Сабақтың мақсатын хабарлау
Сабақтар тақырыптары
- 1 Астана қаласы
- 2 Біздің Ту
- 3 Кім тапқыр (сайыс сабақ)
- 4 Қар қандай болады?
- 5 Тапқыр достар (сайыс сабақ)
- 6 Үй жануарлары
Пәні: Қазақ тілі
Сыныбы: мектепалды даярлық
Сабақтың тақырыбы: Біздің Ту
Бұл сабақта оқушылар мемлекеттік рәміздердің мәнін түсініп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы білімін тереңдетеді. Негізгі мақсат — рәміздерді қастерлеу мәдениетін қалыптастыру және патриоттық сезімді нығайту.
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Елтаңба, Ту, Әнұран туралы түсініктерін нығайту. Рәміздердің пайда болуы мен тарихтағы маңызы туралы ұғымдарын кеңейту.
2) Тәрбиелік
Оқушыларды Отансүйгіштікке, адамгершілікке, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу; Туды, Елтаңбаны, Әнұранды қастерлеп, құрметтеуге, өз халқының тегін және тарихын тануға баулу.
3) Дамытушылық
Есте сақтау қабілетін дамыту, өз ойын жүйелі әрі дұрыс жеткізуге ынталандыру.
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сабақтың типі
- Жаңа білім мен іскерлікті қалыптастыру
- Әдіс-тәсілдер
- Сұхбат, топтастыру, баяндау, ой шақыру
- Көрнекіліктер
- Рәміздерге байланысты түрлі-түсті суреттер
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу.
- Сыныпта жоқ оқушыларды анықтау.
- Сабақтың мақсатымен таныстыру.
II. Өткенді қайталау
«Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында әңгіме айтқызу.
«Отан» өлеңін сұрау.
III. Жаңа сабақ: Мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы
Мемлекеттік рәміздер көне замандарда ру-тайпаны қорғаушы деп есептелген тотемдік аң-құстардың бейнелерінен, сондай-ақ рудың, әулеттің мал-мүлкіне салынған ен-таңбаларынан бастау алған. Мыңдаған әскер соғыс майданында жаудан өз сарбаздарын ажырату үшін айырым белгілерін қолданған.
Ортағасырлық Батыс Еуропада бет-жүзіне дейін темір сауытпен қымталған рыцарьлардың кім екенін ажырату қажеттілігінен ақсүйектердің әулеттік таңбалары пайда болды. Бұдан да ертеректе көптеген көне қалалардың және қала-мемлекеттердің өз таңбалары болғаны тарихтан белгілі.
Б.з.б. III мыңжылдықта Шумер мемлекеттерінде арыстан басты қыран бейнеленген таңбалар қолданылған. Грекиядағы Афинының үкісі, Коринфтың қанатты пырағы, Родостың раушаны, Самостың тауыс құсы, Византияның екі басты қыраны — мемлекеттік рәміздер қатарына жатады.
Өзін көк бөрінің ұрпағымыз деп санайтын түркі жұрты бөрі басы бейнеленген көк байрақ ұстаған. Қазақ халқында да әр рудың мал-мүлікке салатын өз таңбасы болған. Соғыс кезінде әр рудың жасағы өз таңбасы салынған байрақпен хан туының астына жиналатын.
Маңызды тұжырым
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздері ресми түрде бекітілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — елдің негізгі мемлекеттік рәміздерінің бірі. Ол ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығымен (24.01.1996) белгіленген.
Сипаттамасы
Мемлекеттік ту — көгілдір түсті тікбұрышты мата. Ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Сабына жақын тұста ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ бар. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түсті.
Өлшемдік қатынасы
Тудың ені — ұзындығының жартысына тең.
Авторы
ҚР Мемлекеттік Туының авторы — суретші Шәкен Ниязбеков.
Тудың түстері мен белгілерінің мәні
Біртұтас көк-көгілдір түс бұлтсыз ашық аспанды елестетеді және Қазақстан халқының бірлік пен ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Геральдика тілінде көк түс адалдық, сенімділік, үміт сияқты адамгершілік қасиеттермен сабақтас.
Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі «аспан» деген ұғымды білдіреді. Түркі халықтары үшін көк түс — қасиетті ұғым. Осы тарихи-мәдени негізге сүйенсек, туымыздағы көгілдір түс халықтың жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниетінің тазалығы мен асқақтығын танытады.
Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күн — қозғалыс, даму, өсіп-өркендеудің және өмірдің белгісі.
Қанатын жайған қыран — еркіндіктің, биік мақсаттың, айбындылық пен кеңдіктің нышаны. Ұлан-ғайыр кеңістікте қалықтаған қыран Қазақстанның еркінсүйгіш рухын паш етеді.
Сөздікпен жұмыс
Жаңа сөздерді дұрыс айтуға дағдыландыру: мұғалім айтады, оқушылар қайталайды; кейін балалар сөздерді тізбектеп айтып шығады.
| Қазақша | Аудармасы |
|---|---|
| Рәміз | символ |
| Ту | флаг |
| Елтаңба | герб |
| Әнұран | гимн |
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрамыз,
Мойнымызды бұрамыз.
Қолымызды көтеріп,
Саусақты ашып-жұмамыз.
Одан соң төмен түсіріп,
Алақанды соғамыз.
Өлеңді жаттау
Енді бүгін өлген Туым тірілді,
Әнұраным жалғап алды ғұмырды.
Босағада қалып кеткен Елтаңбам,
Баяғыша төріме кеп ілінді.
Шығармашылық жұмыс
Ою-өрнектің суретін салу арқылы ұлттық нақышты тану және көркемдік талғамды дамыту.
IV. Сабақты бекіту
Қорытындылай келе, туған жерімізді, мемлекеттік рәміздерімізді және Отанымызды құрметтеуге әрдайым мән берейік. Патриоттық сезімді нығайту — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Туған жер — киелі ұғым. Әр қазақстандық оны құрметтеп, қастерлеуге тиіс екенін ұмытпайық.
Тілек
«Ел ерімен мақтанар, жер кенімен мақтанар». Елімізді қорғар ер-азаматтар, тәрбиелі ұл-қыздар көбейе берсін.
V. Бағалау
Сабаққа белсене қатысқан оқушыларды мадақтау және ынталандыру.