Тылсым табиғат

Тылсым табиғат

Менің атам — Болат Пазылжанұлы. Ол балықшы әрі аңшы. Көктемнің бір шуақты күні атам бізді табиғат аясында демалуға, балық аулауға шақырды. Отбасымызбен қала жанындағы өзіміздің Елек өзенінің бойына жол тарттық.

Көктемнің алғашқы бояуы

Айнала көкпеңбек. Гүлдеген бәйшешек жер бетін сары түске бояп, әр жерде қызыл қызғалдақ бой көтеріп, табиғатты әсем нақышты кілемге ұқсатып тұр. Машинадан түсе сала сол «кілемнің» үстіне аунағандай көк шөпке жата кетіп, біраз аунадық.

Тұра салып жан-жаққа жүгірдік: біріміз бәйшешек, біріміз қызғалдақ теруге кірістік.

Өлең жолдары

Жаратылыс бұл гүлді жаратыпты қызға арнап,

Содан болар ғұмырлы атанғаны қызғалдақ.

Құлпырады ел-дағы көктемнің күнінде,

Сәл кешіксең болғаны — таба алмайсың бірінде.

І. Мәмбетов

Елек бойындағы балық аулау

Біз гүл теріп жүргенде, атам балық аулайтын құралдарын шығарып, біраз балық ұстап үлгеріпті. Ол бізге де қармақ беріп: «Балық аулап көріңдер» — деді.

Қолымда қармақ, алдымда тасып, арнасын толтыра аққан Елек өзені толқындап жатыр. Өзен суы әлі тазара қоймаған екен, сондықтан судағы балықтарды көре алмадым.

Тоғайдың тынысы

Атам ұстаған балықтарынан балық сорпасын (уха) пісіруге кірісті, ал біз табиғат сұлулығын тамашаладық. Өзен бойындағы тоғайда қара тал, қайың, терек, жас талдар жапырағын жайып, жайқалып келеді. Күн нұры айналаны қыздырып, жапырақтың сыбдыры әсем ән салғандай әсер етеді.

Көгілдір аспанда ақша бұлттар қаздардай тізіліп ұшып барады. Көкжиек пен көк аспан бір-біріне тиіп тұрғандай. Тоғайда құстар сайрап, түрлі түсті көбелектер айнала ұшып, адамды ерекше бір көріністің ішіне енгізеді.

Өлең жолдары

Қызғалдақ лаулап қырқада жанып жатады,

Айналаң түгел лапылдап алау атады.

Қиянды кезген қызылды-жасыл көбелек,

Мәре де сәре қызықтан басы қатады.

Тоғайда құстар тоқтатар емес думанын,

Бақытты күндер балқытып тұр ғой ну жанын.

Сүйемін осы құстардың қиқу-шуларын,

Сүйемін осы көктемнің асау суларын.

Т. Шопашев

Осы өлең жолдары мен көрген көріністі дәл суреттегендей. Елек бойында көк шөп пен гүлдің иісі аңқып, мұрныңды жарады. Самал желмен тербеліп жеткен жұпар иісті қайта-қайта жұтып, ұзақ тұра бергің келеді.

Алғашқы олжа және жылы шақыру

Табиғатқа тамсанып тұрғанымда, қолымдағы қармақ бір дір етті. Тартып қалсам, кішкентай балық ілініпті. «Сен әлі кішкентайсың», — деп оны қайтадан суға жібердім.

Сол сәтте атам бізді балық сорпасын ішуге шақырды. Бірнеше балықтан дайындалған дәмді сорпаны ішіп алып, әртүрлі ойын ойнадық: доп тептік, жүгірдік, тағы басқа қызыққа берілдік.

Өзен бойымен серуен

Кейін өзен бойымен жоғары қарай серуенге шықтық. Алдымызда сайлы жерде көк құрақ өсіп, тік көтерілген көк қамыс самал желмен қол бұлғап тұрғандай көрінді. Сондай керемет көрініс — көңіліңе әсем ырғақты әуен келіп, вальс билегің келетіндей әсер қалдырады.

Өзенді бойлап әрі жүргенде көктемнің тағы бір тамаша көрінісіне тап болдым: бөлініп қалған шағын өзенше су бетінде үйректер жүзіп жүр. Алыстан ұшып келген қара үйректер бірде сүңгіп, бірде қалқып шығып, емін-еркін жүзеді. Осы арада қос аққу жұбын жазбай, кішкентай көлшіктің сәнін келтіріп жүр.

Айналада көк жусанның аңқыған иісі сезіледі. Осы сәтте Қадыр Мырзалиевтің мына өлең жолдары еріксіз ойыма оралды:

Өлең жолдары

Тағы келді, тағы келді бір көктем,

Сәби сәуір көтерілді жөргектен.

Ертеменен безілдеді, сайрады,

Қараторғай орын таппай жер-көктен.

Дүние бір таңғажайып күйге еніп,

Көк көбелек қонды гүлге еменіп,

Қуанышын сыйғыза алмай қойнына,

Көл үстінде ұзақ ұшты инелік.

Қ. Мырзалиев

Он үшінші көктем

Ойлап қарасам, биыл мен он үшінші көктемді қарсы алыппын. Он үш көктем — он үш жыл балалықтың бал дәуренін татқан шақ. Ата-анам мен достарымның жанында ойнап-күліп, мүшел жасқа жеткен жылдарым.

Күн еңкейген шақтағы бояулар

Біз осылайша көктемнің әсем күнінде отбасымызбен табиғатты тамашалап, таза ауада демалып, өзен бойын аралап, ойын ойнап, жүгіріп жүргенде кеш болғанын байқамай қалыппыз. Күн қызарып батуға жақындағанда табиғат одан сайын құлпырып, қызыл-жасыл түске боянып, ерекше әсер қалдырды.

Осы сұлулықты көруге, сезінуге мүмкіндік бергені үшін атама алғыс айтамын. Табиғат қандай сұлу! Кейде «осының бәрі болмаса, өмір қандай жұтаң болар еді?» деген ой да келеді.

Табиғатты аялайық

Сондықтан барша адамдарға, әсіресе жастарға: «Табиғатты аялайық» дегім келеді. Шығармамды мына өлең жолдарымен аяқтайын:

Бар дейсің бе өмірде азап ондай!

Дүние азса, ол енді азады оңбай!

Адам таза болмайды ешқашанда,

Айналайын табиғат таза болмай!