С дыбысы мен әрпіБілім беру саласы
«С» дыбысы мен әрпі: сауат ашу сабағына жоспар
Бұл материал мектепке дейінгі ұйымдағы сауат ашу іс-әрекетіне арналған. Жоспардың өзегі — балаларды «С» дыбысы мен «С» әрпімен таныстыру, дыбыстың айтылу ерекшелігін байқату және сөйлеу-ойлау дағдыларын дамыту.
Білім беру саласы
Қатынас
Бөлімі
Сауат ашу
Негізгі басымдық
Мнемокестемен жұмыс, логикалық ойлау
Мақсаттар
Білімдік
- «С» әрпімен таныстыру.
- «С» дыбысының айтылу ерекшелігін балалардың өзіне анықтатуға бағыттау.
Дамытушылық
- Қосып оқуға үйрету.
- Өткен дыбыстарды қайталату арқылы ойлау қабілетін жетілдіру.
- Қауіпсіздік ережесін сақтаудың маңызын түсіндіру.
Тәрбиелік
- Қоршаған ортаны сүюге, әсемдігін сезіне білуге тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар мен тілдік компонент
Көрнекі құралдар
- Алаңқай көрінісін жасауға арналған ойыншықтар: буындар жазылған сары гүлдер, сона, сиыр, жылан.
- Доп.
- Сирағы бар кішкентай тақта, оқуға арналған жылжымалы жолақтар.
- Мнемокесте.
Билингвальды компонент
- әріп
- буква
- ауызша
- устный
Сабақ барысы
1) Мотивациялық-қозғаушылық: «Жылулық шеңбері»
Достарым, кең тұрыңдар,
Бақыт сырын ұғыңдар.
Қол ұстасып, күлімдеп,
Шаттық шеңбер құрыңдар.
Балалар бір-біріне жылы сөз айтып, көңіл күйді көтереді. Бұл кезең сабаққа назарды шоғырландыруға көмектеседі.
2) Дидактикалық ойын: «Сөз ойла»
Мақсаты: өткен дыбыстарды қайталау және сөздік қорды белсендіру.
- Педагог бір дыбысты айтады да, допты бір балаға лақтырады.
- Допты алған бала сол дыбыстан басталатын сөзді ойлап айтып, допты тәрбиешіге қайтарады.
- Ойын осы ретпен жалғасады.
3) Ұйымдастырушылық-ізденістік: жаңа тақырыпқа кіріспе
Жұмбақ
Тырс-тырс етеді,
Құлағынан өтеді.
Педагог балалардың назарын суретке (алаңқай көрінісіне) аударып, сұрақ-жауап арқылы тақырыпқа жетелейді.
Педагог балалардан жазды сағынған-сағынбағанын сұрап, қиялмен жазғы алаңқайға «саяхаттауды» ұсынады. Балаларды топтың екінші шетіне, кілем үстіне бастап барады.
Үстел үстінде ойыншықтармен алаңқай бейнеленеді: өсіп тұрған сары гүлдер, жайылып жүрген сиырлар, гүлге және жерге қонып отырған соналар, елеусіз жерде жатқан жылан.
Сұрақ-жауап
- Алаңқайда өсіп тұрған гүлдердің түсі қандай?
- Қандай мал жайылып жүр?
- Ал мынау қонып отырған не?
- «Сары», «сиыр», «сона» сөздері қандай дыбыстан басталады?
Қорытынды: барлық сөздер [с] дыбысынан басталады.
4) Фонетикалық жаттығу және қауіпсіздік әңгімесі
Алаңқайға барайық,
Айналаға қарайық.
Жыландар кеп қалмасын,
Бізді шағып алмасын.
с — с — с — с — с — с
Педагог балалардың назарын жыланға аударады да, сыртта ойнағанда сақ болу керегін еске салады: жыландар қауіпті болуы мүмкін. Балалар жыланның шығаратын дыбысын тағы бір рет қайталайды.
5) Дыбысты дұрыс айту: айнамен жұмыс
Балалар айнаға қарап, [с] дыбысын қайталайды. Педагог дыбысты айтқан кездегі тілдің қалпына назар аудартып, бағыттаушы сұрақтар қояды:
- [с] дыбысын айтқанда тіліміз қандай қалыпта болады?
- Демек, [с] қандай дыбыс?
- [с] дыбысын қандай дөңгелекпен белгілейміз?
6) «С» әрпімен таныстыру
- Педагог балалардың жауаптарын қадағалап, «С» әрпін көрсетеді.
- Балалар әріпті ауаға «жазады».
- «С» әрпінің неге ұқсайтынын айтып, өз ойларын білдіреді.
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы
Балабақша тәрбиешісі: Умарова Самал Калижановна