Оқушыларға мейірімділік туралы айту

Сабақ барысы

Бұл жоспар «Өзін-өзі тану» сабағында жүрек жылуын сезіндіру, сүйіспеншіліктің мәнін өмірлік мысалдар арқылы ашу және оқушылардың ішкі мәдениетін нығайтуға бағытталған.

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Оқу құралдарын тексеру (5 зат).
  • Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену» (баяу әуен қосылады).

II. Үй тапсырмасын тексеру

№23 сабақтағы В. Осееваның «Жай ғана әжей» мәтіні бойынша сұрақтарға жауап алу:

  1. Абзалдың орнында сен болсаң, не істер едің?
  2. Абзалдың бойынан қандай қасиеттерді байқадыңдар?
  3. Өмірлеріңде осыған ұқсас оқиға болды ма?

III. Түйінді ой

Сүйіспеншілік — сырттан іздейтін емес, жүректен бастау алатын күш. Ол адамды мейірімді етеді, ойды тазартады, әрекетті ізгілікке бағыттайды.

Мұғалімнің сыйы: «Ғажайып түс» (ертегі)

Төрехан Н. Т.

Бірде Арман түс көреді. Түсінде оның дене мүшелері өзара таласады.

Бас:

«Мен бәрін басқарамын. Менде көз, ауыз, құлақ, мұрын бар. Мен болмасам адам ештеңені көрмейді, естімейді, иісті сезбейді, сөйлей алмайды, тіпті аштан өлер еді».

Мойын:

«Егер мен болмасам, сені әрі-бері, жан-жаққа кім бұрар еді?»

Қол:

«Егер мен болмасам, жүк тасу, тамақ дайындау, кір жуу, үтіктеу, жазу, сурет салу, түрлі аспапта ойнау қиынға соғар еді».

Кеуде:

«Ал мен ше?! Егер мен болмасам, адам болар ма еді? Мойын сен қайда қалар едің? Қол-аяқ, сендер ше?»

Аяқ:

«Сендер біздің арқамызда мектепке, дүкенге, киноға барасыңдар. Күні бойы жүгіреміз, сонда да рақмет айтпайсыңдар».

Бұл айтыстың қалай аяқталатыны Арманға қатты қызық көрінеді, бірақ дәл ең шиеленіскен жерінде ол оянып кетеді.

Талқылау сұрақтары

  1. Арманның орнында сен түс көрсең, түсің қалай аяқталар еді?
  2. Сенің ойыңша, адамда ең басты мүше қайсы?

Жүректі тыңдау

Көзімізді жұмып, тыныштықта жүрегімізді тыңдап көрейік. Жүрек бізге мынаны еске салады:

  • Жақсылықты ойла.
  • Жақсылыққа қара.
  • Жақсылықты есті.
  • Жақсылықты айт.
  • Жақсылықты істе.

Бақытқа бастар жол — осы. Мұның бәрін жүрекпен қалау керек, ал оған қол жеткізуге барлық мүшеміз де көмектесе алады.

Шығармашылық және топтық жұмыс

Оқушылар 3 топқа бөлініп, әр тақырып бойынша «Бес жолды өлең» құрастырады.

I топ

«Сүйіспеншілік»

Бес жолды өлең құрастыру.

II топ

«Бақыт»

Бес жолды өлең құрастыру.

III топ

«Қайырымдылық»

Бес жолды өлең құрастыру.

Топпен ән айту

«Бала тілегі»

Сөзі: С. Молдасанұлы · Әні: Ф. Жолдасова

Үй тапсырмасы

24-сабақ: 92–95-беттердегі М. Сүндетовтің «Қайырымдылық» әңгімесін оқу.

Соңғы тыныштық сәті

Жай әуен ойнап тұрады. Еркін әрі ыңғайлы отырып, көзімізді жұмамыз. Бүгінгі сабақты ой елегінен өткізейік: сүйіспеншілік, жанашырлық, мейірімділік деген сөздерді естігенде ойымызға не келеді?

Сүйіспеншілік — тіршіліктің негізгі тірегі. Ол өмірдің сәні мен мәнін келтіретін нұр. Ендеше, сол сүйіспеншілікті жүрегімізге ұялатып, басқалармен бөлісе білейік.

Жайлап көзімізді аша аламыз.

Бүгінгі сабақ үшін үлкен рақмет!

Автор туралы

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Мерген орта жалпы білім беретін мектебінің «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі — Кажгалиева Салтанат Оразовна.