Мұғалімнің міндеті баланың қиялын, ойын белгілі мақсатқа бағыттай білу
Шығармашылықтың мектептегі орны
Мектепті үздік бітірген мыңдаған оқушының өмірмен бетпе-бет келгенде икемсіз, дәрменсіз болып шығатын кездері аз емес. Сондықтан оқушының шығармашылық мүмкіндігін ашу, оған бағыт-бағдар берудің қыр-сырын танып, оқыту жүйесіндегі мәнін, орнын, заңдылықтарын және жолдарын нақты айқындау маңызды.
Шығармашылықтың түрлері көп. Біздің назарымыз — сөз өнері. Сөз өнері адамның шексіз мүмкіндігін ашатын қасиетімен құдіретті. Қазіргі таңда мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық әлеуетті талап етеді. Бұған қоса, адам өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез икемделіп қана қоймай, оларды қажет бағытына шығармашылықпен бұра білуге тиіс.
Түйін: ертең қазақ мектебін бітірген жас ұлан қоғам алдында дәрменсіздік танытпау үшін кез келген салаға қажетті білік-дағдының негізін мектептен алуы керек. Ал білім іргетасы бастауыштан қаланады.
Шығармашылық үдерістің 3 сатысы
1-саты
Таным- Жаңаны, өзгеше тың дүниені сезе білу
- Шығармашылық ойды талдауға бейімділік
- Танымдық қызығушылық
2-саты
Қиял- Интуиция
- Шығармашылық қиял
- Әдемілікті сезіне білу
- Сөз ұшқырлығы
- Батылдық
3-саты
Нәтиже- Өзіндік сын
- Бастаған істі аяғына дейін жеткізу
- Дәлел мен дәйектеме ұсына білу
- Ойды жеткізудің тиімді формаларын табу
Төменгі сынып оқушысының ерекшеліктері және мұғалім міндеті
Қиялдың тұрақсыздығы
Төменгі сынып оқушылары талай дүниені қиялында қиыстыра алғанымен, қиялы тұрақтап, бір образды немесе сюжетті ұстап тұра бермейді: алдын ала ой, идея, мақсат бірден тумайды. Ой-қиял тұрақсыз болғандықтан, оны әр тапсырма айналасында тұрақтандыру қиын.
Мұғалім міндеті: баланың қиялы мен ойын белгілі мақсатқа бағыттай білу. Сонда ғана әсерлі образ туады.
Шығармашылықты ойын ретінде қабылдау
Төменгі сынып оқушылары шығармашылыққа өте белсенді болғанымен, оны көбіне ойын ретінде қабылдайды.
Ұсыныс: әдеби жаттығулар мен тапсырмаларды ойын үлгісінде ұсыну тиімді.
Істі аяқтаудағы шыдамсыздық
Төменгі сынып оқушылары бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге жиі шыдамсыздық танытады.
Педагог міндеті: баланы үздік-создық фантазияға емес, көлемі шағын болса да, мазмұны жеңіл, композициясы тұтас аяқталған туындыға жетектеу.
Өзіндік сынның әлсіздігі
Төменгі сынып оқушыларында өзіндік сын әлсіз: олар көбіне үлкендердің сыни пікіріне сүйенеді.
Не қажет: педагогикалық көрегендік. Мұғалім қателікті дәл тауып, оны оқушыға түсінікті түрде дәлелдей білуі тиіс.
Шығармашылыққа баулудың тиімді түрлері
Оқушының өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыруда сыннан өткен төмендегі тәсілдер жиі нәтиже береді:
- Тақырып мазмұнына сай жинақтау
- Белгілі бір тақырып төңірегінде пікірталас ұйымдастыру
- Сөзжұмбақ құрастыру және шешу
- Шығарма, шағын әңгіме, мәтін құрастыру
- Әңгіменің ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыру, бөліктерге бөлдіру, тақырып қойдыру
- Қиялдау арқылы сурет салдыру, рөлге бөліп оқыту
- Ұнатқан кейіпкеріне қатысты мазмұнға кері әңгіме құрату
- Мазмұндама түрлерін жаздыру
- Орындары ауысқан сөздерді орнына қойдыру
Оқытудың жаңа технологиялары және мұғалім шығармашылығы
Еліміздің білім саласында оқытудың жаңа технологияларының бірнеше түрі қолданылуда. Ұстаздардың шығармашылығын, іскерлігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған шығармашылық топтар да бар. Олар:
- Вариативті — стандарттан тыс жұмыс істейтін мұғалімдер
- Тұрақты — күнтізбелік жоспармен жүйелі, жан-жақты жұмыс
- Репродуктивті — кітаптағы білімді қайталау
- Проблемалық — зерттеуге бағдарланған мақсат
- Инновациялық — жаңашылдыққа сүйенген тәсілдер
Инновациялық бағыттағы тәжірибе
Бізде инновациялық (жаңашылдық) бағытымен жұмыс істейтін мұғалімдерден топ құрылды. Олар түрлі тиімді әдістемелерді қолданады: М.Жанпейісованың модульдік оқытуы, Қараевтың деңгейлеп-саралап оқытуы, «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау», интерактивті оқыту, «Тәй-тәй» бағдарламасындағы орталыққа бөліп оқыту тәсілі және т.б.
Дамыта оқытуда белсенді әдістердің бірі ретінде кеңінен қолданылып жүрген бағдарламалардың қатарында Сорос–Қазақстан қорының ұйымдастыруымен енгізілген «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағыты бар. Бұл бағдарламаның ерекшелігі — адам бойындағы шынайы таланттың айқындалуына нақты жол ашуы.
Нәтиже және қорытынды ой
Өз тәжірибемде «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасына сүйене отырып сабақ өткіземін. «Тәй-тәй» бағдарламасының орталыққа бөліп оқыту әдістерін таңдауыма оқушыларымның жас ерекшелігі және ауыл жағдайына үйлесімділігі себеп болды.
Мәтінмен жұмыс істеу мен ана тілі сабақтарында оқушының сөйлеу және жазу тілін, сөздік қорын дамыту мақсатында осы әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдандым. Соның нәтижесінде 2010 жылы өткен «Зерде» ғылыми жоба жарысында оқушым Гран-при иеленді. Бұл — тек мектеп пен ата-ананың ғана емес, бүкіл өңірдің ортақ қуанышы деп білемін.
Әріптестерге өсиет
Ұлы Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас — еңбегің кетпес заяға» деген өсиеті ұстаз еңбегінің темірқазығы бола береді.