Жылулық шеңбері
Сабақтың тақырыбы: 3 саны мен цифры
Бұл сабақ 3 санының құрамын түсіндіруге, 3-ке дейін толықтыруға, мәні 3-ке тең қосындыларды және оларға кері айырмаларды құрастыруға бағытталған. Сонымен бірге оқушылардың логикалық ойлауын, тура және кері санау дағдыларын, есептеу жылдамдығын, есте сақтау қабілетін дамыту көзделеді. Сабақта достыққа, тапқырлыққа және өзара көмекке тәрбиелеу де назарда болады.
Сабақтың әдістері
Түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын.
Көрнекіліктер
Сандар кассасы, оқулық, суреттер, сандар, интерактивті тақта.
Негізгі дағдылар
Тура/кері санау, қосу-азайту, логика, ұқыптылық.
Сабақтың мақсаттары
-
1) Білімдік
3 санын екі санның қосындысы түрінде көрсету; 3-тен кем санды 3-ке дейін толықтыру; мәні 3-ке тең қосынды және оған кері айырма құрастыру.
-
2) Дамытушылық
Логикалық ойлауды, тура және кері санауды, есептеу дағдыларын, есте сақтау қабілетін дамыту.
-
3) Тәрбиелік
Ауызша жылдам есептеуге, тапқырлыққа, достыққа және өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.
Сабақтың құрылымы
- I Ұйымдастыру кезеңі
- II Өткен сабақтарды еске түсіру (дидактикалық ойындар)
- III Жаңа сабақты меңгеру (жұмбақ есеп, мұғалім түсіндірмесі, тақтамен жұмыс, сергіту, логикалық тапсырмалар, дәптермен жұмыс)
- IV Қорытынды және мадақтау
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық сәт: «Жылулық шеңбері»
Балалар бір-біріне жылулық сыйлап, шеңбер бойымен жүріп, тақпақты хормен айтады.
Шашы – алтын, көзі – от,
Шыға ғой, Күн, тезірек.
Шуақ берші, жылу бер,
Маған да, оған да, досыма,
Тағы, тағы, тағы да!
Оқу құралдарын дайындатып, партада дұрыс отыруын қадағалау.
II. Өткенді еске түсіру: дидактикалық ойындар
Ойын: «Сан тастамақ»
Алты баланың алдына 0, 1, 2 сандары тасталады. «Сандарды ретімен санаңдар» дегенде, балалар ретімен тұрып шығуы керек.
Қалған балалар 0-ден 2-ге дейін кері кему ретімен санайды: 2, 1, 0.
Ойын: «Кім тапқыр?»
Тақтаға сандар ілінеді де, жетіспей тұрған санды табу сұралады.
Мысал: 0, 1, 2 — жоқ саны: 3.
III. Жаңа сабақты меңгеру
Ой шақыру
«Балалар, көңілімізді көтеріп, жұмбақ есептерді шығарып жіберейік!»
Жұмбақ есеп 1
Гүлдерге кеп күнара,
Қонушы еді 1 ара.
Бүгін 2 туысын,
Ертіп келіпті бұл ара.
Барлығы қанша ара?
Жауабы: 3
Жұмбақ есеп 2
Мұз айдында 1 бала,
Асыр сап жүр сырғанай.
Сырғанамай 2 бала,
Жағалауда тұр қарай.
Санап айтсақ, ойланбай.
Жауабы: 3
Бүгінгі тақырыбымыз — 3 саны мен цифры. Қазақ халқы 3 санын киелі деп білген. Халық даналығында үш арыс, үш сауап, үш жүз, үш жұрт, үш мақсат сияқты тұрақты тіркестер жиі кездеседі.
Тақтамен жұмыс: қосу және азайту
Тура және кері санау
Тура санау: 0, 1, 2, 3
Кері санау: 3, 2, 1, 0
Сұрақтар
- Суретте неше аң берілген?
- Қай аң қай баспалдақта тұр?
Логикалық тапсырмалар
1-тапсырма: «Ойласаң, ойлар жетелер»
Марат Қайраттың сол жағында отыр. Қайрат Серіктің оң жағында отыр. Қай бала қайда отырғанын көрсет.
2-тапсырма: «Кім ұқыпты, кім шапшаң»
Үш вагонға аңдарды орналастыр.
Сергіту сәті
Біз жаздық, біз жаздық,
Саусақтарды қозғадық.
Бір, екі, үш —
Демаламыз жинап күш.
Дәптермен жұмыс
- 3 санын дәптерге жазу.
- 3 цифрын ауада жазу.
- 3 цифрын екі жолға толықтырып жазу.
3-тапсырма: «Ойлан тап»
Берілген үш матрешканың гүлі мен бантигін сәйкестендір.
4-тапсырма
Аяқталмай қалған үш сөйлемді аяқта.
5-тапсырма: «Бояулар сыр шертеді»
Берілген үш хайуанаттың қорегін ғана бояп шық.
6-тапсырма: «Ойнай да біл, ойлай да біл»
Үш айырмашылықты тап.
Қорытынды және мадақтау
Сабақты қорытындылау сұрақтары:
- Нені білдік?
- Нені үйрендік?
- Бүгінгі сабақтан қандай қорытынды түйдік?
Соңында балалар өз жетістігін бағалап, бір-біріне жылы сөз айтып, белсенді қатысқандар мадақталады.