Қазақстаның астанасын ата
Сабақтың тақырыбы
Мақтанышым туған ел, Қазақстан!
Бұл сабақ Қазақстан туралы білімді кеңейтуге, тілдік дағдыларды дамытуға және оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін күшейтуге бағытталған.
Сабақтың түрі
Жаңа сабақ.
Ұйымдастыру формасы
Жаппай, топтық және жұптық жұмыс.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Қазақстан Республикасының жері, рәміздері, көпұлтты халқы және мәдениеті туралы білімді түрлі тапсырмалар арқылы меңгерту.
- Сын есім бойынша бұрынғы білімді толықтыру және жүйелеу.
Тәрбиелік
- Отанды, қазақ жерін, халқын және мемлекеттік тілді құрметтеуге баулу.
- Ұлтаралық татулықты сақтауға, елді сүюге және қорғауға шақыру.
- Қазақ тілі пәніне қызығушылықты арттыру.
Дамытушылық
- Тілдік шеберлік пен логикалық ойлауды дамыту.
- Өз бетінше ізденуге, тұжырымды пікір айтуға үйрету.
- Ұйымшылдық пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыру.
Әдістер мен технологиялар
Сабақ әдістері
Тәрбиелік бағыт, пікір алмасу, деңгейлеп оқыту, түсіндірме, сұрақ-жауап, аударма, өз ойын әңгімелеу, мәнерлеп оқу.
Оқыту технологиясы
Деңгейлеп және саралап оқыту, дамыта оқыту, рейтингтік және модульдік тәсілдер.
Сабақ міндеттері
Сөйлем және мәтін құрастыру.
Мәнерлеп оқу дағдысын дамыту.
Тақтамен және дәптермен жүйелі жұмыс жүргізу.
Грамматикалық және сөздік тапсырмаларды орындау.
Пәнаралық байланыс және көрнекілік
Пәнаралық байланыс
- Қазақ әдебиеті
- География
- Ән
- Қазақстан тарихы
- Орыс тілі
Көрнекіліктер
- ОТҚ (компьютер, презентация материалдары)
- Қазақстан картасы
- Қазақстан Республикасының рәміздері
- Ой толғау тапсырмалары, сөзжұмбақ
Ой қозғау
Бөтен елде жүргенде,
Қарсы келіп көшеде,
Кездесіп қалған біреу:
«Қайдан келдің?» — десе егер,
Кідірместен айтарым:
Қазақпын мен — Қазақстан, туған елім байтағым!
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындау.
- Кезекшілік қызметін ұйымдастыру.
Қызығушылықты ояту (сұрақ-жауап)
- 1) Қазақстан Республикасының Президенті кім?
- Н. Ә. Назарбаев.
- 2) Қай жылы сайланды?
- 1991 жылы 10 желтоқсан.
- 3) Қазақстан қандай мемлекет?
- Тәуелсіз, егемен мемлекет.
- 4) Қазақстан өз тәуелсіздігін қашан алды?
- 1991 жылы 16 желтоқсан.
- 5) ҚР рәміздерін ата.
- Ту, Елтаңба, Әнұран.
- 6) Қазақстанда қандай қалалар бар?
- Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және т.б.
II. Сабақ мақсатын қою
Бүгінгі сабақта Қазақстан Республикасының жері, халқы, рәміздері, мәдениеті және астанасы туралы білімдеріңді жетілдіресіңдер. Сонымен бірге сауатты оқу-жазу және мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастырамыз.
III. Жаңа мағлұматты қабылдау
Лексикалық жұмыс
Тақырып: «Қазақстан».
Грамматикалық тақырып
Дара және күрделі сын есімдерді қайталау. Дәптерге күн ретін және тақырыпты жазу.
Топтық жұмыс
Оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр топқа Қазақстан туралы үлкен сурет беріледі. Сурет бойынша сын есімдерді қолданып, дәптерде мәтін құрастырады. Мәтіндегі сын есімдерді тауып, жеке-жеке оқиды.
IV. Алғашқы түсінікті тексеру
1) ҚР рәміздері
Екі топқа сөзжұмбақ беріледі. Компьютерден рәміздер көрсетіледі: 1-топ — «Ту», 2-топ — «Елтаңба».
2) Қазақстан картасы
Екі топқа карта беріледі. Картадан қалаларды, көлдерді, өзендерді, тауларды, далаларды және шекаралас мемлекеттерді көрсетеді.
3) Көру арқылы жатқа айту және жазу
Оқушыларға Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінен үзінді беріледі. 1 минут мәнерлеп оқиды, кейін қағазды жауып, үзіндіні жатқа жазады. Сын есімдердің астын сызады.
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
V. Ойын: «Мақалды қуаласпақ»
Оқушылар көп нүктенің орнына лайықты сын есімді тауып, мақал-мәтелдерді толықтырады.
- Өнер алды — ...
- Отан — оттан да ...
- Жолдасы ... жолдас қалмас.
VI. Мәтінмен жұмыс: мәнерлеп оқу
Қазақстан Республикасы
Менің туған жерім — Қазақстан. Қазақстан жері кең байтақ. Жерінің үлкендігі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орында тұр. Біздің еліміз Ресей, Қытай, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерімен көршілес орналасқан.
Қазақстан жерінде өзендер мен ормандар, таулар мен жазық далалар, көлдер мен шөлдер бар. Республикамызда 4750 түрлі өсімдік өседі. Сондай-ақ жан-жануарға өте бай. Пайдалы қазбалардың көптеген түрін табуға болады. Қазақстанның ауа райы құрғақ, ал таулы аймақтарда ылғал молырақ.
VII. Сөздік жұмысы: «Әрі оқу, әрі ойын»
Оқушыларға сөздер беріледі, олар аудармасын жазады.
VIII. Қорытындылау
Оқушылар сұрақтарға жауап береді.
- Ата заңымыздың қай тарауында және қай бабында рәміздер туралы айтылған? Жауап: Ата заңымыздың бірінші тарауында, 1-бап пен 9-бап аралығында.
- Қазақстанның қандай қалаларын білесің? Жауап: (оқушы жауабы).
- Облыс орталығы қай қала? Жауап: Көкшетау.
- Қазақстанның астанасын ата. Жауап: Астана.
- Мемлекеттік тіл қандай тіл? Жауап: Қазақ тілі.
IX. Үй тапсырмасы
Қасым Аманжоловтың «Туған жер» өлеңін мәнерлеп оқып, жаттап келу.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім, өлсем —
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
X. Бағалау
Оқушылардың тапсырмаларды орындауы мен белсенділігіне қарай бағалау жүргізіледі.
XI. Рефлексия
Оқушылардан сабақтан алған әсері, қиын болған тұстары және ұнаған тапсырмалары туралы пікір алынады.