Біреу жаныңа жолдас
Шара туралы қысқаша мәлімет
Бұл материал «Досыма сыйлық» атты тәрбиелік шараны ұйымдастыруға арналған. Мазмұны оқушылардың достық туралы түсінігін кеңейтіп, өзара қарым-қатынаста жылулық, сүйіспеншілік және сыйластық сезімдерін нығайтуға бағытталған.
Тақырыбы
Досыма сыйлық
Түрі
Акция
Мақсаты
- Балалардың достық туралы ұғымын кеңейту.
- Оқушылардың достық қарым-қатынасына оң ықпал ету.
- Жылулық, сүйіспеншілік, сыйластық сезімдерін ояту.
Қатысушылар
6, 7, 8-сынып оқушылары, сондай-ақ аз қамтылған отбасы балалары мен мүмкіндігі шектеулі балалар.
Көрнекілігі мен құрал-жабдықтар
Шараның барысы
Төмендегі құрылым оқушылардың белсенді қатысуына, ой бөлісуіне және бір-біріне қолдау көрсету мәдениетін қалыптастыруға арналған.
I. Ұйымдастыру
«Көңілді күн» әнін барлық оқушыларға орындатып, жылы атмосфера қалыптастыру.
II. Оқушыларды топқа бөлу
Әр оқушыға берілген 1, 2, 3 сандары бойынша топқа орналастыру.
- 1-топ: 6-сынып оқушылары
- 2-топ: 7-сынып оқушылары
- 3-топ: 8-сынып оқушылары
III. Топтық тапсырмалар
1) Миға шабуыл
Интерактивті тақтадан достыққа қатысты сурет көрсетіп, оқушылардың түсінігін сұрау.
2) Постер қорғау
«Дос» деген ұғымды қалай түсінесің? Әр топ өз көзқарасын постер арқылы дәлелдеп, ортақ тұжырым жасайды.
Негізгі ой
Достық — адамдардың бір-бірін шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес әрі мұраттас болуы.
Ерте заманның ойшылы әрі шешені Цицерон: «Достық өз бойына қаншама сан алуан пайдалы нәрселерді біріктіреді. Қайда барсаңыз да ол сізге қызмет етеді; ол барлық жерде бар; ол ешқашан мезі қылмайды, орынсыз килікпейді. Ол сәттілікке жаңа сәулет береді, ал ортақтасқан сәтсіздіктер өз уытын азайтады», — деген.
IV. Ән
«Достар» әні (орындаушы: Базарова Гүлзина).
V. Ситуациялық сұрақтар
1-топқа
Досыңмен бірге сабаққа келе жатырсың. Кенет жаңбыр жауды. Сенің үстіңде қалың киім мен плащ бар, ал досыңның үстінде жұқа киім. Сен қандай көмек көрсетер едің?
2-топқа
Сен қазақ тілі пәнінен үй тапсырмасын орындамай келдің. Сыныпта парталас досыңнан көшіріп отырып, оның қатесін байқап, өзің түзетіп жазып алдың. Мұғалім тексергенде сен «5», ал досың «4» алса, сенің әрекетің қандай болуы керек?
3-топқа
Қанат конькиін аулада қалдырып, үйіне тамақ ішуге кіріп кетті. Терезеден қараса, Марал оның конькиін теуіп жүр. Қанат ашуланып, жұдырығын түйіп сыртқа жүгіріп шықты. Қанаттың орнында сен болсаң, не істер едің?
VI. Мақал-мәтелді жалғастыр
Әр топ өзіне берілген мақал-мәтелдердің жалғасын тауып айтады.
1-топқа
- Дұшпан күлдіріп айтады, …
- Кемшіліксіз дос іздеген адам …
- Досы жақсының …
2-топқа
- Ақылсыз достан …
- Доссыз адам …
- Жақсы дос мың күндік, …
3-топқа
- Дұшпаннан бір сақтан, …
- Біреу жаныңа жолдас, …
- Жүз теңгең болғанша …
Ескерту: Бұл бөлімде жалғасы оқушылардың білім деңгейіне қарай толықтырылады.
VII. Ән
Ән орындау (орындаушы: Маратқызы Айша бибі).
VIII. Жылы тілек және сыйлық табыстау
Әр топ өз ішінде отырған аз қамтылған отбасы балаларына алдын ала әзірлеп келген сыйлықтарын табыстап, сыныптастарына және достарына жүрекжарды тілектерін айтады.
IX. Қорытынды
«Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз, жасыған жездей болып мойымаңыз. Сыр алмаған біреумен дос болам деп, сыр алған досыңыздан айрылмаңыз», — деп, бүгінгі «Досыма сыйлық» шарасы өз мәресіне жетеді.
Уақыт бөліп келгендеріңізге көп-көп рахмет!
Қорытынды сөз тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына беріледі.