Ата - ананың сүйікті баласы бол
Тренингтің мақсаты
«Бала – адамның бауыр еті» атты ата-аналар тренингінің негізгі мақсаты — отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Ана мейірімі мен махаббатының мәнін түсіндіріп, оған балалық сүйіспеншілікпен жауап бере білуге баулу.
Сонымен қатар балаларға адамгершілік тәрбие бере отырып, өзін-өзі тәрбиелеуге, өз ойын және ішкі сезімін ашық жеткізуге дағдыландыру көзделеді.
I. Кіріспе
Құрметті ата-аналар, бүгін «Бала – адамның бауыр еті» тақырыбында пікірлесіп, ой бөлісу үшін тренинг ұйымдастырылып отыр. Бала тәрбиесінде сіздердің алатын орындарыңыз ерекше екені бәрімізге белгілі.
Аналар мен балалар дөңгелене жайғасып отырады. Жүрек жылуын сезіну үшін жылы сөздер айтып, бір-бірімізге қол арқылы мейірім білдіреміз.
Жетекші сұрағы
Жетекші: Балалар, көңіл күйлерің қандай?
Балалар: Тамаша!
Жылы тілек айту
Аналарымыз бізге шуақ шашып, жылы лебіздерімен қоршап тұр. Осы қуатты сезініп, бір-бірімізге тілек айтайық.
Тілек үлгілері
-
Ашық аспан тілеймін!
-
Өзіме және жақындарыма — анама, әкеме, әжеме, аға-інілеріме, кішкентай бауырларыма денсаулық тілеймін!
-
Отбасымызда тыныштық пен сүйіспеншілік болсын!
-
Көршілеріме, таныстарыма, достарыма бақыт тілеймін!
-
Елімізде және бүкіл жер шарында бейбітшілік болсын!
-
Аналарымыз аман болсын!
-
Ата-ананың сүйікті баласы бол!
Айтылған тілектер қабыл болсын. Осындай жылы сөзді үйреткен тәрбиешілерімізге және ата-аналарымызға алғыс білдіреміз.
II. Сезім бөлісу сәті
A) Ана жүрегінен шыққан сөз
Аналар баласына күнделікті өмірде айта бермейтін жылы сөздерін, ойларын және тілектерін айтады (3–4 ана).
Мысалы: «Айналайын құлыным…»
Ә) Баланың ананың орны туралы пікірі
Балалар анасына деген жүрекжарды сезімін ашық жеткізеді.
-
«Анашым…»
-
«Менің анам қандай сұлу!»
-
«Анам менің бақытым.»
III. Ата-аналарға арналған жағдаяттық сұрақтар
Төмендегі жағдайларға жауап бере отырып, баламен қарым-қатынастағы ұстанымымызды байқап көреміз.
A) Қымбат ыдыс сынып қалса
Балаңыз үй жинастырып жүріп, байқаусызда қымбат ыдысты сындырып алды. Сіздің әрекетіңіз қандай?
Ұсынылатын жауап: баланы жұбатып, мұны әдейі істемегенін түсіндіреміз.
Ә) Артық кетіп қойсаңыз
Балаңызды жазалап қойдыңыз да, кейін өзіңіздің артық кеткеніңізді түсіндіңіз. Не істейсіз?
Ұсынылатын жауап: қателікті мойындап, үлкендер де қателесетінін түсіндіреміз.
Б) Сұрақ көп, ал сіз шаршадыңыз
Балаңыз көп сұрақ қойып, жауап беруіңізді өтінеді. Сіз шаршап тұрсыз. Қалай жауап бересіз?
Ұсынылатын жауап: шаршағаныңызды жұмсақ айтып, жауап беретін нақты уақыт белгілейміз.
В) Киімін ластап келсе
Балаңыз көшеден киімін ластап келді. Сіздің әрекетіңіз қандай?
Ұсынылатын жауап: «Сен көшеден киіміңді лас қылып келгенде, мен ренжимін» деп, сезімді «мен-хабарламасы» арқылы айтамыз.
Г) Ойыншықтарды шашып тастаса
Үйге келгенде балаңыз ойыншықтарды шашып, үйінді қылып қойғанын көрдіңіз. Ренжідіңіз. Қалай жеткізесіз?
Ұсынылатын жауап: «Маған сенің ойыншықтарыңды орнына жинамағаның ұнамайды» деп, нақты әрекетке қатысты пікір айтамыз.
Балаларға арналған логикалық ойындар
A) Қолғаптың сыңарын тап
Әртүрлі қолғаптардың ішінен сыңарын табу (алдымен қысқаша түсіндіру жүргізіледі).
Сұрақ: Мынау не?
Жауап: Қолғап.
Сұрақ: Оны қай кезде киеміз?
Жауап: Қыста.
Сұрақ: Сенде неше қол бар және саған неше қолғап керек?
Жауап: Екеу.
Тапсырма: Ендеше, ішінен бір жұп қолғапты тауып ал.
Ә) Сұрақтарға жауап бер
- Күндіз жарық, ал түнде — қараңғы.
- Аспан көк, ал шөп — жасыл.
- Кішкентай сиыр — бұзау, кішкентай ит — күшік, кішкентай қой — қозы.
- Ит тауыққа ұқсай ма, әлде мысыққа ұқсай ма? Қай жағынан ұқсас?
- Қарт адам мен жас адамның айырмашылығы неде?
IV. Көрініс
«Шалқан» ертегісін тамашалау.
V. Қауышу сәті
Әр ана өз баласына ризашылығын білдіріп, құшақтап, жылылық сыйлайды.
VI. Қорытынды бөлім
Ән
«Аналардың тілегі»
Мекеме және автор
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы
Ақбота шипажай типті балалар бақшасы
Әдіскер, психолог: Қалдымұратова Ақмарал