Ақылды бол, балам
2-сынып
Тақырыбы: Атадан қалған асыл сөз
Мақсаты: ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған тілімізді, салт-дәстүрімізді және нақыл сөздерді өскелең ұрпаққа мирас ету; дәстүр сабақтастығын ұғындыру.
Оқу міндеттері
- Қазақ даласында өмір сүрген шешендердің асыл сөздерімен таныстыру.
- Балалардың ойлау қабілетін дамыту, тіл байлығын және сөздік қорын арттыру.
- Жас ұрпақты сөз қадірін түсінуге, үлкеннің ақылын тыңдаудың парыз екенін ұғындыру.
Сабақтың әдістері
Оқушылардың белсенді қатысуына, пікір айтуына және көркем сөзді дәл қолдануына мән беріледі.
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта, тірек сызба.
- Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің суреттері.
- «Ақылдың кені — данышпан», «Сөнбес жұлдыздар» слайдтары.
- Нақыл сөздер, ақыл-өсиет, шешендік сөз үлгілері.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру
Оқушыларды түгендеу, назарларын сабаққа аудару, сабақ мақсатын қысқаша таныстыру.
2) Негізгі бөлім: кіріспе
Абыз бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа ұлан-байтақ даланы, құс ұшырса қанаты талатын қазыналы жерді ақыл-парасат пен ар-ожданға негізделген адамгершілік қасиеттерінің арқасында мұра етіп қалдырды.
Сол өнегені ұлағат тұтқан кейінгі ұрпақ бабалар арманын жалғап келеді. Өткен жетістігіміз бен болашағымыздың алтын қазығы — қариялар.
Бүгінгі тақырып: «Атадан қалған асыл сөз».
Ашық сабақ ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады.
Экрандағы көрініс: «Сиқырлы кітап»
Сабақты бастамас бұрын экранға назар аударайық: қандай сурет көріп тұрсыңдар? Сиқырлы кітап.
Бұл кітапты «оқи» отырып, білімімізді толықтырамыз, тапқырлыққа және шешендікке үйренеміз. Сиқырлы кітап бірнеше бөлімнен тұрады.
І бөлім: «Аталы бала — ақылды» (көрініс)
Диалог
Жігіт: Ата! Қол бастау қиын ба? Жол бастау қиын ба? Сөз бастау қиын ба?
Қарт: Е, балам! Қол бастау қиын емес — көк найзалы ерің болса. Жол бастау қиын емес — соңынан ерген елің болса. Бәрінен де сөз бастау қиын: тауып айтсаң, мереке қылады; таппай айтсаң, келеке қылады.
Жігіт: Дұрыс айтасыз.
Қарт: Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады, таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады. Су түбіндегі сөзді жел толқытса шығарады, ой түбіндегі сөзді шер тарқатса шығарады.
Жігіт: Рақмет, ата!
Нақыл мен түйін
Ақылды бол, балам! Ұлағатты сөздер өте көп:
- Әділ төре — ел бастар.
- Аға жігіт — қол бастар.
- Батыр жігіт — жау бастар.
- Шешен адам — сөз бастар.
Түйін:
Ақыл — адамды аздырмайтын ем, білім — таусылмайтын кен.
Адамның басшысы
Ақыл
Жетекшісі
Талап
Шолғыншысы
Ой
Жолдасы
Кәсіп
Қорғаны
Сабыр
Қорғаушысы
Мінез
Құсты жинасаң — бүркіт жина: қыс тоныңды түлкі етер. Бір жақсымен дос болсаң — азбас-тозбас мүлік етер. Бір жаманмен дос болсаң — күлкі етер.
Оқушылардың мәнерлеп оқуы
1-оқушы
Атам менің әрдайым:
«Әдепті жан бол», — деген.
Ата сөзі санамда —
Жасы үлкенге жол берем.
Алдын орап кісінің,
Кесіп өтпеймін көлденең.
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем.
2-оқушы
Атам менің әрдайым:
«Кішіпейіл бол», — деген.
Ата сөзі санамда —
Мақтанбауды жөн көрем.
Атам менің әрдайым:
«Әділетті бол», — деген.
Ата сөзі санамда —
Тура жолмен жүремін.
3-оқушы
Атаң болса анаңмен —
Алтыннан соққан қорғаның.
Санаң болса ақылды —
Ешкімнен кем болмадың.
Інің болса — мақтаныш,
Семсер қылыш білегің.
Ақылды қыз, ақылды ұл —
Өкпе-бауыр жүрегің.
4-оқушы
Ата-бабаң ардақты,
Жамандыққа бармаған.
Ардақ тұтып үлкенді,
Ата жолын жалғаған.
Көрініс: «Дене мүшелерінің мәні»
Бала: Ата, табиғат жаратқан дене мүшелеріміз не үшін керек?
Қария: Екі көзіміз — жақсыларды көру үшін. Екі қолымыз — елге көмек беру үшін. Құлақ — ақыл-кеңес тыңдау үшін. Жүрек — жауыңнан қорықпау үшін. Тіл мен жағың — ақиқатты айту үшін. Ал аяғың — шетте жүрсең, туған жерге қайту үшін керек.
Келесі бөлімге өтудің кілті: жұмбақтар
Келесі бөлімнің атауын білу үшін жұмбақтарды шешейік.
Айтары мол ғұлама,
Көп жасаған бұл адам.
Әкесі ол әкеңнің,
Білер соны сұраған.
Жауабы: Атаң
Аймалайды «күнім» деп,
Мейірімді жүзі күлімдеп.
«Тәтті-ақ» дейді немере,
Бал-шырындай үнің» деп.
Жауабы: Әжең
Атаңның баласы —
Асқар тау қорғаның.
Анаңның серігі —
Панаң ғой ол сенің.
Жауабы: Әкең
Әлпештеп өзіңді өсірген,
Нағашы әжеңнің баласы.
Біреуге ибалы келін де,
Бұл күнде жиеннің анасы.
Жауабы: Анаң
Қорытынды ой: отбасының қос шынары — ата мен әже, әке мен шеше. Осындай қасиетті ұғымдардың бәрін ұрпақ санасына сіңіретін күш — атадан қалған асыл сөз.