Суреттің орнына тиісті сөздерді қойып көшіріп жаз

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән

Қазақ тілі (3-сынып)

Сабақтың түрі

Дәстүрлі емес

Сабақтың типі

Аралас сабақ

Сабақтың әдістері

  • Түсіндіру
  • Әңгімелеу
  • Сұрақ-жауап
  • «Синтаксистік карта» ойыны

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Сөйлем мүшелері туралы білімді кеңейту, тұрлаулы мүшелер туралы мағлұмат беру. Бастауыштың ерекшеліктерін түсіндіріп, жаттығу жұмыстарын орындату.

Дамытушылық

Оқушылардың ойын анық жеткізуін, сөздік қорын, ойлау және сөйлеу дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа, қамқорлыққа тәрбиелеу; достарына және айналасындағы адамдарға көмектесуге бағыттау.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, сабаққа дайындығын тексеру.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сынып тазалығын бақылау.

2) Үй тапсырмасын тексеру

4-жаттығу

Әр қатарға бір сөзден қосып, «пирамида» құрастыр.

Қайталау сұрақтары

  • Сөйлем мүшесі дегеніміз не?
  • Сөйлем мүшесі қандай мағынаны білдіреді?
  • Сөйлем мүшелері нешеге бөлінеді?

3) Жаңа сабақ: Бастауыш

Түсіндіру қадамы

Оқушылар мұғалімнің жетекшілігімен жеке суреттер бойынша сөйлем құрастырады. Әр сөйлемде кім немесе не туралы айтылғанын анықтайды. Кейбір сөйлемдер тақтаға жазылады, қалғаны ауызша талданады: кім/не туралы айтылып тұрған сөздердің асты сызылып, үстіне сұрақтары жазылады.

Негізгі ұғым

Сөйлемдегі ойдың негізі болатын тұрлаулы мүшелердің бірі бастауыш деп аталады.

Бастауыштың сұрақтары

кім?, не?, кімдер?, нелер?

Бастауыш көбіне зат есімнен және зат есімнің орнына жұмсалатын сөздерден (мен, сен, ол, біз, т.б.) жасалады.

Мысал кесте

Сұрақ Сөйлемдер
Кімдер?

Оқушылар сурет көрмесіне барды.

Олар суреттерді ұзақ тамашалады.

Нелер?

Құстар зиянды жәндіктерді жейді.

Олар адамдарға пайда келтіреді.

Кім?

Марат сабағын оқып болды.

Ол енді анасына көмектеседі.

Не?

Қоян қаша жөнелді.

Ол түлкіден қорқады.

4) Оқулықпен жұмыс

1-жаттығу

Сөйлемдерді көшіріп жаз.

  • Сөйлемде кім немесе не туралы айтылып тұр? Сол сөздердің астын сыз.
  • Талғат бірінші сөйлемде балалар туралы айтылған деп есептейді, ал Гүлнар музей туралы айтылған деп санайды. Сен қайсысымен келісесің?
  1. Балалар бүгін музейге барады.
  2. Құстар жылы жаққа ұшып кетті.
  3. Болат қиын есепті өзі шығарды.
  4. Апам бөлмені жинады.

2-жаттығу

Суреттің орнына тиісті сөздерді қойып, көшіріп жаз. Суреттің орнына жазылған сөздерге сұрақ қой.

  1. Дәрігер науқас адамдарды емдейді.
  2. Құстар аспанға ұшты.
  3. Аю қысқы ұйқыға қамданды.
  4. Бекзат тамылжыта ән салды.

5) Сергіту сәті

Біз жазамыз, біз жазамыз, Саусақтарымыз талды. Әрі-бері дем алдырып, Қайта жазып аламыз.

6) Жаттығуларды бекіту

3-жаттығу

Өлеңді оқып, көшіріп жаз. Бастауыштардың астын сыз, оларға сұрақ қой.

Мен далаға бардым, Қыр гүлін тердім, Қол суын ішіп, Күн нұрын көрдім.

4-жаттығу

Мәтінді оқы. Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып жаз.

(Кімдер?) ... сыныпта гүл өсіреді. (Нелер?) ... сынып бөлмесінің ауасын тазартады. Аквариумда (нелер?) ... жүзіп жүр. (Кімдер?) ... балықтарға қамқорлық жасайды.

Керекті сөздер

балалар, балықтар, олар, өсімдіктер, оқушылар

7) Қорытынды: «Синтаксистік карта» ойыны

Ойынның барысы

Оқушыларға сөздер мен сұрақтар жазылған карточкалар таратылады. Мұғалім сөйлемдерді айтып шығады. Оқушылар карточкалар арқылы логикалық байланысы бар мәтін құрастырады, әр сөйлемнен бастауышты тауып, оның сұрағы жазылған карточканы тиісті қалташаға салады.

Нұсқаны өзгерту

Ойынды керісінше ұйымдастыруға болады: сөйлемде бастауыш берілмейді, тек сұрағы ұсынылады. Бастауыш жеке карточкаға жазылады. Оқушылар сөйлемнің мағынасы мен берілген сұраққа сай бастауышты таңдап, оны тиісті қалташаға орналастырады.

8) Үй тапсырмасы

5-жаттығу

Сурет бойынша әңгіме құрастырып жаз. Бастауыштардың астын сыз.

9) Бағалау

Оқушыларды смайликтер арқылы бағалау.