Керей мен Жәнібек хандар
Тақырыбы: Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл
Мақсаты
Ертістен Еділге дейін созылған сайын даланы бір тудың астына ұйыстыруға ұмтылған тарихи кезеңді таныта отырып, 1465 жылы Шу өзенінің бойында алғаш «қазақ» атауымен Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуына байланысты білім алушыларға терең мағлұмат беру. Іс-шара барысында хандықтың құрылу тарихы, алғашқы хандары, белгілі билеушілері, халқы және халық болып қалыптасу үдерісі қамтылады. Негізгі мақсат — туған ел тарихына деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру.
Өту әдісі
Пресс-конференция форматында.
Ұйымдастыру сәті
Әділқазылар алқасы сайланып, баяндамашылардың жұмысына әділ баға береді.
Кіріспе сөз
Армысыздар, Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл тақырыбындағы пресс-конференцияға жиналған оқытушылар мен білім алушылар! Тарихтан белгілі: 1465 жылдар шамасында Керей мен Жәнібек Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығып, Шу мен Талас өзендерінің арасындағы өңірге қоныстанып, қазақтың туын көтерді.
«Қазақ» деп ұран тастағанда рухы көтеріліп, намысы оянған тайпалар бірігіп, Қазақ хандығының іргесін қалады. Бұдан кейін халқымыз талай сыннан өтті: азаттық үшін күресіп, нәубет пен зұлматты бастан кешті. Алайда мың өліп, мың тірілген қазақ ақыры тәуелсіздігін алды.
Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту — азаттыққа жол ашқан бабаларға көрсетілген құрмет, тарихи жадымызды жаңғырту, ұлттық бірліктің мәнін терең түсіну.
Поэтикалық өрнек
Түріктің бір бұтағы қазақ еді,
Қайсар мінез, өр еді, ғажап еді.
Жәнібек, Керей хандар басын қосып,
Өмірге келген еді қазақ елі.
Алтай мен Атыраудың арасында,
Жетісу — жеті өзеннің сағасында.
Бірігіп Ұлы, Орта, Кіші жүз боп,
Хандық құрды қазақ өз даласында.
Қорытынды
Құрметті ұстаздар қауымы және білім алушылар, бүгінгі іс-шараға қатысқандарыңыз үшін үлкен рақмет. Пресс-конференция қорытындысы бойынша үздік баяндамашылар марапатталады.
Марапаттау
І, ІІ, ІІІ орын иегерлеріне мақтау қағаздары тапсырылады.
Түйін сөз
Көк аспан түсіндей желбіреп байрағы,
Бір мүдде, бір мақсат алдына қойғаны.
Көк түрік отаны — бүгінгі қазақтың,
Тәуелсіз мәңгілік ел болу арманы.
Келгендеріңізге рақмет.