Идеяны жеткізетін тіл
Сабақ тақырыбы
Мағжан — сыршыл ақын.
Білімділік
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын таныту; ақынның суреткерлік қуаты, нәзік үні, таза жүректі жырларының ерекшелігі мен мәнін ашу.
Дамытушылық
Өлеңдердің эстетикалық-рухани құндылықтарын талдату арқылы ойлау қабілетін дамыту; негізгі идеяны, көркемдік жүйені танып, өзге құбылыстармен салыстыра білуге жағдай жасау.
Тәрбиелік
Поэзияға сүйіспеншілікке баулу; өзін-өзі бағалай білуге, эстетикалық талғамды қалыптастыруға ықпал ету.
Сабақ сипаттамасы
Түрі мен типі
- Сабақтың түрі
- Білімді бекіту
- Сабақтың типі
- Танымдық-шығармашылық
Әдіс-тәсіл, құрал, байланыс
- Әдіс-тәсілдер: талдау, жинақтау, мәнерлеп оқу, жатқа оқу, СТО, ішінара ізденіс, ой толғау.
- Көрнекілігі: слайд, интерактивті тақта.
- Пәнаралық байланыс: әлем әдебиеті, орыс әдебиеті, тіл білімі.
Пайдаланылған әдебиеттер
- А. Байтұрсынов, «Әдебиет танытқыш».
- «Бес арыс. Қазақ әдебиеті» (1991).
- А. Фет, В. Маяковский шығармалары.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сабақтың мақсат-міндеттерін айқындау, жұмыс форматын нақтылау және сыныптың оқу әрекетін ұйымдастыру.
2) Білімді жан-жақты тексеру
«Талапкер» ойыны
- Мағжанның туған жері.
- Мағжанның бабалары.
- Ақын дәріс алған молдалар.
- Қызылжар медресесінде қай молдадан дәріс алды?
- Қай жылдары Уфа қаласындағы медреседе оқыды?
- Татар халқының ұлы жазушысы кім еді?
- Қашан Міржақып Дулатовпен кездесті?
- «Бостандық туы» газетінде редактор болған жылы?
- Қай жылы Ташкентте қазақ-қырғыз институтында сабақ берді?
- Мәскеуде қай баспада аудармашы болды?
- 1929 жылы қай жерге жер аударылды?
- Досы болған башқұрт ақынды ата.
- Алғашқы жыр жинағы қалай аталады?
- Қандай поэмалары бар?
Мағжанның көркем сөз өрнегі
«Әдебиет идеясы өмірден туындайды. Идеяны жеткізетін — тіл. Ол суреткердің дүниетанымына сәйкес құйылады, саяси-философиялық, эстетикалық тұрғысына қарай өріледі. Тіл ғана пайдалы, басқасының міні жоқ деуге келмейді. Әдебиеттің бір ғана таптың меншіктеуіне көне бермейтіні көркем идеяның тек саяси көзқарастан туындай бермейтінінде болса керек».
Бұл ой поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, ұшқыр қиялға толы мұрасын кейінгіге аманат еткен Мағжан Жұмабаев шығармаларын талдауға жол ашады. Ірі суреткердің шеберлігі көбіне оның туындыларынан айқын көрінеді: Мағжан поэзиясындағы айқындауыш, бейнелі сөздер — ақын идеясының сөз арқылы сомдалған көрінісі.
Үндестік пен ықпал
Жиырмасыншы-отызыншы жылдары Мағжан жырлары орыс поэзиясының ірі тұлғаларымен, әсіресе Блок пен Есенин, Ахматова мен Цветаева, Мережковский поэзиясымен үндестік табады. Мағжанның көркем әлемінде еуропалық дәстүрдің де кең тынысы сезіледі.
Көркем бейне: «әдемі әйел» мотиві
Үзінді (идеал бейне)
Әдемі әйел — идеал
Әдемі әйел — бір қиял
Блоктың басын байлаған
Әдемі әйел — бір гүл,
Блок — бір бұлбұл
Үзінді (тағдыр иірімі)
Жұмақтағы жібек желден,
Мәңгі жайнап тұрған гүлден
Жаратылған әйел сұлу.
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты — ішіпті у.
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді…
Мағжан және байронизм
Мағжан — қазақ поэзиясына байронизм дағдысын алғаш енгізген ақындардың бірі. Байронизм — поэма жазудағы романтикалық дәстүрдің бір қыры. «Мені де, өлім, әлдиле» сияқты символистік әуезді өлеңдері сол дәуірдегі қазақ поэзиясы үшін тың құбылыс болды; бірқатар оқырман бұл мұңлы әуездің тереңін бірден тани алмады.
Дегенмен Мағжан қысқа ғұмырында оқырманын шошытатын дөрекі, қатыгез сарынға ұрынбайды. Ол дыбыстың соңынан жалаң қуып кетпей, дыбыстың ішінен мән іздейді; іздегенін табады.
Еуропалық және орыс поэзиясы мектебі
Мағжан үйренген орыс символистері мен сентименталистерінің артында Еуропаның таңдаулы ойшылдары мен қаламгерлері тұрды: Данте, Петрарка, Байрон, Верлен, Верхарн, Роллан, Аполлинер. Солардың ішінде Мағжанға ерекше жақын болғаны — француз ақыны Поль Верлен. Сондай-ақ нәзік жанды сыршыл ақын А. Фетті сүйіп оқығаны байқалады: Фет табиғат, адам өмірі, сұлулық пен махаббатты жырлаған орыс лирикасының озықтарының бірі.
Тіл көркемдігіне талдау тапсырмасы
Төмендегі өлең жолдарын көркемдік өрнектеріне қарай талдаңыз: эпитет, теңеу, метафора, қайталау, аллитерация сияқты тәсілдердің қолданысын анықтаңыз.
1)
Хор сипатты қарындас
Оттай сұлу, ыстық жас
Мен — көбелек, сен — бір шам
2)
Қою қара көк бұлт
Жайнап, ойнап, құлпырып
Көкшетауды тұр сүйіп.
3)
Ботакөз, сиқырлы көз
Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын
Гүлсім — күн, көкте ақырын жүзе біледі,
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!
4)
Махаббат — бір тікенек
Махаббат — бір тәтті у,
Ішер жүрек, төгер жас!
5)
Бүгін менің құшағымда кім болды?
Бүгін менің құшағымда Гүл болды
Бүгін түн маған алтын Күн еді,
Бүгін менің құшағымда Күн болды
6)
Келші, көзім, күн бетіңді көрейін
Сүйші, сәулем, тұншығып бір мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей
Жұлдызды — жүзік, Айдай алқа ғып берейін
Негізгі қорытынды түйін
Мағжан тілінің шырайлылығы — эпитет, теңеу, метафора, қайталау мен аллитерация сияқты құбылыстардың нәзік үйлесімінен көрінеді. Мұндай сөз өрнегі қазақ поэзиясында өлеңнің ішкі және сыртқы әуезін бірдей байытқан көркем жүйе жасайды.
Өлеңдердегі сұлулық пен тұнып тұрған көркемдік — ақынның дыбысқа ғана емес, мағынаға, сезім тереңіне жауапкершілікпен қарағанының белгісі.
Мағжанша жыр арнау (қорытынды ой)
Қорыта айтқанда, Абай қазақ поэзиясын әлемдік поэзия деңгейіне көтерсе, Мағжан осы деңгейді одан әрі биіктетті. Қазақ әдебиетінің кестесіне романтизмді күйше күмбірлетіп қосты.
Мағжан поэзиясындағы өзекті тақырыптардың бірі — өмір мен өлім, тіршілік пен ажал айқасы, екеуінің бетпе-бет келуі. Данте мен Гете сарындары, Байрон, Пушкин, Лермонтов әуездері, Блок, Фет, Мережковский ырғақтары түйісіп, тоғыса келіп, қазақ ақынының қайғысына қайғы қосып, жүрегін тербеткен жаңа, сыны, тосын күйлерді тудырды.