Табиғат көрінісін бейнелейтін жанр
Сабақ тақырыбы
Күзгі табиғат көрінісі
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларға жыл мезгілдерін еске түсіре отырып, күз мезгілінің ерекшеліктерімен таныстыру.
- Әр мезгілдің өзіне тән белгілері болатынын түсіндіру.
Дамытушылық
- Табиғат құбылыстарын бейнелеуде түрлі тәсілдерді меңгертуге дағдыландыру.
- Есте сақтау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік
- Эстетикалық тәрбие беру.
- Табиғат көріністерін бейнелеу арқылы бейнелеу өнерін және туған жер табиғатын сүюге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Әңгіме, баяндау, сұрақ-жауап, талдау.
Көрнекіліктер мен құралдар
Көрнекілік
- Түрлі түсті күзгі сурет-иллюстрациялар.
- И. И. Левитанның «Алтын күз» картинасы.
Оқушыға қажетті құралдар
- Альбом, қарындаш, палитра.
- Бояу, қылқалам.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу.
- Оқушыларды түгендеу.
II. Үй тапсырмасын сұрау
Өткен сабақтан алған білімді тексеру және ой қозғау мақсатында төмендегі қайталау сұрақтары қойылады:
- 1 Бейнелеу өнері неше түрге бөлінеді?
- 2 Графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер дегеніміз не?
- 3 Бейнелеу өнері түрлері орындау тәсілі мен мазмұнына қарай қандай жанрларға бөлінеді?
- 4 Адам келбетін бейнелейтін жанр қалай аталады? (Портрет)
- 5 Жансыз заттар мен бұйымдарды бейнелейтін көркем шығарма қалай аталады? (Натюрморт)
- 6 Табиғат көрінісін бейнелейтін жанр қалай аталады? (Пейзаж)
III. Жаңа сабақты түсіндіру
Негізгі сұрақтар
- Табиғат дегеніміз не? Табиғат — бізді қоршаған орта.
- Қазір жылдың қай мезгілі? Күз.
- Күз мезгілінде қандай өзгерістер болады? Жапырақтар сарғайып түседі, күн салқындайды, құстар жылы жаққа ұшады.
Картина бойынша әңгімелесу
И. И. Левитанның «Алтын күз» картинасы негізінде талқылау жүргізіледі:
- Суретші күздің қай кезеңін бейнелеген?
- Неліктен бұл мезгілді «Алтын күз» деп атайды?
- Суретші қандай көңіл күйді жеткізгісі келген?
Маңызды түсініктер
Әңгімелесу кезінде балалардың тек мазмұнды түсінуі ғана емес, суретшінің көңіл күйін сезінуі де маңызды. Осы арқылы оқушылардың күзгі табиғатты қабылдауы, өз ойы мен сезімін сурет арқылы жеткізе білуі, табиғат көрінісін бейнелеуде нені ерекше байқауы назарға алынады.
Негізгі ой:
Әр жыл мезгілінің өз уақыты және өзіне тән ерекшелігі бар. Адам мен табиғат — әрдайым егіз ұғым.
Табиғат — асыраушы әрі қамқор орта. Ата-бабамыздың «Жер — қазына, су — алтын, мал — байлық» деп өсиет айтуы тегін емес. Күнделікті ішіп-жейтін тағамымыз, киген киіміміз, оқитын кітабымыз, жазатын қағазымыз, мінетін көлігіміз, ауырғанда пайдаланатын дәріміз, тыныс алатын ауамыз, ішетін суымыз — мұның бәрі жомарт табиғаттың сыйы.
Күз көрінісін ерекше атап өтуге болады: жапырақтардың сарғайып, ақшыл реңкке енуі, жерге төгілуі кейде табиғаттың мұңлы күйін аңғартады. Сол мезетте тіршілік атаулы қысқа қамданады: егін орылып, өнім жиналады, жәндіктер індеріне қор жинайды, құстар жылы жаққа қоныс аударады. Мұның бәрі табиғат пен тіршіліктің өзара тығыз байланысын көрсетеді.
Осы бөлімнің қорытындысы ретінде оқушыларға «Күзгі табиғат көрінісі» тақырыбында сурет салу тапсырылады.
IV. Өзіндік жұмыс
Оқушылар күзгі табиғат көрінісін альбомға бейнелейді. Түстердің үйлесіміне, реңктердің ауысуына және композицияға назар аударады.
V. Қорытындылау
Сабақ соңында оқушылардың жұмыстары қаралып, әр оқушы өз суретіне қысқаша сипаттама береді: қандай мезетті таңдағанын, қандай түстерді қолданғанын және қандай көңіл күйді жеткізгісі келгенін түсіндіреді.
VI. Бағалау
Бағалау кезінде композицияның жинақтылығы, түстердің үйлесімі, жұмыс ұқыптылығы және тақырыпты ашу деңгейі ескеріледі.
VII. Үй тапсырмасы
Суретті аяқтап келу.