Тараз қаласы

Мен бірнеше жылдан бері педагогика ғылымдарының докторы Н. А. Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау технологиясы» бойынша сабақ өткізіп келемін. Бұл технология оқушылардың теориялық білімін практикамен ұштастырып, ғылыми негізде жүйелі меңгеруіне ерекше ықпал етеді деп есептеймін. Тәжірибемді әріптестеріммен бөлісуді жөн көрдім.

«Мәтіндегі күрделі сөздер» (6-сынып)

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: 5-сыныпта өткен материалдарды еске түсіре отырып, күрделі сөздерді сөзжасам тұрғысынан сатылай кешенді талдау (СКТ) жолдарын қайталау.
  • Дамытушылық: СКТ арқылы теорияны тілдік қатынас теориясы (жазылым, айтылым, тыңдалым, сөйлесім) негізінде тәжірибе жүзінде талдауға машықтандыру; тапсырманы сауатты, жоғары деңгейде әрі шығармашылықпен орындауға төселдіру.
  • Тәрбиелік: әр оқушыны ана тілін және ұлттық құндылықтарды бағалай білуге баулу.

Сабақтың сипаттамасы

Типі:
қайталау сабағы.
Түрі:
саяхат-сабақ.
Әдістері:
сұрақ-жауап, оқулықпен жұмыс, интерактивті тақтамен жұмыс, сатылай кешенді талдау, шығармашылық жұмыс, ойын, ашық тест.

Ресурстар және байланыс

Көрнекілік:
Қазақстанның физикалық картасы, тірек сызбалар.
Жабдықтар:
интерактивті тақта, видеопроектор, орамал, сырнай.
Пәнаралық байланыс:
әдебиет, география, орыс тілі, ағылшын тілі, музыка.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Біз өнерлі баламыз,
Терең білім аламыз.
Ана тілмен сусындап,
Сөз сырына қанамыз.

Қиындықтан қашпаймыз,
Жақсы істерге бастаймыз.
Ылғи алда боламыз,
Кілең бестік аламыз.
Біз білімді боламыз.

II. Үй тапсырмасы

  1. Синоним, антоним, фразеологизм, мақал-мәтелдер.
  2. «Алпамыс батыр» жырынан синоним, антоним, фразеологизм, мақал-мәтелдерді тауып, жазып келу.
  3. Өз қалауы бойынша үш сөзге фонологиялық талдау жасап, ықшамдау принципімен өрнектеу.

III. Жаңа сабақ

Ой қозғау

Мұғалім: 5-сыныпта туынды сөздердің түрлерімен танысқан едік. Туынды сөздер қандай жолмен жасалады?

Оқушылар: жұрнақ жалғану арқылы, бірігу, қосарлану және тіркесу арқылы.

Мұғалім: Екі немесе одан да көп түбірдің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалып, жаңа лексикалық мағына беретін сөздерді қалай атаймыз?

Оқушылар: күрделі сөздер.

Бүгінгі сабақтың тақырыбы — «Мәтіндегі күрделі сөздер». Сабақ барысында бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы жасалған сөздерге сатылай кешенді талдау жасаймыз. Тақтаға күннің жадын және сабақ тақырыбын жазамыз, ал интерактивті тақтадан күрделі сөздердің тірек сызбасын қараймыз.

Мерекелік байланыс

Мектебімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің апталығы өтіп жатыр. Апталық 22 қыркүйек — Қазақстан халықтарының Тіл мерекесіне орай ұйымдастырылып, «Ана тілім — асыл ойдың бұлағы» деп аталады.

Бүгінгі сабағымыз да осы мерекеге орай ана тілімізге арналмақ. Интерактивті тақтаға назар аударайық: Қазақстан картасы көрсетіледі. Біз картада белгіленген көрнекті қалаларға «саяхат» жасап, сол өңірден шыққан танымал тұлғалардың тіл туралы қанатты сөздерімен танысамыз.

Саяхаттың алғашқы аялдамасы: Тараз

Тұлға: Бауыржан Момышұлы

Мұғалім: Жамбыл облысында дүниеге келген қаламгер кім?

Оқушылар: Бауыржан Момышұлы.

Оқушылардың жауабы негізінде тұлға туралы мәлімет жинақталады:

  • Ұлы Отан соғысына қатысқан жазушы.
  • Даңқты генерал-майор И. В. Панфилов басқарған атқыштар дивизиясының құрамында болған.
  • Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарған.
  • Тәуелсіздік жылдарында Н. Назарбаевтың жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілген.
  • Өмірінде көрген-білгенін арқау еткен бірнеше романдары мен повестері бар.
  • Халқымыздың салт-дәстүрін терең біліп, ерекше құрметтеген.