Мынау маймыл
Сабақтың тақырыбы
«Сусындар. Қандай?» — орыс мектебінің 2-сынып оқушыларына арналған сабақ жоспары (слайдпен жұмыс).
Сабақтың түрі
Ойын элементтері арқылы білімді қорыту және жүйелеу.
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, дидактикалық ойындар, диалог, жазбаша және ауызша жұмыстар, жеке және жұптық жұмыс, суретпен жұмыс.
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта, суреттер, тапсырмалар, слайдтар.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- «Азық-түліктер» тақырыбы бойынша білімді пысықтау.
- Алдыңғы сабақтарда меңгерген сөздерді түрлі жағдаятта қолдануға үйрету.
- Мәнерлеп оқу, ойды жүйелі жеткізу дағдыларын қалыптастыру.
- Қазақ тіліне тән дыбыстардың дұрыс айтылуы мен жазылуына назар аударту.
Дамытушылық
- Жаңа сөздер арқылы сөздік қорды молайту.
- Өз бетімен сөйлем құрауға үйрету.
- Жазбаша тапсырмаларды сауатты орындау дағдыларын дамыту.
- Дүниетаным мен ауызекі сөйлеу тілін жетілдіру.
Тәрбиелік
- Қазақ тілі пәніне қызығушылықты арттыру.
- Мәдениеттілікке тәрбиелеу.
- Нанның қасиеті туралы тәрбиелік мәні бар әңгіме ұйымдастыру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
1) Сыныпты ұйымдастыру
- Амандасу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа дайындықтарын тексеру.
2) Тіл дамыту (айтылым)
Сұрақ: Қазір жылдың қай мезгілі?
Жауап: Қазір жылдың қыс мезгілі.
Сұрақ: Қыс айларын ата.
Жауап: Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
Сұрақ: Қазір қай ай?
Жауап: Қазір қаңтар айы.
Сұрақ: Қыста ауа райы қандай болады?
Жауап: Суық болады, қар жауады, аяз болады.
Сұрақ: Қыста адамдар қалай киінеді?
Жауап: Жылы киінеді.
3) Суретпен жұмыс (тыңдалым, айтылым)
Тақтаға қыс тақырыбына арналған плакат ілінеді. Бір оқушы қыс туралы әңгімелейді.
Сұрақ: Қыста қандай мейрамдар бар?
Жауап: Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл.
Сұрақ: Жаңа жылда адамдар қайда барады, не алады?
Жауап: Дүкенге барады, азық-түлік алады.
II. Үй тапсырмасын тексеру
1) Жаңа сөздерді тексеру (диалог-ойын)
«Мұғалім мен оқушы» ойыны арқылы азық-түлікке қатысты сөздер бекітіледі: бір оқушы тақтаға шығып, мұғалім рөлінде диалог жүргізеді.
— Мынау не?
— Мынау — шұжық.
— Мынау нан ба?
— Жоқ, бұл — ірімшік.
— Нан қандай?
— Нан — жұмсақ.
— Кәмпит қандай?
— Кәмпит — тәтті.
2) Мақал-мәтел, тақпақ (айтылым)
Сұрақ: Балалар, ең басты тағам қандай?
Жауап: Ең басты тағам — нан.
Мақал-мәтелдер
- Ас атасы — нан.
- Дастарқанда нан болмаса, тамақта мән болмас.
Тақпақ («Нан иісі»)
Нанды шашпа, Аяғыңмен баспа. Жерде жатса көтеріп, Торғайларға таста.
Тәрбиелік сұрақтар
Нанды шашуға бола ма?
Нанды аяқпен басуға бола ма?
3) «Азық-түлік дүкенінде» рөлдік ойын (тыңдалым, айтылым)
2–3 оқушыдан шығарып, «Дүкенде» ойынын ойнайды: сатушы мен сатып алушы рөлдерін сомдайды. Әдептілік пен кезек сақтау дағдылары талқыланады.
Сұрақ: Қыз өз кезегін әжеге берді. Бұл дұрыс па?
Талқылау: Мұндай оқушыны мәдениетті, ізетті деп атаймыз.
Сұрақ: Азық-түлік ағзаға қажет. Ал біз тағы несіз өмір сүре алмаймыз?
Жауап: Сусыз. Суды ішеміз, тамақ пісіреміз, жуынамыз.
III. Жаңа сабақ: «Сусындар. Қандай?»
1) Жаңа сөздер (тыңдалым, айтылым, жазылым)
Сөздік
- Сусындар
- Напитки
- Шырын
- Сок
- Жылы
- Теплый
- Суық
- Холодный
- Ыстық
- Горячий
- Тәтті
- Сладкий
- Жұмсақ
- Мягкий
- Дәмді
- Вкусный
- Тоңазытқыш
- Холодильник
Оқу және бекіту
Буынға бөлу
су-сын-дар, шы-рын, жы-лы, су-ық, ыс-тық, тәт-ті, жұм-сақ, дәм-ді, то-ңа-зыт-қыш
Назар: «Қандай?» сұрағына жауап беретін сөздер.
Сөз тіркестері мен сөйлемдер
- Жылы сүт, суық су, ыстық шай.
- Бүгін күн суық.
- Мен шырын сатып алдым.
2) Мәтінмен жұмыс (тыңдалым, оқылым)
Мынау — азық-түлік дүкені. Дүкен кең, таза, жарық. Дүкенде нан, май, қант, шұжық, ірімшік сатылады. Сусындар бөлімінде шырын, су, сүт, айран сатылады. Салқын сусындар тоңазытқышта тұрады.
3) Суретпен жұмыс (сұрақ-жауап)
— Бұл не?
— Бұл — дүкен.
— Бұл қандай дүкен?
— Бұл — азық-түлік дүкені.
— Дүкен қандай?
— Дүкен — үлкен, жарық.
— Дүкенде нелер сатылады?
— Дүкенде азық-түліктер мен сусындар сатылады.
— Қандай сусындар сатылады?
— Су, шырын, айран сатылады.
— Сусындар қайда тұр?
— Сусындар тоңазытқышта тұр.
Сергіту сәті
Дүкенге біз барамыз, Қолға сөмке аламыз. Кәмпит, айран, шырынды Алып үйге қайтамыз.
4) Тапсырмалар
Топтау
Суретте берілген заттарды топтап айтыңдар (айтылым).
Дәптермен жұмыс
137-бет, 4-тапсырма (жазылым).
Тірек кесте
«Қандай?» сұрағына жауап беретін сөздерді атап, тірек кестені толтырыңдар.
5) Бекіту: «Пальма» ойыны
Оқушылар тапсырмаларды орындаған сайын «банандарды» пальмаға іледі. Ойын сұрақтары арқылы жаңа тақырып бекітіледі.
Ойынға кіріспе сұрақтары
- Мынау не? (Мынау — маймыл.)
- Маймыл қайда отыр?
- Маймыл нені жақсы көреді?
- Маймылдың қолында не бар? Неше банан бар?
Негізгі бекіту сұрақтары
- Сусындар қайда сатылады?
- Шай қандай болады?
- «Сладкий» сөзінің аудармасы қандай?
- «Жұмсақ» сөзінің аудармасы қандай?
- Сүттің түсі қандай?
- Кәмпиттің дәмі қандай?
IV. Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы
- Жаңа сөздерді жаттау.
- Мәтіннің мазмұнын айту.
Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, айтылым белсенділігі, жазылым тапсырмасының орындалуы және ойын барысындағы жауаптары бойынша бағаланады.