Дауыссыз дыбыс. Ертегі сабақ

Сабақ тақырыбы

«Гг» дыбысы мен әрпі

Мақсаты

  • Оқушыларды «г» дыбысы және «Гг» әрпімен таныстыру.
  • Сөз ішінде «г» дыбысының ерекшелігін меңгерту.
  • Дыбыстық талдау арқылы «г» дыбысының дауыссыз екенін анықтату.

Дамытушылығы

  • Сөйлеу мәнерін, байланыстыра сөйлеу дағдыларын дамыту.
  • Сөздік қорын кеңейту.
  • Өз бетінше жұмыс жасау қабілетін қалыптастыру.

Тәрбиелілігі

  • Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
  • Ұйымшылдық пен ұқыптылыққа баулу.

Сабақ туралы

Көрнекілік:
«Мақта қыз бен мысық» ертегісінің суреті, ребус.
Типі:
Жаңа сабақты меңгерту.
Түрі:
Ертегі сабақ.
Әдісі:
Әңгімелеу, сұрақ-жауап, талдау, түсіндіру, оқу, жазу.

Сабақ барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Оқушы назарын сабаққа аудару.
  • Сабақ басталарда бір-бірімізге жылы лебіз айту.

Жылы лебіздер

  1. 1.Елімізге тыныштық тілейміз!
  2. 2.Күніміз жарқын болсын!
  3. 3.Аспанымыз ашық болсын!
  4. 4.Деніміз сау болсын!
  5. 5.Нанымыз көп болсын!
  6. 6.Көк туымыз биік болсын!

Бүгін «Әліппе» пәнінен ертегі сабақ өткіземіз. Ертегі тыңдағанды жақсы көресіңдер ме? Олай болса, бүгінгі ертегіміз — «Мақта қыз бен мысық».

Ертегі желісі: «Мақта қыз бен мысық»

Ерте, ерте, ертеде Мақта қыз бен мысық екеуі дос болып жүреді. Бір күні Мақта қыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады. Мысықты шақырады. Шақырады — келмейді, шақырады — келмейді. Сосын: «Келмесең, келме», — деп мейізді өзі жеп қояды.

Жеп болған соң мысық келіп: «Неге шақырдың?» — деп сұрайды. Мақта қыз айтпайды. Сонда мысық: «Ендеше қатығыңды төгемін», — дейді. Мақта қыз: «Мен құйрығыңды кесіп аламын», — дейді.

Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық: «Апа, апа, құйрығымды берші», — дейді. Мақта қыз: «Менің тапсырмамды орындасаң, құйрығыңды қайтарамын», — деп жауап береді.

Енді біз мысыққа көмектесеміз: ертегі кейіпкерлерінің тапсырмаларын бірге орындаймыз.

Кейіпкерлер тапсырмалары

Сиырдың тапсырмасы

Қайталау: өткен сабақта танысқан әріп — Й.

  • «Й-й-й» деп дыбыстау.
  • Й дыбысы қысқа айтылады, сондықтан әріптің төбесінде белгі болады.
  • Й — дауыссыз дыбыс.
  • Й сөздің ортасында және соңында кездеседі; сөз басында қолданылмайды.

«Дыбыс» пен «әріп» айырмашылығы

  • Дыбысты айтамыз және естиміз.
  • Әріпті көреміз және жазамыз.
  • Қазақ тілінде 42 әріп, 40 дыбыс бар.
  • Сөз дыбыстардан құралады, сөйлем сөздерден құралады.

Талдың тапсырмасы

«Айран», «қаймақ», «ай», «той» сөздеріне дыбыстық талдау жасау.

Үлгі (айран)

  • А — дауысты, жуан.
  • Й — дауыссыз, үнді.
  • Р — дауыссыз, үнді.
  • А — дауысты, жуан.
  • Н — дауыссыз, үнді.

Қыздардың тапсырмасы

«Шебер қолды әжей» әңгімесін өз сөзіңмен айтып беру.

Әжей қолданатын құралдарды атау:

  • өткір қайшы
  • ине
  • жіп
  • оймақ

Бұлар — ісмер адамның негізгі құралдары.

Дүкеншінің тапсырмасы

Ребус шешу.

Жұмбақ

Газда бар, ауада жоқ. Гүлде бар, жуада жоқ. Бұл қай әріп?

Жауабы: Г

Жаңа тақырып: «Г» дыбысы

Дыбыстың сипаты

«Г» — дауыссыз дыбыс, өйткені оны созып айтуға келмейді.

Айтылуы

Ұяң, шұғыл айтылады. Тіл арты арқылы жасалады.

Сөздегі орны

«Г» дыбысы сөздің басында және ортасында кездеседі.

Көрсету және құрастыру

  • «Г» дыбысының баспа және жазба түрімен таныстыру.
  • Суреттер арқылы «г» дыбысының сөздегі орнын анықтау.
  • Түймедақ гүлін құрастырып, тақтаға ілу.

Сергіту сәті

Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылардың зейінін сергіту.

Оқулықпен жұмыс

86-беттегі бағандағы сөздерді оқып, мағынасын ашу (хормен оқу).

Сөздік жұмысы

Егеу
Үй шаруасында қолданылатын құрал.
Сегіз
Сан.
Шеге
Ағашқа қағылатын зат.
Кереге
Киіз үйдің бөлігі.
Бетеге
Шөптесін өсімдік, жерге жабысып өседі.
Неге
Сұрақ.
Мезгіл
Уақыт.
Егіз
Бір анадан, бір мезгілде туған балалар.

Буынға бөлу

Бағандағы сөздердің ішінен 3 буынды сөздерді табу:

  • Шегеле ше-ге-ле
  • Кереге ке-ре-ге
  • Бетеге бе-те-ге

Мәтін оқу

«Ай мен Әтеш» ертегісін оқып беру. 2–3 оқушыға кезекпен оқыту.

Дәптермен жұмыс

  • Арнайы дәптерге «Г» әрпінің үлкен және кіші түрін жазу.
  • Әріпті ауада жазып жаттығу.

Тышқанның тапсырмасы

Жоғалған әріптерді тауып, сөздерді толықтыр:

…үл

мысалы: гүл

бүр…е

мысалы: бүрге

іл…ек

мысалы: ілгек

мер…ен

мысалы: мерген

ерте…і

мысалы: ертегі

әң…іме

мысалы: әңгіме

бел…і

мысалы: белгі

бәй…е

мысалы: бәйге

Сабақты қорытындылау

Ой қозғау сұрақтары

  • Бүгін біз қандай дыбыспен таныстық?
  • «Г» дыбысы қандай дыбыс?
  • Ол қалай айтылады?
  • «Г» дыбысы сөздің қай жерлерінде кездеседі?

Қорытынды: «Г» дыбысы — дауыссыз. Ол созып айтуға келмейді, ұяң әрі шұғыл айтылады және тіл арты арқылы жасалады.

Сабақ соңында Мақта қыз мысықтың құйрығын қайтарып беруге келіседі. Мысық сендерге өте риза!

Үй тапсырмасы

«Ай мен Әтеш» ертегісін оқу.

Мадақтау

Оқушылардың белсенділігі мен жауаптарына қарай мадақтау және қолдау көрсету.