Жақсының сөзі назалы, жаманның сөзі ызалы
Байқоңыр қаласы • №275 мектеп
Тәрбие сағатын өткізген: Кожагулова Г.
Формасы
Ашық тәрбие сағаты
Көрнекілігі
Тақырыпқа байланысты слайдтар топтамасы
Негізгі идея
Жылы сөз — қарым-қатынастың кілті, ал әдеп — адамдықтың өлшемі.
Сабақтың мақсаты
-
1
Оқушыларды адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке және әдептілікке баулу.
-
2
Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, жағымды және жағымсыз қылықтарды ажырата білуге үйрету.
-
3
Өз халқының салт-дәстүрін құрметтей отырып, жаман әдеттерден аулақ болуға бағыттау.
-
4
Сөз мәдениетін қалыптастыру: ойды анық, ізетті, жауапкершілікпен жеткізе білу.
Өткізілу барысы (жоспар)
-
I. Кіріспе
-
II. Негізгі бөлім
- 1)Әдепті бала — арлы бала
- 2)Жақсы сөз — жанға қуат (көріністер)
- 3)Поэзия минуты: «Жақсы сөз жан семіртер»
- 4)Жақсы мен жаман туралы мақал-мәтелдер
- 5)«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»
-
III. Қорытынды
Кіріспе: сөздің салмағы
Жүректен шыққан амандасу
Азамат: «Мейірімді жүрекпен, ақпейілді тілекпен…»
Айым: «Амандасып алайық, бір жадырап қалайық!»
Оқушылар қонақтарды қарсы алып, тәрбие сағатының мақсаты мен бөлімдерін таныстырады.
Сөз — тәрбие құралы
Сөз — білім мен мәдениеттің бастауы. Оны орынсыз, талғаусыз қолдану — сөз қадірін түсіреді. «Сөз қадірі — адамның өз қадірі» деген ойдың төркіні де осында.
Нақыл
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады».
1) Әдепті бала — арлы бала
Талқылау сұрақтары
- Суретте не бейнеленген?
- Арманның әрекеті дұрыс па?
- Бұл іс әдептілікке жата ма?
Әңгіме барысында оқушылар адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді ажыратуға үйренеді.
Әдепті және әдепсіз мінез белгілері
Әдепті бала
- Шыншыл
- Тәртіпті
- Білімді
- Мейірімді
- Таза жүреді
- Ұқыпты
Әдепсіз бала
- Тіл алмайды
- Нашар оқиды
- Өтірік айтады
- Еріншек
- Дөрекі сөйлейді
Тақпақтардан үзінді
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса,
Сыйлы болмақ өзі де,
Үлкен болған кезінде.
Үлкендерге жол берем,
Абайсызда біреу сүрінсе,
Сол заматта сүйеніш боп қол берем.
Әдеп — тек сыртқы тәртіп емес, ол үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, сөз бен істің үйлесімі.
Сергіту сәті
Сынып оқушылары би қойылымымен көңіл сергітеді (топтық орындау).
2) Жақсы сөз — жанға қуат
Сәлемдесу — ізеттіліктің бастауы
Жақсы сөздің ең қарапайым әрі ең әсерлі түрінің бірі — амандасу. Амандасу арқылы адамдар бір-біріне амандық тілеп, ниеттестігін білдіреді. «Қайырлы таң», «қайырлы күн», «қайырлы кеш» де — жүрекке жылу беретін сөздер.
Дәстүр
Қазақы амандасуда оң алақанды жүрек тұсына қою, бас изеу немесе қол беру — құрметтің белгісі.
Көрініс №1: телефон әңгімесі
Әсел: «Самал үйде ме? Телефонға шақырып жіберіңізші… Әй, Самал, математикадан қандай тапсырма берді?»
Самал: «Сәлем, Әсел! Халың қалай? Кешір, мен де кеше сабаққа бара алмадым…»
Әсел: «Жарайды, онда басқа қыздарға телефон соғып білер мін.»
Түйін
Әңгіме әдебі — амандасудан басталады. Сұрауды да сыпайылықпен, ықыласпен жеткізу — мәдениеттіліктің көрінісі.
Көрініс №2: үлкенге көмек
Тайғақ жерде қарт кісі құлап қалады. Асхат сөмкесін Әлібекке ұстатып, қарияны көтерісіп тұрғызады. Қария алғыс айтып кетеді.
Әлібек таңырқап сұрайды: «Атаң ба? Ағаң ба? Әкең бе? Танисың ба?»
Асхат: «Жоқ. Жай ғана адам ғой.»
Түйін
Ізгілік танысуға тәуелді емес. Жақсылық — адамдық парыз, ал алғыс — жылы сөздің ең көркем түрі.
Жылы сөздің әсері
Жақсы сөз бен ақ ниетті тілек адамның көңілін көтереді, жүрегіне жылу береді. Жылы сөз адамдарды татуластырып, достастырады, өзара сыйластықты арттырады.
Көңіл күй
Жақсы сөз жанды жадыратады.
Қарым-қатынас
Реніштің бетін қайтарады.
Нәтиже
Сыйластық пен бірлікті күшейтеді.
Халық даналығы: «Жақсы сөз — жарым ырыс». Жақсы сөз ашу шақырмайды, жүректі жылытады, жақсылыққа жетелейді.
3) Поэзия минуты: «Жақсы сөз жан семіртер»
Өлең
Жақсы сөз жан семіртер, сергітер де,
Көңілді шүйгітер де, өр күтерге.
Тұс-тұстан құлындатып, шұрқыратып,
Жібек жал сайгүлік ой өрбітер де.
Жақсы сөз — жан сусыны, шөл қандырар,
Ой мен тән қуат алып толғанар.
Шабытқа қайратпенен қомдатып,
Қанатын кеңге жая самғатар.
Жақсы сөз — көпшік қойып мақтау емес,
Әдептен, ұяттан да аттау емес.
Жылуын жүрегіңнің ақтарылған,
Ішке бүгіп сақтап қалу емес.
Жақсы сөз — нұр шашар дала таңы,
Көңілден көлеңкені қуып шығатын.
Жұлынды да, жүйкені де емдейтін,
Жота-жон жадыратып жігер қылатын.
Өнер минуты
Бір топ қыздардың орындауында би қойылымы ұсынылады (топтық орындау).
Ой — жүйрік, тіл — шебер,
Танытса шындықты.
Мәнді ойды тілмен бер,
Сөзді тауып, ұқыпты.
«Сіз», «біз» деген жылы сөз —
Жақсылықтың мейірі.
Бір-біріне болсын көз,
Кең болсын адам пейілі.
4) Жақсы мен жаман туралы мақал-мәтелдер
Мақалдар
- 1Жақсыдан тиер шапағат, жаманнан тиер кесапат.
- 2Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.
- 3Жақсы — текшіл, жаман — кекшіл.
- 4Жақсыға ерсең жетерсің мұратқа, жаманға ерсең қаларсың ұятқа.
- 5Жақсы сөз жан сүйіндірер, жаман сөз жан күйіндірер.
Тағы да
- 6Жақсы адам — елдің ырысы, жақсы сөз — жанның тынысы.
- 7Жақсы сөйлесе аузынан нұр төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі.
- 8Жақсының сөзі — назалы, жаманның сөзі — ызалы.
Мақал-мәтелдер сөздің қуатын ғана емес, адамның ішкі мәдениетін де айқындайды.
5) «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»
Сынып туралы өлең (Анзура)
Жұп жазбастан жүреміз.
Біздің сынып — мақтаулы,
Өйткені біз сүйеміз
Дәйім тәртіп сақтауды.
Біздің сынып — мақтаулы,
Оқуда да алдамыз.
Біздің сынып — өнерлі,
Талай би мен өлеңді
Жақсы үйреніп алғанбыз.
Еңбекке де қолы епті,
Ынтымақты, досыңдай.
Біздің сынып — әдепті,
Біздің сынып осындай.
Ән
Сабақ соңында ән орындалып, ортақ ықылас пен көтеріңкі көңіл күй қалыптастырылады.
Қорытынды: ойланған сөз — ізгіліктің белгісі
Байқап сөйлеудің құндылығы
«Жақсының сөзі — назалы, жаманның сөзі — ызалы» деген мақал сөз мәдениетін дәл сипаттайды. Абайлап сөйлеу — ақылдылық пен инабаттылықтың белгісі. Алдын ала ойлану — жақсы әдет, жауапкершілікті мінез.
Ғылыми тұжырым
Академик И. П. Павлов адамдардың денсаулығын сақтауда, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуда айналадағы адамдар сөзінің әсері күшті екенін атап өткен.
Қайта оралатын түйін: жақсы сөз — жарым ырыс. Ол жүректі жылытады, жанды жадыратады, жақсылыққа жетелейді.