Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі - ауа

Тәрбие сағаты Экологиялық тәрбие Құндылықтар

Тақырып: «Табиғатты аялайық!»

Мақсаты

  • Оқушылардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік құндылықтары туралы түсінігін кеңейту.
  • Шығармашылық қабілетін, жақсылық жасай білу дағдыларын және ойлау мәдениетін дамыту.
  • Өз ойын еркін әрі анық жеткізуге үйрету.
  • Табиғатты қорғауға, елін-жерін сүюге, мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелеу.
  • Табиғат-Ананы сүйіспеншілікпен қадірлеуге жетелеу.

Көрнекі құралдар

  • Интерактивті тақтаға әзірленген слайдтар.
  • Табиғат туралы нақыл сөздер.
  • «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша дайындалған бейнефильм.

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім әуен ырғағымен өлең оқиды.

Өлең жолдары

Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаны жайсаң жаратылған өлкемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным,
О, туған жер, тамашасың, көркемсің!

Кең дала көресің сонау жатқан,
Жібектей жасыл шөппен бетін жапқан.
Асқар тау, айдын шалқар көл мен өзен —
Әне сол анам еді мені тапқан.

Ойласаң, табиғат пен адам — егіз,
Жылдың сол мезгілінен өзге неміз?
Табиғатсыз қоғам жоқ, болған емес,
Ал қоғамсыз табиғаттың өзі де өлі.

Табиғаттың бауырысың, досысың,
Аянбау да керек шығар дос үшін.
Екеуіңнің араңдағы байланыс
Өмірбақи үзілмесін, қосылсын.

Сабақтың бағыты

Бүгінгі «Табиғатты аялайық!» іс-шарасында біз қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік туралы түсінігімізді тереңдетеміз, табиғатты сүюді және қорғауды үйренеміз. Табиғатпен сырласып, оны түсінуге талпынамыз. Ең бастысы — Табиғат-Ананың мейірімінен өнеге аламыз.

Табиғатпен амандасу

Табиғат — адамзаттың ғана емес, күллі тіршіліктің ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, алтын бесігі. Ол — сұлулықтың таусылмас көзі. Сондықтан сабағымызды табиғатпен амандасудан бастаймыз.

Хормен

Қайырлы күн, күнім, далам, орманым,
Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім.
Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер,
Қайырлы күн, бар тіршілік иесі!

Табиғат дегеніміз не?

Балалар, табиғат дегеніміз не? Оған нелер жатады? Оқушылардың жауабы: ауа, су, өсімдіктер, хайуанаттар, құстар, балықтар және басқа да тіршілік иелері.

Саяхаттың бірінші аялдамасы

«Тіршілік атаулының бар арманы — ауа».

Негізгі ой

Ауа — тіршіліктің өзегі. Адам ауасыз бар болғаны 1–2 минут қана шыдай алады. Сондықтан халқымыз «ауадай қажет» дейді.

Оқушы сөзі: Ауа — өмір өзегі

Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі — ауа.

Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат — алатын дем қымбат.

Неліктен ауа мәселесі өзекті?

Расында да, ауадан қымбат еш нәрсе жоқ. Бірақ ауамыздың қаншалықты таза екеніне толық жауап беру қиын. Мысалы, Семей қаласының үстінен қою тұман тәрізді түтін қабаты жиі байқалады: автокөліктерден, зауыттар мен фабрикалардан шыққан қалдықтар ауаның мөлдірлігін төмендетеді.

Сонымен қатар 1949 жылдан бастап Семей даласында жүргізілген ядролық сынақтар табиғатқа ауыр зардап әкелді: улы газдар ауаға тарады, сол ауамен тыныстаған көптеген адам түрлі дертке шалдықты. Табиғат-Ананы ренжіту — өзімізге зиян келтірумен тең.

Үндеу

Ей, адамдар! Табиғат-Ана сендерге тыныстау үшін ауаны сыйлады, өйткені ол мейірімді. Ендеше оның сенімін ақтайық: ауаны ластамайық.

Болмасын ауа ешкімнің арман-мұңы,
Ауадан асқан жан жоқ жалғанда ұлы.
Ойлашы, кімге керек боламыз біз,
Жұтудан таза ауаны қалған күні.