Абай ҚұнанбаевСабырсыз, арсыз, еріншек, Көрсе қызар, жалмауыз, Сорлы қазақ сол үшін, Алты бақан ала - ауыз
Абай Құнанбаев
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан ала-ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді,
Ол – арсыздық белгісі
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ қарғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады.
Бұл нең десе, біреуге
Жоқ нәрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса онысы,
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады,
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жаурап қатады.
Еңбегі жоқ еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
Пысық кім деп сұрасаң –
Қалаға шапса демалмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су.
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса қу ,
Қу нәпсісін тыя алмай,
Атым шығып жүрсін деп,
Берекеге қас болса,
Желіктірген айтаққа,
Арақ ішпей мас болса,
Ел тыныш болса азады,
Ерігіп өле жазады.
Үйде отырса салбырап,
Түзге шықса албырап,
Кісіні көрсе қылжаңдап,
Қалжыңшылсып ыржаңдап.
Өз үйінде қипаңдап,
Кісі үйінде күй таңдап,
Ақылы бар кісіні
Айбаттайды даттайды.
Ауқаты бап туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды.
Мал мен бақтың дұшпаны,
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтырып,
Кетер бір күн отырып,
Қызмет қылған кісісін
Құтыртуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекеті – әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?
Кімді ұялып аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзімде қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз –
Елдің жайы солай-ды.
Абайдың лирикалық өлеңдерінің тілі
Абай Құнанбаевтың өмірбаяны, ақындық жолы
Ақын мен жазушының үндестігін жас ұрпаққа насихаттау
Ұлттық педагогика тарихындағы А. Құнанбаевтың тәлім-тәрбие мұралары
Спандияр Көбеев - қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі
Ақын, ағартушы Абай Құнанбаев
Алғашқы Абайтанушылар
Шәкәрім Құдайберді шығармаларындағы мінез –құлықтың әлеуметтік- педагогикалық сипаттамалары
Ш.Құдайбердиев лирикасы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктерін, кейбір аффикстердің қызметін, бейнелегіш амал-тәсілдерін анықтау және талдау жасау
Бастауыш сыныпта Абай шығармаларын оқыту туралы
ДОМАЛАҚ АНА
Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауын тексерулерді ұйымдастыру мен жүргiзу ережесi
Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану
Бухгалтерлік есептің концепциялары мен принциптері
Екінші деңгейлі банктеріндегі валюталық операциялар
ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН туралы
Баланың мектепке келу мәселесі
Жаңа заман талабы