Мұғалімнің сыйы
Қарағанды облысы, Балқаш қаласы
Балқаш қаласы №2 Абай атындағы лицей КММ
Мұғалім: Ордабекова Назира Газизовна
3-сынып, №17
Тақырып: «Жылы жүрек – жақсы тілек»
Құндылық
Сүйіспеншілік
Қасиеттер
Мейірімділік, ізгілік
Қасиеттер
Жақсы тілек, адамгершілік
Ресурстар
Оқулық, дәптер, музыка, үлестірмелі материалдар
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Оқушылардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру және осы құндылықтың мәнін ашу.
Міндеттері
- «Жақсы тілек», «ізгілік» ұғымдарының адам өміріндегі маңызын түсіндіру және түсініктерін қалыптастыру.
- Жақсы тілек айта білу дағдыларын дамыту.
- Мейірімділікке, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі: жағымды көңіл күй («Нұрға бөлену»)
Баяу әуен қосылады. Оқушыларға Күн сияқты нұр шашып отырғанын елестету ұсынылады: ыңғайланып отыру, денені түзу ұстау, аяқ-қолды айқастырмау, қолды тізенің үстіне немесе үстел үстіне қою, көзді жұмып, Күн нұрының төбеден өтіп, кеудеге қарай бойлап бара жатқанын елестету.
II. Үй тапсырмасын тексеру: «Жақсы ата» мәтіні бойынша сұрақ-жауап
- Мәтінде кімдер туралы айтылған?
- Мәтінде жылдың қай мезгілі бейнеленген?
- Қыс мезгілі екенін қалай аңғардың?
- Ерасылдың туған күніне атасы мен әжесі не сыйлады?
- Ерасыл ойынға кіммен барғысы келді?
- Анасы оны неге ойынға апара алмады?
- Әкесінің ұсынысы қандай болды?
- Ерасылдың ендігі үміті кім еді?
- Әжесінің қолы тимей жатқанын байқағанда Ерасылдың көңіл күйі қандай болды?
- Жалғызсыраған Ерасылдың ішкі ойы қандай болды?
- Ерасылдың ызаланып, жылағалы тұрғанын кім сырттай бақылап отырды?
- Көңілі құлазыған Ерасылға атасының қандай ұсынысы болды?
- Ерасылдың көңіл күйі қалай өзгерді?
- Ойыннан кейінгі Ерасылдың көңіл күйі қандай болды?
- Немеренің атасына айтқан тілегі қандай?
- Атасының немересіне деген жылы жүрегі қалай байқалады?
- Өздерің жылы жүрекпен жақсы тілек айтқан кездеріңді еске түсіріп көріңдер.
III. Жағымды ой-пікір: дәйексөз
Мақал
«Жақсы сөз – жарым ырыс»
Мұғалім мақалдың мағынасын түсіндіреді: жақсы сөз адамның көңілін көтереді, қуантады, үміт сыйлайды. Ал ауыр сөз бен жағымсыз әрекет адамның жүрегін жаралап, мұңайтып, уайымға салады.
Талқылау сұрақтары
- Жақсы сөз қандай болады?
- Жақсы сөзді жиі айтасың ба?
- Саған жақсы сөзді кім көп айтады?
Негізгі ой
Жаныңдағыларға жақсылық жасай білсең, жасаған жақсылығың өзіңе міндетті түрде қайтып келеді. Жылы лебіз бен жақсы тілек адамды шаттандырып, бақытқа жетелейді.
IV. Әңгімелеу: мұғалімнің сыйы
Бір адам атызға бір түп гүл әкеліп отырғызды. Құнарлы жерге отырғызылған гүл күннен күнге тамырын жайып, жайқалып өсе берді. Ол мөлдір суды да, тап-таза ауаны да, күннің нұрын да сүйетін. Айналасына еркелей, құмарлана қарайтын. Өзінің тіршілік иесі болғанына да, өзін әкеліп отырғызған адамға да шексіз риза еді.
Бір күні төменнен шіңкілдек дауыс естілді: «Ей, сен көп асқақтама! Мен тірі тұрсам, өмірге келгеніңе әлі өкінесің!» Гүл жалт қараса, дәл түбінде түрі ұсқынсыз шөп қылтиып тұр екен.
Гүлдің көңілі бірден құлазып, жабырқап қалды. Ештеңе деп жауап қайтара алмады. Көздері жасаурап, бірте-бірте солып, сарғайып бара жатты. Амалсыз жанындағы өзінен біршама үлкен гүлге басын сүйеді.
Жанындағы гүл оны жұбатты: «Жабырқама, сабыр ет! Адамдар оны арамшөп дейді. Өз құлқынынан басқаны ойламайтын зиянкес. Әлі-ақ құтыламыз. Жақсы сөз – жарым ырыс». Осы сөзден кейін оның көңілі біраз көтерілді.
Айтқаны рас болып шықты: ертесіне бір бала келіп, арамшөпті жұлып тастады. Гүл қайтадан құлпырып өсе бастады. Ол осы оқиғадан бір маңызды нәрсені ұқты: өмірде жақсылар да, жамандар да бар.
Мәтінді талдау (сұрақ-жауап)
- Құнарлы жерге отырғызылған гүлдің алғашқы өмірі қандай болды?
- Ұсқынсыз шөп гүлге не деді?
- Гүлдің көңіл күйі қалай өзгерді?
- Арамшөптің құлқыны қандай?
- Жұбатушы гүл қандай жақсы сөз айтты?
- Гүл арамшөптен қалай құтылды?
- Өмірде жақсылар мен жамандар бола ма?
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Әрқашан жақсы сөз айтатын адамның жаны жомарт, жүрегі таза болады. Бір-бірімізге жылы сөздер жиі айтылса, өмір мейірім мен қайырымға толып, қуаныш пен шаттық көбейеді.
Сондықтан бойларыңда жақсы адамға серік болатын қасиеттер — мейірімділік, сыпайылық, адамгершілік — мол болсын. Күнде бір-бірімізге жүрекке жылы тиетін жақсы лебіз айтып жүрейік.