Кішкентай сүйек

Оқу іс-әрекеті Түстер • Пішіндер • Үлкен/кішкентай Үй жануарларына қамқорлық

Материал балабақшаның екінші кіші тобына арналған. Мақсат — балалардың түстер мен пішіндерді ажырату дағдыларын дамыту, «үлкен» және «кішкентай» ұғымдарын бекіту, сондай-ақ үй жануарларына сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін тәрбиелеу.

Мақсаты

Білімділік

  • Заттардың түсі мен пішінін ажырата білуге үйрету.
  • «Үлкен» және «кішкентай» сөздерінің мағынасын түсіндіру.
  • Пішіндерді мұқият орналастыру дағдысын бекіту, білімін жетілдіру.

Дамытушылық

  • Балалардың тілін және ойын дамыту.
  • Қол мен саусақ моторикасын дамыту.

Тәрбиелік

  • Балаларды сүйіспеншілікке, үй жануарларына қамқор болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер мен ресурстар

Әдіс-тәсілдері

  • Көрсету
  • Түсіндіру
  • Қызықты сәт
  • Қимылды ойын

Көрнекіліктер

  • Үлкен және кішкентай үйшіктер
  • Сүйек (муляж/карточка)
  • Ит пен күшіктің суреті
  • Пішіндер: төртбұрыш, үшбұрыш, дөңгелек

Сөздік жұмыс

Сүйек

Билингвальды компонент

Итсобака

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Тәрбиеші: «Балалар, бүгін бізде ерекше күн. Бүгін бізге қонаққа апайлар келіп отыр. Қане, бәріміз шеңбер құрып, апайлармен амандасайық».

Шаттық шеңбері

Арайлап таң атты, Алтын сәуле таратты. Жарқырайды еліміз, Жарқырайды жеріміз. Қайырлы таң, балалар, Қайырлы таң, қонақтар, Сәлеметсіздер ме!

Тәрбиеші балаларды мақтап, орындарына отырғызады.

2) Күз туралы әңгіме

Тәрбиеші: «Қазір жылдың қай мезгілі?»

Балалар: «Күз мезгілі».

Тәрбиеші: «Күз мезгілінде күн қандай болады?»

Балалар: «Күн салқын болады».

Тәрбиеші: «Не жауады?»

Балалар: «Жаңбыр жауады».

Тәрбиеші толықтырады: «Ағаштың жапырақтары сарғайып, жерге түседі. Құстар жылы жаққа ұшып кетеді. Жемістер мен көкөністер піседі».

3) Қызықты сәт: Иттің келуі

Дыбыс:

«Әуп-әуп-әуп!» — иттің үргені естіледі.

Тәрбиеші: «Сәлеметсіз бе, Ит! Неге жылап келдің? Бізге айтып берші».

Иттің жауабы

«Сәлеметсіздер ме, балалар! Сендер қандай әдемісіңдер! Маған ешкім тиген жоқ. Мен тоңып қалдым: күн салқын, ал менің тұратын үйім жоқ. Қарным да аш».

Тәрбиеші: «Жылама, Ит. Біздің балалар саған көмектеседі. Балалар, көмектесеміз бе?»

Балалар: «Иә, көмектесеміз!»

4) Негізгі бөлім: Үйшік құрастыру (пішіндер мен түстер)

Тәрбиеші: «Бізге үлкен Ит қонаққа келді. Ал иттің баласын күшік дейміз».

Қабырға

Төртбұрыш

Түсі: сары

Төбе

Үшбұрыш

Түсі: жасыл

Есік

Дөңгелек

Түсі: қызыл

Тапсырма

«Мен үлкен итке үлкен үйшік жасап беремін. Ал сендер алдарыңдағы кішкентай күшікке кішкентай үйшік құрастырып беріңдер».

5) Сергіту сәті

Ит: «Қандай тамаша! Енді бәріміз сергіту жаттығуын жасайық. Меніңмен бірге ән айтып, билегілерің келе ме?»

Сергіту жаттығуы орындалады («Бала-бала балақан» әні).

6) Тамақтандыру: «Сүйек»

Ит: «Рахмет, балалар! Көңілім көтерілді. Бірақ қазір қарным ашты».

Сөздік жұмыс

Балалармен бірге сөзді қайталау: «Сүйек».

Ереже

  • Үлкен ыдыстағы сүйек — үлкен итке.
  • Кішкентай ыдыстағы сүйек — күшікке.

7) Тақпақтар мен ән

Балалар ит пен күшік туралы тақпақ айтып, «Күшігім» әнін орындайды.

Исхамет

Күшігім менің, күшігім, Үй күзетер пысығым. Үргені де шамалы, Тамақ берсең болғаны.

Ислам

Күшігім менің саққұлақ, Келеді әне шапқылап. Сақтықтығыңды көрейін, Қойшы атайға берейін.

Шахназ

Ойыншығым — күшігім, Сүп-сүйкімді, жұп-жұмсақ. Шіренгені болмаса, Отырғандай ұл жұмсап.

Иттің ризашылығы

«Рахмет, рахмет! Сендер мен туралы тақпақ та, ән де біледі екенсіңдер!»

8) Қимылды ойын: «Үйшігіңді тап»

Тәрбиеші: «Балалар, ойын ойнағыларың келе ме? Ит те бізбен бірге ойнасын».

Ойын ойналады: балалар белгі бойынша өз «үйшігін» табады (үлкен/кішкентай ұғымдарын бекіту).

9) Қоштасу

Ит: «Тамаша, балалар! Сендер маған көмектестіңдер. Енді кетуім керек: күшіктерім сағынып қалған шығар. Сендердің үйшіктеріңе барып демаламын — енді тоңбаймын. Сау болыңдар!»

Тәрбиеші: «Балалар, итке “Сау болыңыз!” деп айтайық».

Қорытынды сұрақ-жауап

Қайталау

  • Қонаққа не келді? — Ит.
  • Ит қандай? — Үлкен.
  • Итке не жасадық? — Үйшік.

Пішіндер мен түстер

  • Қабырға: төртбұрыш, түсі сары.
  • Төбе: үшбұрыш, түсі жасыл.
  • Есік: дөңгелек, түсі қызыл.

Үлкен/кішкентай және қоректендіру

Үлкен ит

Үлкен үйшік • Үлкен сүйек

Күшік

Кішкентай үйшік • Кішкентай сүйек

Тәрбиеші қорытындылайды: «Өте жақсы! Бүгінгі оқу іс-әрекетіне белсенді қатысқандарыңа көп рақмет».