Тренинг сабағы
Теорияны практикамен ұштастыру: қысым тақырыбын түсіндірудің тиімді жолдары
Физика сабағында теориялық білімді практикамен ұштастыру — оқушылардың политехникалық ой-өрісін кеңейтудің ең нәтижелі тәсілдерінің бірі. Әсіресе өте үлкен қысым жағдайында заттардың қасиеттері едәуір өзгеретінін нақты мысалдармен көрсету пайдалы.
Нақты мысал
200 000 атмосфералық қысым арқылы алынған болат сым, әдеттегі созу әдісімен алынған сымға қарағанда бірнеше есе берік болады.
Жоғары қысым технологиясы
Жасанды алмас алу үшін шамамен 2700 °C температурада 100 000 атмосфераға дейін қысым қажет. Кеңестік физиктер миллион атмосферадан да асатын қысым алудың жолдарын тапқан.
Өте үлкен қысым әртүрлі тәсілдермен жасалады, соның ішінде жарылыс көмегімен де. Осындай қысымдарды қолдана отырып, Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Гидродинамика институтында таңғаларлық қасиеттері бар көптеген металдар мен қорытпалар алынған.
Негізгі идея: күш әсерінің нәтижесі неге тәуелді?
Оқулықтағы материал логикасы бойынша «күш әсерінің нәтижесі» күштің абсолют шамасына да, күш әсер ететін беттің ауданына да тәуелді. Мұнда «күш әсерінің нәтижесі» өзара әрекеттесетін денелердің деформациясы ретінде түсіндіріледі.
Ауыр жүк көтерген адамның жүксіз адамға қарағанда қарға көбірек батып кетуі — оқушыларға өмірлік тәжірибеден жақсы таныс.
Шаңғысыз адамның шаңғымен жүрген адамға қарағанда тереңірек батуы да дәл осы құбылысты көрсетеді.
Демонстрация: аудан өзгерсе, әсер де өзгереді
- 1 Кішкентай үстелшені дымқыл құмға қоямыз да, үстіне гир (жүк) қоямыз — үстелшенің аяқтары құмға батып кетеді.
- 2 Содан кейін үстелшені төңкеріп (тіреу ауданын ұлғайтып), үстіне сол жүкті қоямыз — үстелше құмға азырақ батады.
Қорытынды: тіреуішке түсетін күш әсерін толық сипаттау үшін күштің шамасын және күш әсер ететін ауданын қатар ескеру қажет. Сондықтан аудан бірлігіне келетін күш шамасы есептеледі — бұл қысым ұғымын енгізудің негізі.
Қысым: анықтама, формула, бірлік
Анықтамадан қысымның формуласы жазылады: қысым = күш / аудан, яғни P = F / S.
Паскаль — ауданы 1 м2 болатын бетке бірқалыпты таралған 1 Н күш түсіргенде пайда болатын қысым. Халықаралық белгіленуі: Pa (орысша: Па).
Өлшем бірліктері
- 1 Н/см2
- 1 Н/м2 (көрнекілеу, қажет жағдайда физикалық және техникалық атмосфера мәндерімен шамалас салыстыруға мүмкіндік береді)
7-сыныпта «Қысым» тақырыбын өткізу үлгісі
Теорияны практикамен ұштастыру бағыты бойынша 7-сыныпта қысым тақырыбын төмендегі құрылыммен өткіздім.
1) Тақырып
§33, §34. Қысым. Қысым бірліктері. Қысымды арттыру және кеміту тәсілдері (7-сынып).
2) Сабақ типі
Жаңа материалды игеру. Түрі: аралас, ойын элементтері бар, «саяхат сабақ».
3) Мақсаты
- Білімділік: перпендикуляр күштің ауданға қатынасы ретінде қысым ұғымын меңгерту.
- Практикалық: қысымды арттыру/кеміту тәсілдерін тәжірибе арқылы түсіндіру.
- Тәрбиелік: білім мен біліктілікті меңгеру нәтижесін тексеріп, жетістіктерді талдау.
- Дамытушылық: логикалық ойлауды, танымдық қызығушылықты арттыру; проблемалық сұрақтарды шешу және өздігінен зерттеу дағдыларын дамыту.
4) Әдістер мен формалар
Проблемалық оқыту, ішінара-іздену, демонстрация, әңгімелеу, тірек-сөздер, ассоциация, «БҰҰ кестесі» стратегиясы, мадақтау.
Жұмыс формалары: жеке, топтық, ұжымдық.
5) Көрнекілік және құрал-жабдықтар
Интерактивті тақта, Қазақстан картасы, карточкалар, буклеттер, суреттер, плакаттар, Паскаль портреті, воронка, құм, шеге, түтік, су, спирт шамы, колба, штатив, үштік-схема, магнитофон.
6) Байланыстар
- Пәнаралық: математика, география, әдебиет, дүниетану.
- Өмірмен байланыс: қысымның табиғатта, техникада, тұрмыста қолданылуы; «Қазақстан – 2030» стратегиясымен мазмұндық байланыс.
Сабақ барысы (үзінді)
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасып, түгелдеп, сабаққа дайындығын тексеремін.
2) Үй тапсырмасын тексеру және тренинг
Өткен тақырыпқа қысқаша шолу жасап, тренинг түрінде ұйымдастырамын. Тренинг — белгілі бір тақырыпқа арналған, оқушыны еркін ой айтуға және белсенді қатысуға жетелейтін сабақ формасы.
Тренингтің ерекшеліктері
- Сабаққа өз еркімен белсене қатысу.
- Өз білімін көрсете білу.
- Топпен жұмыс істеу.
- Логикалық ойлауды дамыту.
- Пәнге қызығушылықты арттыру.
Сергіту ойыны: «Кім жылдам?»
Ұғымдарды жылдам сәйкестендіру және атау: күш, 1 Н, динамометр, ауырлық күші, серпімділік күші, тыныштық үйкеліс күші, физикалық шама, Ньютон.
Сауалнама: физикалық жұмбақтар
- «Өзі затты құрайды, теңдеуге таразыны сұрайды» — масса.
- «Аса қажет өмірге, халық үшін, пайдаланам күн сайын жарық үшін» — шам.
- «Қозғалысқа келтіріп, жылдамдық береді; өлшемін қарасаң, Ньютонға келеді» — күш.
Физикалық лото: «Формулаңды тап»
Тақтадағы формулаларды дәл тауып орналастыру: F = mg, p = m/V, v = s/t, P = mg.
3) «2030 жылға сапар» (ойын-саяхат элементі)
Оқушылар екі топқа бөлінеді: қыздар тобы және ұлдар тобы. Сұрақ: «Қазақтың қандай ұлттық ойындарын білесіңдер?»
Ойынның бір түрі ретінде «Қыз қуу» үлгісі алынады: Қазақстан картасында Қызылорда облысынан бастап Астанаға дейін «жарыс» ұйымдастырылады. Картаға өзен-көл, Сырдария, Бетпақдала, Алатау, кіші тау және көк байрақ бейнеленген карточкалар ілінеді.
Маршруттың 1-кезеңі: Қызылорда облысы
Оңтүстік-батыста Сырдариядан өту керек. Магнитофоннан «Адай» күйі қосылады. «Дариядан өту үшін атымыз Қобыланды батыр жырындағы Тайбурылдай болуы керек» деген шарт қойылады. Кім жырдан үзінді айтып бере алады? (Мысалы: Ескендірова Гүлнұр.)