Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері
Сабақтың мақсаты
Балаларға халқымыздың аты аңызға айналған даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы туралы мағлұмат беру; батырдың азаматтық болмысын, ерлік істерін таныту және қанатты сөздерімен таныстыру. Оқушылардың бойына патриоттық сезім қалыптастырып, Отанды сүюге тәрбиелеу; батырдың биік тарихи тұлғасын тереңірек тануға ықпал ету; оның өнегелі өмірі мен ерлігін бүгінгі ұрпаққа кеңінен үлгі ету.
Көрнекіліктер
- Бауыржан Момышұлының портреті
- Кітап көрмесі
- Слайд материалдары
- Қанатты сөздер топтамасы
Сабақ барысы
Бірінші оқушының сөзі (Қарт Бауыржан рөлінде)
Қарттықтың екі елі ажырамайтын бір тірлігі – ой. Ой үстінде қалғып-мүлгу… Қалғу – менің тұлпарым, ұйқы – менің желмаям. Көзім ілініп кетсе, жаһан кезіп серуендеп, шаршағанымды оянғанда бір-ақ сезем. Алайда қайда қашып құтыласың… Тәтті дәмің таусылмай, көз жұмбайсың. Бірақ көп жасап, қатарымнан айрылып, жетім болғым келмейді. Өзімнен кішілерге топырақ салғыза көрме, тағдырым…
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі «Ер есімі ел есінен кетпейді» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз. Бұл кездесуде кешегі естен кетпес отты жылдарда, Екінші дүниежүзілік соғыста жанқиярлықпен күрескен әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болар ерліктері туралы әңгімелейміз.
Бауыржан Момышұлы – елі үшін ерен ерлік жасаған, өнегелі ұрпаққа үлгі болып қалған ұлы тұлға. 1941–1945 жылдардағы соғыста қаһармандығы мен қайсарлығы, әскери басшылықтағы шеберлігімен әйгіленіп, атақ-даңқы майданға да, бүкіл елге де тарады.
Өмір жолы
Оқушының баяндауы
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар 80 мен 100-дігімді, тарихтың түкпірінен сөз келгенде…» — деп жазған батыр Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында дүниеге келген.
Балалық шағы мен білім жолы
Анасы Рәзия ерте қайтыс болады. Бауыржан әжесі мен әкесінің тәрбиесінде өседі. Әкесі Момыштың және көкесі Момынқұлдың үлгі-өнегесі оның бойына жақсы қасиеттердің ұялауына ықпал етті. Көкпар, бәйге, күрес, асық, ақсүйек, садақ ату сияқты ұлттық ойындарды тамашалап, өзі де ойнап өседі.
Ауылда сауатын ашып, кейін Әулиеатадағы Аса интернатында үш жыл бастауыш сыныпта оқиды. Интернат ауласында балалармен бірге дене шынықтырып, күресіп, белтемірге тартылып, шымырлана түседі.
Еңбек және әскери қызмет
Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болады. Кейін әскери міндетін өтеуге шақырылып, бір жарым жыл қызмет атқарып, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына оралған соң, бірнеше жыл қаржы мекемесінде жұмыс істейді.
Артынша қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, әртүрлі әскери бөлімдерде взвод және рота командирі қызметтерін атқарады.
Соғыс жылдарындағы ерлігі
1941 жылы соғыс басталғанда, Бауыржан генерал-майор И. В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, батальон және полк командирі болды. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарды.
Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандығы және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түсіп, бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шықты. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кезеңнің өзінде-ақ аңызға айналды.
Соғыстан кейінгі еңбегі және шығармашылығы
Бауыржан Момышұлы соғыстан кейін Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналысып, әскери академияда сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шығып, біржола шығармашылыққа бет бұрады.
Ол қазақ және орыс тілдерінде қатар жазып, өмірінде көрген-білгенін шығармаларына арқау етті. Өмір шындығына негізделген романдары, әңгімелері мен повестері қалың оқырманның іздеп оқитын туындыларына айналды. Оның ерлігі туралы орыс жазушысы А. Бек «Волоколамское шоссе» («Арпалыс») повесін жазып, шығарма кейін бірнеше тілге аударылды.
Батыр бірнеше орден-медальмен марапатталды. Кеңес Одағының Батыры атағы оның халық жүрегіндегі бағасына сай уақыт өткен соң берілгені де – тарихи шындық.
Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері
Нақыл сөздер
- Намысты нанға сатпа.
- Опасызда Отан жоқ, Отанда опасызға орын жоқ.
- Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
- Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет.
Ой-толғамдар
Тарихты білу керек. Дәстүр, әдет-ғұрып аспаннан түскен жоқ. Өткенді білмесең, бүгінді қалай түсінесің?
Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады… Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік.
Тіл – қай халықтың болмасын кешегі және бүгінгі ғана тағдыры емес, ертеңгі де тағдыры. Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес.
Бауыржанға арналған өлеңдер
Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылы, М.С. Бабажанов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп. Габдуллина Гүлнар Сакенқызы.