Шашақ тамыр жүйесі

6-сынып

Тамыр. Тамыр түрлері. Тамыр жүйелері (презентациямен)

Бұл сабақ өсімдіктің вегетативті мүшелерінің бірі — тамырдың құрылысы, түрлері, қызметі және тамыр жүйелерін түсінуге арналған.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды түгендеу.

II. Үй тапсырмасын тексеру — «Зымыран сұрақтар»

  1. Микроскопты ойлап тапқан ғалымдар: әкелі-балалы Янсендер (1590–1610).
  2. Жасушаны ашқан ғалым: Роберт Гук (1665).
  3. Өсімдік жасушасының құрылысы: жасуша қабықшасы, цитоплазма, ядро, пластидтер, вакуоль.
  4. Ұлпалар дегеніміз не?
  5. Өсімдік ұлпаларының түрлері қанша? (6 түрі).
  6. Микроскоптың құрылысы: окуляр, көру түтігі, объектив, заттық үстелше, айна, табан, тұтқа, бұранда.
  7. Жабын ұлпасының қызметі мен түрлері: өң, тоз, қыртыс.
  8. Жасуша ішіндегі сұйықтықтың қысымын реттейтін бөлік: вакуоль.
  9. Өсімдіктерге түрлі түс беретін пластидтерді атаңдар.
  10. Қазақстанда «Қызыл кітап» тұңғыш рет қай жылы шықты? (1978).
  11. Қазақстанда неше қорық бар? (9).
  12. «Қызыл кітаптың» маңызы неде?

III. Жаңа сабақ — Тамыр туралы негізгі ұғымдар

Тамыр — топырақ арқылы өсімдікті сумен және минералды тұздармен қамтамасыз ететін вегетативті мүше.

Тамырдың қызметтері

  • суды және минералды тұздарды топырақтан сіңіреді;
  • өсімдікті топыраққа берік бекітеді;
  • қоректік заттардың қорын жинайды;
  • көбеюге қатысады;
  • органикалық заттардың түзілуіне қатысады.

Тамырдың түрлері

  • Негізгі тамыр — ұрық тамыршасынан дамиды.
  • Жанама тамыр — негізгі тамырдың жан-жағынан таралады.
  • Қосалқы тамыр — сабақ пен жапырақтан өсіп шығады.

Тамыр жүйесі

Тамыр жүйесі — бір өсімдікте болатын негізгі, жанама және қосалқы тамырлардың жиынтығы.

Кіндік тамыр жүйесі

Негізгі тамыр жақсы дамиды. Көбіне қосжарнақты өсімдіктерге тән.

Шашақ тамыр жүйесі

Негізгі тамыр нашар дамиды; жуандығы шамалас көптеген жанама немесе қосалқы тамырлар шоғырланып, шашаққа ұқсайды. Даражарнақты өсімдіктерге тән.

Тәжірибе идеясы

Тамырдың тыныс алатынын дәлелдейтін тәжірибе ұйымдастырылады (нәтижені бақылау және қорытынды шығару).

IV. Бекіту — Зертханалық жұмыс №5

Тақырыбы: Тамыр типтері мен тамыр жүйелерін (кіндік, шашақ) талдау

  1. Берілген өсімдіктердің кеппешөбінен тамыр жүйесін қарап, негізгі, жанама және қосалқы тамырларды табыңдар. Суретін салып, атауларын жазыңдар.
  2. Шашақ тамыр жүйесін бидай, жүгері, арпа кеппешөбінен қарап анықтаңдар.
  3. Сәбіздің кіндік тамыр жүйесін қарап, негізгі және жанама тамырларын ажыратыңдар.
  4. Кіндік және шашақ тамыр жүйелерінің ерекшеліктеріне назар аударып, оқулықтағы суреттермен салыстырыңдар.
  5. Кестені толтырыңдар: берілген өсімдіктердің нөмірін тиісті тамыр жүйесі бағанына жазыңдар.

Кіндік тамыр жүйесі

  • сәбіз
  • бақбақ
  • күнбағыс
  • бұршақ
  • қайың
  • итмұрын

Шашақ тамыр жүйесі

  • пияз
  • қызғалдақ
  • құртқашаш
  • бидай
  • арпа
  • күріш

Тапсырма: «Қай пікір дұрыс?»

  • Бейорганикалық заттарға нәруыз, май, крахмал жатады.
  • Ашықтұқымды өсімдіктердің жапырағы ине тәрізді болады.
  • Сүт тәрізді сұйықтыққа йод құйса, су көгереді. Демек, сұйықтықта нәруыз бар.
  • Тамырда кейбір витаминдер түзіледі.
  • Жоғары сатыдағы өсімдіктердің тамыры болмайды.
  • Ағаштардың барлығы көпжылдық өсімдіктер.

Биологиялық диктант

  • Өсімдік ................ арқылы көбейеді.
  • Барлық тұқымда болады: нәруыз, .................
  • Тұқымның өнуіне қажет: .................................
  • Тамыр түрлері болады: .................................
  • ................................ — негізгі тамыр жүйесі нашар дамиды, көптеген тамыр шоғырлары пайда болады.
  • Қосалқы тамырлардың тез өсуі үшін өсімдікті ................ керек.

V. Қорытындылау

«Ойлан, тап» — жұмбақтар

  • Көз алмай күнге алыс, қарайды — (күнбағыс).
  • Төменге қарамай көкке өрлер — (қарағай).
  • Уылжыған албырт, дәмі тәтті — (алмұрт).
  • Қара жерге енгенде, батырады шеңгелін — (тамыр).
  • Жезге ұқсас сабағы, дәні — халық тағамы — (бидай).
  • Қос құлағы қалқайып, су ішкен сайын марқайып. Күн ысыса тон жинайды, доп болғанда ел жинайды — (орамжапырақ).

«Сен білесің бе?» — қызықты деректер

  • Бидайдың тамыр жүйесі 1,5 м аумақты қамтып, тереңдігі 2 м-ге дейін жетуі мүмкін; жалпы ұзындығы 600 м-ге дейін барады.
  • Арпаның тамыр түктері 15 млрд-қа дейін жетеді, ал олардың жалпы ұзындығы 10 000 км-ге дейін созылады.
  • Тамыр 1 мм өскен сайын 200–400 жаңа тамыр түктері түзіледі.

«Ойлан, тап» — талқылау сұрақтары

  1. Негізгі тамырдың ұшын кесіп тастаса, не болады?
  2. Гүл құмырасының түбінде неге тесік болады?
  3. Қораптың ішінде өсімдіктің екі түрлі мүшесі бар. Екеуі де тәтті, қызыл, шырынды. Біреуі күнді жақсы көреді, екіншісі түнді жақсы көреді. Ол не?
  4. Бөлме өсімдіктеріне ұзақ уақыт салқын су құйса, неге тіршілігі әлсірейді?
  5. Тамырдың өсімдік өміріндегі маңызы қандай?
  6. Кестені толтыр: тамырдың қызметтерін өмірлік мысалдармен сәйкестендір.

VI. Үй тапсырмасы

§7 оқу. 27-беттегі A, B, C сұрақтарына жауап беру.

VII. Бағалау және түйін

Табиғатсыз адамдардың күні жоқ,
Табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ.