Қыз еркем, қылығымен көркем
Қыз еркем, қылығымен көркем!
Білімділік
Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.
Дамытушылық
Шеберлігін дамыту.
Тәрбиелік
Көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке және сұлулықты бағалауға тәрбиелеу.
Жүргізушінің құттықтау сөзі
Құрметті ақ жаулықты аналар, ұлағатты ұстаздар, сұлу арулар! Сіздер 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған «Қыз еркем, қылығымен көркем!» атты мерекелік кешке жиналып отырсыздар.
Мектепалды даярлық тобының балаларымен өтетін мерекемізге қош келдіңіздер!
Сахналық көрініс
Әуенмен залға балалар кіреді. Қолдарында гүлдер болады.
Арнау
Армысыздар, ақ тілекті әжелер,
Ертегімен өмірімді әсемдер.
Мерекемен аялаған аналар,
Бір өзіңнен бар қуаныш таралар.
Шуақ шашқан алтын көңіл арулар,
Дарын болып өнерменен қарулан!
Міне, алдарыңызда — сіздердің балаларыңыз, еліміздің болашағы, менің шәкірттерім. Олар өз өнерін көрсетуге дайын.
Құрметті жиналған қауым, бәріміз де «ана» деген асыл жаннан жаралғанбыз. Сол аналарымызға ұзақ өмір, талмас қанат, таусылмас бақыт тілей отырып, мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз.
Иә, бәрімізге осы әлемнің жарығын сыйлаған ана есімі қашанда биік әрі қымбат.
Ақ бата
Алдымен өнер көрсететін аруларымызға сәттілік тілеп, мерекемен құттықтай отырып, ________ әжеміздің ақ батасын алуға рұқсат етіңіздер.
Балалармен сұхбат
Жұмбақ
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Бұл кім?
Балалар: Ана, ана, ана.
Жүргізуші: Тамаша, өнерлі екенсіңдер!
Үйдегі көмек туралы сұрақ
Жүргізуші: Ал балалар, сендер үйде ата-аналарыңа көмектесесіңдер ме? Шындарыңды айтыңдар! Қазір мен аналарыңнан сұраймын.
1-сұрақ: Күні бойы ойнай беретін, ойнап болған соң ойыншықтарын жинауға ерінетін, ештеңе істемейтін жалқау бала бар ма?
Аналар: Жоқ, жоқ!
2-сұрақ: Ал таңертең ерте тұрып, мектепке өзі киінетін, үйде анасына көмектесетін, әдепті әрі тәртіпті бала бар ма?
Аналар: Бар, бар!
Жүргізуші: Әрине, бұл — біздің аналарымыз тәрбиелеп отырған балалар! Ана — перзент тәрбиелеуші. Ендеше, осы асыл аналарымызға арналған балалардың тақпақтарына кезек берейік.
Тақпақтар
1. Мұратқан
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.