Сұрап алған аурудың емі табылмас
Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылы. М–С. Бабажанов атындағы ЖОББ мектебі. Темрешова Эльмира Таировна.
Салауатты өмір — көтеріңкі көңіл
Денсаулық — адамның ең қымбат байлығы. Ол өмір сүрудің негізгі тірегі ғана емес, көңіл күйдің, еңбекке қабілеттіліктің, рухани үйлесімнің де бастауы.
Мақсаты
- Білімділік: жас ұрпаққа денсаулықтың қымбат әрі өмір үшін қажетті, бағалы байлық екенін түсіндіру.
- Тәрбиелік: денені шынықтыруға, шымыр да шапшаң, ұқыпты да жинақы, талғампаз әрі талапшыл, таза әрі әдемі болуға тәрбиелеу.
- Дамытушылық: сын тұрғысынан ойлауды, шығармашылық қабілетті дамытып, сөйлеу шеберлігін жетілдіру.
Көрнекілік және формат
Көрнекіліктер
- Нақыл сөздер жазылған плакаттар
- Суреттер
- Карточкалар
- Тірек-сызба
Сабақ түрі
Тәрбие сағаты сайыс форматында өтеді: оқушылар үш топқа бөлініп, тапсырмаларды кезең-кезеңімен орындайды.
Кіріспе және ұйымдастыру
Бүгінгі «Салауатты өмір — көтеріңкі көңіл» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Психологиялық тренинг
Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен.
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық.
Сұрақ 1
Адамның көңілді болуы неге байланысты?
Жауап: Дені сау адамның көңілі шат болады, ол өзін бақытты сезінеді. «Денсаулық — зор байлық». Денсаулық болса, бәрі болады.
Сұрақ 2
Деніміз сау болу үшін не істеуіміз керек?
- Спорт: спортпен дос болу, таңертең жаттығу жасау.
- Қозғалыс: аулада жүгіру, белсенді өмір салтын ұстану.
- Тәртіп: күн тәртібін сақтау, тазалыққа мән беру.
Негізгі ой
Денсаулық — жанның, тәннің және рухани ішкі дүниенің үйлесімі. «Денсаулық — табиғи заңдылық, ал ауру — кездейсоқтық». Сондықтан ауырғаннан гөрі, денсаулықты сақтап, алдын алу әлдеқайда жеңіл.
Сайысқа бөліну
Сабақ сайыс түрінде өтетіндіктен, оқушылар үш топқа бөлінеді:
1-топ: Шымыр
Ұраны: «Шынықсаң, шымыр боларсың»
2-топ: Денсаулық
Ұраны: «Денсаулық — ел байлығы»
3-топ: Сымбат
Ұраны: «Сымбатты болу өз қолыңда»
I бөлім — Таныстыру
Әр топ өздерін таныстырып, ұрандарын айтады.
II бөлім — Денсаулық туралы мақал-мәтелдер
Оқушылар денсаулық тақырыбындағы мақал-мәтелдерді кезекпен айтып жарысады:
- 1-оқушы: «Сұрап алған аурудың емі табылмас.»
- 2-оқушы: «Көзің ауырса — қолыңды тый. Ішің ауырса — аузыңды тый.»
- 3-оқушы: «Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық — ақ жаулық, үшінші байлық — он саулық.»
- 4-оқушы: «Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі.»
- 5-оқушы: «Жан ауырса — тән азабы, қайғы басса — жан азады.»
- 6-оқушы: «Жалқаулық — жаман ауру.»
III бөлім — Карточкамен жұмыс
Әр топқа карточкалар беріліп, тапсырмалар орындалады. Жауаптар тыңдалып, талқыланады.
1-карточка
«Денсаулық себетіне» пайдалы, дәрумені мол жеміс-жидек пен көкөністердің суреттерін жинап, таңдауыңды түсіндір.
2-карточка
Қандай ұлттық спорттық ойындарды білесің? Бір ойын түріне тоқталып, қысқаша әңгімеле.
3-карточка
Денсаулыққа пайдалы күн тәртібін құрастыр.
IV бөлім — Жарнама
Әр топ пайдалы өнімді (немесе гигиеналық құралды) таныстырып, қысқаша жарнамалайды.
1-топ: Айран
Айран сүттен жасалады. Денсаулыққа пайдасы зор, себебі оның құрамындағы сүт — табиғи өнім. Газды сусын сатып алғанша, айран ішкен дұрыс: әрі арзан, әрі дәмді.
2-топ: Құрт
Құрт сиыр сүтінен жасалады. Тіске пайдасы мол: тісті қатайтады. Тәтті кәмпиттерден гөрі, құртты таңдаған тиімді.
3-топ: «Тазалық» сабыны
Бұл сабын денедегі әртүрлі микробтарды жоюға көмектеседі, бет пен қолды кір-қоқыстан тазартады. Күнделікті гигиена — денсаулық кепілі.
V бөлім — Салауатты өмір салты (сұрақ-жауап)
Бұл бөлімде оқушылардың салауаттану пәнінен алған білім-білік, дағдылары сұрақтар арқылы тексеріледі.
Шымыр тобына
Құрт ауруынан сақтанудың жолдары қандай?
- Біреудің шайнаған сағызын қайта шайнамау.
- Әр адамның жеке орамалы, сабыны, тіс щеткасы болуы.
- Тазалықты үнемі сақтау.
Денсаулық тобына
Темекі тартудың адамға зияны қандай?
Темекі құрамындағы никотин ағзаға зиян келтіреді. Темекі тарту жүрек, өкпе және тамақ ауруларының пайда болуына әсер етеді, сондай-ақ ауаны және қоршаған ортаны ластайды.
Сымбат тобына
Иісқорлық деген не?
Иісқорлық — бензин, керосин, иіссу, кейбір дәрілер, желім сияқты зиянды заттарды әдейі иіскеу арқылы масаюға әуестену. Бұл денсаулыққа өте қауіпті әдет.
Қорытынды
Сайысымыз аяқталды. Деніміз сау болуы үшін салауатты өмір салтын ұстанайық: спортпен шұғылданайық, тазалықты сақтайық, дұрыс тамақтанайық және зиянды әдеттерден аулақ болайық.