Қарым - қатынаста біз қандаймыз
Тренингтің бағыты мен мақсаты
Бұл тренингтің негізгі мақсаты — оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақсарту, адамгершілікке, шыншылдыққа, достыққа және тәрбиелік құндылықтарға баулу. Жаттығулар арқылы қатысушылар бір-бірін жақынырақ танып, ортада өз ойын ашық айтып, еркін пікір бөлісуге және қорқынышты жеңуге үйренеді.
Қарым-қатынас туралы ой
Әр адам — өмірге келген қонақ. Өмірдің мәнді, мағыналы, мазмұнды өтуі үшін адамдардың бір-біріне сыйластықпен қарағанынан артық не бар? Бүгінгі тренинг қарым-қатынасты құра білудің үлкен өнер екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Қарым-қатынас дегеніміз не?
Қарым-қатынас — адамдардың бір-бірімен білім, еңбек, сезім, жан дүниесі туралы ашылып сөйлесуі. Дәл осы үдеріс арқылы біз өзгенің жақсы қасиеттерін байқап, қолдау мен түсіністікке жол ашамыз.
Ұйымдастыру кезеңі
Күлімдеп күн бүгін,
Қарады маған да.
Күлімдеп мен бүгін,
Қарадым саған да.
Шуақпен төгіп нұр.
Жаттығулар мен ойындар
«Мен қандаймын?» ойыны
Балалар шеңбер құрып тұрады. Ортаға бір орындық қойылады. Әркім кезекпен орындыққа отырады. Қалған оқушылар «Ол қандай?» деген сұраққа жауап ретінде отырған ойыншының бойындағы жақсы қасиеттерін тізбектеп айтады.
Ойын соңында қатысушы өзіне қысқаша мінездеме береді: «Менің ойымша, мен…»
Көңіл күй туралы әңгіме
Көңіл күйіміз әртүрлі жағдайларда өзгереді. Мысалы:
- Көңілді болғанда…
- Ренжігенде…
- Қорыққанда…
- Қуанғанда…
- Таң қалғанда…
«Ашулы шар» тәжірибесі
Оқушыларға шар беріледі. Бірінші жағдайда шарды үрлеп, аузын байлап жарып жібереді. Екінші жағдайда шарды қайта үрлеп, ішіндегі ауаны жайлап шығарады.
Талдау
Біздің көңіл күйіміз де шар сияқты: ашу-ызаны бір сәтте түгел «жарып» жіберсек, ол айналамыздағы адамдармен қарым-қатынасқа зиянын тигізуі мүмкін. Жақсы қарым-қатынас үшін ең алдымен сабыр қажет.
Сергіту сәті: «Бумба – Юмба»
Біз «Бумба – Юмба» тайпасының қоршауына түсіп қалдық делік. Ол тайпаның дәстүрі бойынша амандасу ерекше: бір-біріміздің мұрындарымызды жайлап үйкейміз және арқамызды түйістіреміз.
Психогеометриялық фигураны таңдау
Шарт: әр оқушы өз таңдаған фигурасының нені білдіретінін және неге дәл сол фигураны таңдағанын түсіндіреді.
Талдау
- Төртбұрыш
- Қабілеті бар, алдына қойған мақсатына жететін, басқарушылық қыры басым адамдар.
- Үшбұрыш
- Еңбекқор, төзімді, өз ісінің шебері; бастаған жұмысын соңына дейін жеткізетін жандар.
- Тіктөртбұрыш
- Жаңа идеяға жақын, білуге құмар, ізденгіш адамдар.
- Шеңбер
- Ең мейірімділердің бірі: өзгенің қайғысын да, қуанышын да бөлісуге дайын жандар.
- Ирек сызық
- Шығармашылық қабілеті басым, үнемі ізденісте жүретін адамдар.
«Сын сағаты» сұрақтары
- Сабақта «2» алып қалдыңдар. Ұстазың да, анаң да қатты ренжіді. Осы жағдайды қалай түсіндірер едің?
- Мектепке жаңа доп алып келдің. Ойнап жүріп досың добыңды жарып қойды. Не істейсің? Үйдегілерге не айтасың?
«Менің досым» қозғалмалы ойыны
- Бір қадам досымызға (1 қадам алға).
- Бір қадам өзімізге (өз орнымызға қайта келеміз).
- «Сен менің досым» (оң жақтағы көршіні құшақтаймыз).
- «Сен де менің досым» (сол жақтағы көршіні құшақтаймыз).
- «Бәріміз доспыз!» (алақан жылуымен бір-бірімізге тілек айтамыз).
Қорытынды ой
Ұлы Абай қара сөзінде: «Қашан баланың ғылым-білімге махаббаты оянғанда, ол адам бола бастайды. Оның адам болғанына үш түрлі нәрсе себеп болады: жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбы-құрдас», — дейді.
Ендеше, бір-бірімізге мейіріммен қарап, сыйластықты күшейтіп, жақсы қарым-қатынасты бірге қалыптастырайық.
Қош сау болыңыздар!