Бата арқылы жақсы сөз, тілек айтуға үйрету

Сабақ жоспары • Бастауыш сынып

Астанаға ақ бата (Дихан Әбілев)

Бұл сабақта халқымыздың асыл мұрасы — бата туралы білім кеңейтіліп, бата сөздерінің мағынасы мен идеясы ашылады. Оқушылар бата жинақтауға, мәнерлеп айтуға, жақсы тілек білдіруге машықтанады және Отанға деген сүйіспеншілігі нығаяды.


Сабақтың мақсаты

  • Бата туралы білімді дамыту, бата сөздерінің мағынасы мен идеясын ашу.

  • Бата сөздерді жинақтауға, асыл сөзді түсінуге, мәнерлеп айтуға жаттықтыру.

  • Бата — ата-бабадан қалған мирас екеніне сенімді арттыру, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын ұғындыру.

  • Жақсы сөз айтып, ізгі тілек білдіруге үйрету; Қазақстанды сүюге, Отан патриоты болуға тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

Оқушылар топпен жұмыс жасауға, сыни ойлауға, мәтін мазмұнын талдап, бата ерекшелігін ажыратуға дағдыланады.

Қажетті көрнекіліктер

Түсті қағаздар Маркерлер Стикерлер Қосымша дереккөздер А3 қағазы Аудиожазба Суреттер

Сабақтың барысы

1) Психологиялық тренинг

Армысыздар, балалар!
Сабаққа дайынбыз ба?
Әдебиет — сөз өнері,
Сай келейік талапқа.
Үйден дайындық бар ма —
Дұрыс тапсырамыз ба?
Оқымасақ уайымдап,
Тығылмайық қуысқа.
Ойымызды айтайық,
Білімімізді байқатайық!

2) Үй тапсырмасын пысықтау: «Рас па?» стратегиясы

  1. 1. Бірінші байлық — денсаулық. Иә.
  2. 2. Ақша — байлық. Жоқ.
  3. 3. Бесінші байлық — ақ жаулық. Иә.
  4. 4. «Жеті ата» — баланың (тақырып/ұғым) екені рас па? Талқылау.
  5. 5. Екі саны — киелі сан. Жоқ.
  6. 6. «Жеті ата» — Әсия Біржанқызының өлеңі. Иә.
  7. 7. 7 саны — киелі сан. Иә.

3) Қызығушылықты ояту

Мәтін 1

Дәулет берсең, қайырлы қып бер,
Қыз берсең, қылықты қып бер.
Ат берсең, жүрісті қып бер,
Бала берсең, ырысты қып бер.

Мәтін 2

Екі досты айырған
Түбінде өзі оңбайды.
Көреген болса балаңыз,
Қиынды көзбен болжайды.
Өзіңнен туған ұл мен қыз
Сыйламаса — сол қайғы.

Талқылау сұрақтары:

  • Қайсысы бата? Неліктен солай ойлайсың?
  • Бата дегеніміз не?

4) Мағынаны тану: автор туралы

Дихан Әбілев (1907) Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Жеті жылдық бастауыш мектепті бітірген. 1934–1937 жылдары Семей ауылшаруашылық техникумында, кейін Алматыдағы журналистер институтында оқыған. Жастайынан алғыр болып, өз бетімен білім алуға ұмтылған.

5) Жаңа тақырып: «Астанаға ақ бата»

Мәтін

Таңғажайып, дарқан да алып жеріміздің нақ ортасы — кіндігесің, Астана!
Тәңірден тыныштық сұраған, өмірден ырыс-құт сұраған еліміздің баспанасы — түндігісің, Астана!
Күйші домбырасының күмбірі, ақын жүрегінің сыңғыры да сенсің, Астана!

Тұтас еліңді қуантқан, алыстан мейман шұбатқан — тұсаукесер тойыңда айтылмас тілек болар ма?
Батагөй шалдың ниеті жүрекке барып қонар ма?

О, Астана — ақ қала, жаңа қала, жас қала!

Өріп шықсын өзіңнен бақыт, байлық, бастама!
Көрген өмір азабын алақандай қазағың еркіндесін, ел болсын: беттен қақпа, жасқама!
Еңсең өссін күн санап, елің өссін жыл санап.

Шығармасын есіңді, қайтармасын сесіңді — уақыт деген құмсағат.
Алла жар боп алдыңнан аппақ күнің лауласын,
Дос-туысың көп болып, жақындассын жауласың!

О, Астана, айналдық! Біздің соққан жүрек — сен.
Қадамыңа нұр жаусын ақ батадан, тілектен!
Әумин!

Мәтінмен жұмыс сұрақтары:

  • Ақынның қандай сезімдері байқалады?
  • «Жақындассын жауласың!» деген жолды қалай түсінесің?
  • Батаның ерекшелігі мен айырмашылығы неде?

6) Сергіту сәті

Ән: «Астана — арман қала»

7) Ой толғаныс: топтық жұмыс

I топ

Астанаға бата-тілек жазу:
«Астана — арман қала, әлемге таныла бер. Әлемге атың шығып, көркейіп, гүлдене бер!»

II топ

Астана туралы өлең құрастыру (үлгі):
Астана — арман қала,
Көк-жасыл орман қала.

III топ

Астананың бір бейнесін салып, түсіндіріп беру.

IV топ

«Бата» сөзінің мазмұнын топтастыру (кластер): түрлері, қолданылатын орындары, тілектің мәні.

8) Үй тапсырмасы

  • Үлкен кісілерден білетін баталарын сұрап, жазып келу.
  • «Астанаға ақ бата» мәтінінен бата жолдарын жаттау.

9) Қорытындылау және бағалау

Сабақ соңында оқушылардың мәтінді түсінуі, бата ерекшелігін ажыратуы, топтық жұмысқа қатысуы және өз ойын жүйелі жеткізуі бойынша қорытынды жасалады.