Сабақтың аяқталуы

Күнделікті сабақ жоспары (әдебиет, 5-сынып)

Бұл материал 5-сыныпқа арналған мазмұндама жұмыстарына негізделген. Негізгі екі тақырып қарастырылады: «Құс – табиғат перзенті» және «Апам».

Тақырыптар

  • 61 Мазмұндама: «Құс – табиғат перзенті»
  • 62 Мазмұндама: «Апам»

Сабақ жоспары №1: «Құс – табиғат перзенті» (мазмұндама)

Негізгі мәліметтер

Пән
Әдебиет
Сынып
5
Күні
__________
Тоқсан
__________
Мұғалім
__________

Сабақ сипаттамасы

Сабақтың тақырыбы
Мазмұндама
Сабақтың типі
Бақылау сабағы
Сабақтың түрі
Мазмұндама
Пәнаралық байланыс
Тіл, әдебиет

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: оқушылардың шығармашылық қабілеттерін бекіту.
  • Тәрбиелік: қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: жазбаша тіл мәдениетін дамыту.

Әдіс-тәсілдер, көрнекілік

Әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, түсіндіру, жазба жұмысы.

Көрнекілігі: «Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы».

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Оқушылармен сәлемдесу.
  2. Сабаққа қатысуды тексеру.
  3. Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Мәтінмен таныстыру

«Құс – табиғат перзенті»

Көктем күшіне еніп, бүкіл дала құстардың әсем үніне бөленді. Атамыз қазақ ерте заманнан-ақ құс атаулыны ерекше құрметтеп келген. Қыран бүркіт, алғыр қаршыға, көк дауыл сұңқар, ұшқыр тұйғын баптап, оларды қиянға салып, өнерін қызыға тамашалаған. Құс біткенді жәбірлеуді рақымсыздық, қиянат санаған.

Бұл жөнінде ел аузында мынадай аңыз бар. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ел-жұрт жан сауғалап, жан-жаққа тарыдай шашылғаны белгілі. Сонда жау келе жатқан жолда атақты Төле би көшпей, жалғыз үй болып қалып қойыпты. Ентелеп жеткен жау иесіз қалған жұрт ішінде отырған жалғыз үйді көріп, таңырқайды.

Өктем жау ордаға ойран салмақ болғанда, Төле би шығып: «Ей, адамзаттың балалары! Биыл көктемде шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Қазір сол ұяда оның қызылшақа балапандары жатыр. Соларды аяп, өзгелердей үдере көшпей, шаңырағым жолдарыңда қалып қойды. Ең болмаса, сол балапандарды аяңдар. Өзіме тисеңдер де, шаңырағыма тимеңдер», — деп өтініш жасапты. Сонда жауыздығымен аты шыққан жоңғар басқыншыларының өзі Төле бидің адамгершілігіне риза болып, оның шаңырағына тиіспеген екен.

Саятшылық — үлкен өнер, ата салтымыз. Саят құру — аң-құсты қырып-жою емес, қайта оған қамқор болып, жанашырлық таныту. Ел ішінде аң-құстың қай уақытта өсіп-өнетінін, қай жерде жүретінін, мінез-құлқын жақсы білетін адамдар көп. Олар өсіп-өну кезеңінде аң-құсты мазаламайды, үркітпейді, керісінше, қорғаштап жүреді.

Қазақ салтында құралайды көзге атқан мергендердің өзі аң-құстың бәріне бірдей тие бермеген, қалағанын ғана таңдап атқан. Өйткені Табиғат-ана адамнан қажет кезде дәл табуды, өзі жаратқанға залал келтірмеуді, табиғатты аялап, шапағатпен қарауды қалайды.

Мазмұндау жоспары

  1. Аталардың құсқа құрметі.
  2. Аңыз ізімен.
  3. Саятшылық деген не?
  4. Құс — табиғаттың перзенті.
  5. Ата-баба дәстүрін сақтау.

Сөздік жұмысы

  • Бас сауғалау — қауіптен қашып, жанын сақтау.
  • Қаперсіз — бейқам, аңғармай қалу; елемеу.

IV. Сабақты аяқтау

  • Оқушылардың жұмыстарын жинақтау.
  • Қысқаша кері байланыс (қиындықтар мен жетістіктер).
  • Бағалау және қорытынды.

Сабақ жоспары №2: «Апам» (мазмұндама/шығарма)

Негізгі мәліметтер

Пән
Әдебиет
Сынып
5
Күні
__________
Тоқсан
IV
Мұғалім
__________

Сабақ сипаттамасы

Сабақтың тақырыбы
Мазмұндама
Сабақтың типі
Бақылау сабағы
Сабақтың түрі
Шығарма (мазмұндама элементтерімен)
Пәнаралық байланыс
Тіл

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: оқушыларды өз ойын еркін әрі сауатты жеткізуге дағдыландыру.
  • Тәрбиелік: адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: әдеби дүниетанымды кеңейту, жазбаша тіл мәдениетін дамыту.

Әдіс-тәсілдер, көрнекілік

Әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, түсіндіру, жазба жұмысы, мәнерлеп оқу.

Көрнекілігі: «Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы».

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Оқушылармен сәлемдесу.
  2. Сабаққа қатысуды тексеру.
  3. Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Мәтінмен таныстыру

«Апам» (С. Сматаев, 334 сөз)

Апамның мінезі қызық. Әлі күнге дейін айналып-толғанып, өбектеп жүреді. Менің ер жетіп, ересектер қатарына қосылып, ерте тұрып, кеш жататынымда да шаруасы жоқ секілді.

Басым жастыққа тиіп, көзім ұйқыға кетісімен, маңдайымнан иіскеп, шашымды сипап, қасымнан шықпайды. Кейде оянып кетсем де, көзімді ашпастан ұзақ жататынмын. Ана мейірімінің таусылар, сарқылар шегі болмайтын шығар. Әр еміренуі кеудемнің түкпірінде ұйып қалған балалық шақтың елжіреуін қайта қоздатып кетеді.

Екі-үш ұлдан қалған жалғыз қоңыр қозысы болғаныма өзімді кінәлі санаймын ба — жұрт алдында қабақ түйсем, осындай оңаша сәтте алақан иісін құшырлана сіміріп, шексіз қуанышқа бөленем. Анаға жетер не бар?! Ана мейірімін алмастырар құдірет бар ма?!

Бүгін де апамның маңдайыма тиген жұп-жұмсақ еріндерінің лебімен күліп ояндым. Әкем жұмысқа кетіп қалыпты. Асығыс тұра қалдым. Апам үстел үстіне тағамдарын әзірлеп жүр.

Далаға шықтым. Өткір жарық көзге шағылысып, тіке қаратар емес. Үйге кіріп, апамның бәйек болғанына қарамастан, түрегеп тұрып суық еттен бір-екі асап жібердім де, ораулы түстік тағамымды қолтығыма қысып, жұмысқа кеттім.

Көз алдымнан апам кетпей келеді… әсіресе, жасы мөлдіреген жанары әлденеге зарыққандай, әлденеге ынтығып, соған мұңая қалғандай.

Жайдары жаз өтіп барады. Енді бірер айдан кейін мына жасылы азая бастаған далаға күз келеді. Ондайда бұл жердің сұрқы адам көргісіз: ай бойы сіркіреп жаңбыр жауады. Жердің миы шығып, аяқ аттасаң-ақ батпаққа айналып кетеді.

Аспанға қараймын: ноқаттай болып бозторғай тұр, қос қанатын қайшылап. Алысқа қараймын: маңай жап-жарық. Күн күйдіріп барады. Айналайын жаз ғой бұл.

Тағы да апамды ойлай беремін. Ұзақ сапар өмірімнің ащы-тұщысын, күйініш-сүйінішін еске алғанда, қысқа ғұмырдың күңгірт күзіне тап болғанын сезетін болар. Тап сол кездерде көз жетпеске кеткен жастықтың жайдары жазын сағынып, іштей елжірейтін шығар. Сол күйі аңсары ауғанда, тірлігінің қайта ашылған гүліндей, қайта көктеген құрағындай мен көрінетін шығармын. Өбектейтіні де сондықтан болар.

Мазмұндама бойынша жоспар құру

  1. Ана мінезі.
  2. Ананың көңілі — балада, баланың көңілі — далада.
  3. Оятқан ана алақаны.
  4. Ана көңілінің тереңдігі.
  5. Жайдары жаздың өтуі.
  6. Күз — көңілсіздіктің белгісі.
  7. Өмірдің жазы мен күзі.

IV. Сабақты аяқтау

  • Жоспар бойынша мазмұндама/шығарма жұмыстарын қорытындылау.
  • Қателермен жұмыс (орфография, тыныс белгілері, сөйлем құрылысы).
  • Бағалау және кері байланыс.