Әдеп мәдениетіне тәрбиелейтін ырымдар мен тыйым сөздер
Сабақ: «Ырым-тыйымдар» (6-сынып)
Ырым-тыйымдар — қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан тәрбиелік жүйе. Бұл сабақта оқушылар ұлттық құндылықтарды танып, тілдік дағдыларын дамытып, әдеп пен жауапкершілікке баулиды.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: ырым-тыйымдар арқылы адамгершілік құндылықтарды анықтау, тәрбиенің көзі ретінде қолдану, ұлағатты сөздерді жас ұрпақ санасына жеткізу.
- Дамытушылық: сөздік қорды байыту, тіл дыбыстарын дұрыс айтуға жаттықтыру; тыңдау, сөйлеу, оқу, жазу дағдыларын дамыту.
- Тәрбиелік: ырым-тыйым сөздерін құрметтеуге, қайырымдылыққа, әдептілікке, сыйластыққа тәрбиелеу.
Сабақ туралы
- Сабақтың түрі
- Жаңа сабақты меңгерту
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап, талдау, жаттығу
- Көрнекіліктер
- Кітап, үлестірме парақша, интерактивті тақта, суреттер
Негізгі идея
Ырым-тыйымдардан біз тек әдет-ғұрып пен наным-сенімнің ізін ғана көрмейміз. Ең бастысы — күнделікті өмірде қауіп-қатерден сақтандыру, мәдениетті мінез қалыптастыру, табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпке үйрету сияқты практикалық тәрбиелік мәнін танимыз.
Ескерту: Кейбір ырым-тыйымдар көне шамандық, тәңірлік наным-сенімдердің ізі ретінде байқалуы мүмкін. Дегенмен оларды ұлттық болмыстан бөле қарастыруға болмайды.
Сабақтың құрылымы
I. Ұйымдастыру
- 1 Оқушылармен сәлемдесу.
- 2 Сабаққа қатысуды тексеру.
- 3 Зейінді сабаққа шоғырландыру.
- 4 Оқушыларды 2 топқа бөлу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Алдыңғы сабақ «Үлкенге құрмет» тақырыбына арналды. Оқушылар 2 топқа бөлініп, деңгейлік тапсырмалар орындады:
- 1-топ: мақал-мәтел жаттау.
- 2-топ: өлең жолдарын жаттау.
Бүгінгі сабақта да жұмыс осы екі топпен жалғасады.
III. Жаңа сабақ: Ырым-тыйымдар
Бұған дейін үлкенді құрметтеу, сыйластық көрсету туралы түсініктерді бекіттік. Енді жаңа тақырып — ырым-тыйымдар. Дәптерді ашып, тақырыпты жазып аламыз.
1-тапсырма: Мәлімет айту
Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесі салт-санамызда, әдет-ғұрпымызда, тұрмыс-тіршілігімізде кең көрініс тапқан. Олар арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттен тыю, қауіп-қатердің алдын алу, дұрыс әрекетке бағыттау көзделеді. Ырым-тыйымдар ұлттық тәрбиенің өзегі ретінде бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.
Тыйым сөздер мазмұны мен мақсатына қарай: тұрмыстық-шаруашылық, еңбек, мәдени-гигиена, экологиялық тәрбие және әдеп мәдениетіне баулу бағыттарына бөлінеді.
Мысалдар: Тақырыпты нақтылау
Мәдени-гигиеналық мағына
- Шелектегі суға аузыңды салма.
- Саусағыңды аузыңа салма.
- Бас киіммен ойнама.
- Таңдайыңды қақпа.
- Басыңды шайқама.
- Шашыңды аяқ астына тастама.
- Жағыңды таянба.
Экологиялық тәрбие
- Жалғыз ағашты жұлма.
- Көкті жұлма.
- Малды теппе.
- Суға дәрет сындырма.
- Құстың ұясын бұзба.
- Су шашып ойнама.
2-тапсырма: Суретпен жұмыс
Оқушыларға суреттер көрсетіледі. Әр суретте қандай ырым-тыйым бейнеленгенін анықтап, сипаттап айтады.
3-тапсырма: Топтық жұмыс
Әр топқа жеке тақырып беріледі. Топпен талқылап, жазғандарын постер ретінде тақтаға іліп, оқып береді.
1-топ: Тұрмыстық-шаруашылық
- Нан үстіне зат қойма.
- Нанды бір қолыңмен үзбе.
- Нанды лақтырма.
- Сүтті төкпе.
- Сыпырғышты тік қойма.
- Отқа түкірме.
- Тұзды баспа.
2-топ: Әдеп мәдениеті
- Үлкеннің алдын кеспе.
- Адамды айналма.
- Кемтар адамға күлме.
- Адамға қарап түкірме.
- Жаман, бұзақы сөзге ерме.
- Үлкеннің жолын кеспе.
- Анаңа зекіме — азабын тартасың.
- Барды «жоқ» деме — барың жоқ болады.
4-тапсырма: «Тізбек» ойыны
Әр топқа шашыраңқы берілген тыйым сөздерді дұрыс құрастыру тапсырылады.
1-топ
- Нанды бір қолмен үзбе.
- Пышақтың жүзін жалама.
2-топ
- Бас киіммен ойнама.
- Пышақты шалқасынан қойма.
5-тапсырма: Дара сөздерді табу
Берілген сөздер ішінен дара сөздерді теріп жазып, толық морфологиялық және сөз құрамына талдау жасалады.
Берілгендер
Мектептер, ата-ана, АҚШ, сөз, тасбақа, мәдениет үйі, қаламдары, бір-бірден, ҚР, ырым-тыйымдар, бес, мақал-мәтелдер.
Дара сөздер
- мектептер
- сөз
- қаламдары
- бес
Үлгі талдау
- Сөз — зат есім, негізгі, дара, жалпы, дерексіз.
- Бес — сан есім, негізгі, дара, есептік сан есім.
Осы дара сөздермен сөйлем құраңыздар.
6-тапсырма: Мәтін және диалог
Оқушыларға сурет беріледі. Сурет бойынша:
- 1-топ: мәтін құрайды.
- 2-топ: диалог құрастырады.
7-тапсырма: Сөйлемдерді толықтыру
Төмендегі қажетті сөздерді орнына қойып, сөйлемдерді толықтырып жазыңыздар.
Керекті сөздер
- 1) Бас киімді тебуге, киюге, теріс киюге болмайды.
- 2) Кір киімді ашып қоюға болмайды.
- 3) Нан аса қасиетті деп есептеледі.
- 4) Құстардың ұясын бұзуға болмайды.
- 5) Сауылған сүттің бетін лақтыруға болмайды.
- 6) Адамды айналма.
IV. Сабақты бекіту
Сабақты қорытындылау және өткен тақырыптарды қайталау мақсатында «Сұрақтар салынған қорап» ойыны ойнатылады.
Талқылау сұрақтары
- 1Дара сөздер дегеніміз не?
- 2Қандай ырым-тыйымдарды білесіз?
- 3«Нанның үгіндісін аяқпен баспа» деген сөз неге айтылған?
- 4Қазақ халқы қонақты қалай күтеді?
- 5Бізге ырым-тыйымдардың қажеттілігі бар ма?
- 6Сіз үлкендерге қалай көмектесесіз?
Кері байланыс
Оқушыларға әртүрлі көңіл күйді білдіретін смайликтер таратылады. Таңдау арқылы бүгінгі сабақтың әсері мен түсіну деңгейі анықталады.
Бұл тәсіл мұғалімге сабақ қарқынын, тапсырмалар күрделілігін және келесі сабаққа қажет қолдауды нақтылауға көмектеседі.
V. Үй тапсырмасы
- 5 дара сөз таңдап, сол сөздермен сөйлем құрау.
- Таңдалған дара сөздерге толық морфологиялық талдау жасау.
VI. Бағалау
Оқушылардың топтық жұмысқа қатысуы, жауаптарының дәлдігі, тілдік нормаларды сақтауы және тапсырмаларды орындау сапасы негізінде бағаланады.
Автор туралы мәлімет
Атырау облысы, Атырау қаласы. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Иманғалиева Айдана Жексенқызы.