткені мен бүгінін салыстыра отырып таниды, тарихына үңіледі, зерттеушілік қабілетін дамытады және қосымша дереккөздермен жұмыс істеуге дағдыланады.
Қамтылған тақырыптар оқушылардың туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, елтану біліміне қызығушылығын күшейтеді әрі ұлтжандылық құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Бағдарламалық материалдар білімді тереңдетуге көмектесіп, оқушы қабілетінің жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Бағдарламаның апробациясы
Бұл бағдарлама жоба ретінде «Заманауи сабақты дамыту ресурстары: интербелсенді кіріктіре оқыту» тақырыбындағы курста тыңдалып, қорғалды.