Сендерді көрсем қуанам
Сабақ жоспары
Тақырыбы
«Әке мен бала» — Ы. Алтынсарин (презентациямен)
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Үнтаспа
- Ы. Алтынсариннің портреті
- Суреттер
Сабақтың мақсаты
- Білімділігі: Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы білімді қалыптастыру.
- Дамытушылығы: тыңдай білу, әңгімелей білу дағдыларын, сөздік қорын және тілін дамыту.
- Тәрбиелілігі: үлкенді тыңдауға, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Жылулық шеңбері
Амансың ба, алтын күн!
Амансың ба, жер ана!
Амансың ба, достарым!
Сендерді көрсем қуанам.
Өткен тақырыпқа шолу
Ойын: «Табиғат құбылысы»
Ойын арқылы оқушылардың байқампаздығын арттырып, өткен материалды еске түсіру.
Ой қозғау: Ыбырай Алтынсарин туралы
Тұлға туралы қысқаша мәлімет
- Қостанай облысында дүниеге келген.
- «Әліппе» жазған.
- Балалар әдебиетінің атасы.
- Алғаш мектеп ашқан ағартушы ұстаз.
- Жазушы.
Бағыттаушы сұрақ
Ыбырай Алтынсариннің еңбегі не үшін маңызды деп ойлайсыңдар?
Идея: білім, еңбек, тәрбие және адамгершілік құндылықтарын насихаттау.
Мәтінмен жұмыс: «Әке мен бала»
Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу қайтып келе жатады. Жолда жатқан аттың ескі тағасын көріп, баласына: «Анау тағаны, балам, ала жүр», — дейді.
Бала: «Сынып қалған ескі тағаны алып не қылайын?» — деп қарсы болады. Әкесі үндемей, тағаны өзі алып, жүре береді.
Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен. Әкесі соларға барып, жаңағы тағаны үш тиынға сатып жібереді.
Аздап жүрген соң, шие сатып отырған адамдардан сол үш тиынға бірталай шие алады. Шиені орамалына түйіп, өзі біртіндеп жеп, баласына қарамай, жайлап жүре береді.
Бір кезде әкесінің қолынан бір шие жерге түсіп кетеді. Артынан еріп келе жатқан бала қызығып келе жатқан екен, жерге түскен шиені лезде көтеріп алып, аузына салады.
Біраздан соң тағы бір шие, одан кейін тағы бір шие түседі. Бала әр жолы еңкейіп, жерден көтеріп жей береді. Осылайша ол он шақты рет еңкейеді.
Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен ұсынып: «Көрдің бе, мана тағаны жамансынып, жерден бір-ақ рет иіліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең — көптен де құр қаласың» , — дейді.
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрамыз,
Екі қолды созамыз.
Оңға, солға бұрылып,
Бір отырып, бір тұрып,
Сәл тынығып аламыз.
Ой толғау
«Ұяшық таңдау» ойынына сұрақтар
- Шығарма не туралы?
- Баланың істеген ісі дұрыс па?
- Әкесі дұрыс істеді ме? Неліктен?
- Сендер әкелеріңнің тілін аласыңдар ма?
- Қорытынды: мәтіннен қандай сабақ алдыңдар?
Қорытынды
Әке
- Үлкен кісі.
- Тағаны көтеріп алады.
- Ақылды, тапқыр адам.
- Шие сатып алады.
- Еңбектің қадірін түсіндіреді.
Бала
- Жас бала.
- Тағаны алғысы келмейді.
- Еріншектік танытады.
- Өзі еңбек етіп табуды ойламайды.
- Сабақтың мәнін түсінеді.
Негізгі ой
Кішкентай істі қиынсынбай орындау — үлкен қиындықтың алдын алады. Азға қанағат етуді үйренген адам еңбектің де, уақыттың да қадірін біледі.