Күйдің авторын ата

Сабақ туралы мәлімет

Пән / Сынып

Музыка, 2-сынып

Сабақтың тақырыбы

Аңшылықта хабаршы, мерекеде жаршы болған аспаптар

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ

Көрнекіліктер

  • Аспаптардың суреттері
  • Ұлттық аспаптар (мүмкіндігінше нақты үлгілері)
  • Композитордың суреті

Мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты

  • Қазақ халқының көне аспаптарының шығу тарихын есте сақтауға баулу.
  • Аспаптардың үнімен, қасиеті мен ерекшелігімен таныстыру.
  • Балалардың халық музыкасына сүйіспеншілігін арттыру.
  • Есту, есте сақтау және ырғақты сезіну қабілеттерін дамыту.

Сабақтың міндеттері

  • Оқушыны сөйлеуге, ойын нақты тұжырымдап айтуға үйрету.
  • Музыканың адам өміріндегі маңызын терең түсінуге бағыттау.
  • Адамгершілікке, әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық тренинг: «Шаттық шеңбері»

Шаттық шеңбер құрайық!
Дөңгеленіп тұрайық.
Жылы сөзді арнайық
Бірімізге біріміз.
Достық жырын жырлайық,
Қол ұстасып бәріміз.
Шат көңілден нәр алып,
Сабаққа көңіл бұрайық!

Үй тапсырмасын тексеру

  • Аспаптар туралы білімін және олардың атауларын сұрау.
  • Домбыраға арналған әнді қайталау.

Жаңа сабақ: көне аспаптар және олардың қызметі

Қазақ халқы көбіне мал шаруашылығымен айналысқан. Малдың қыры мен сырын жақсы білгендіктен, оның кейбір бөліктерін (ішек, тұяқ және басқа да материалдарды) тұрмыста да, музыкада да пайдаланған. Тіпті малды аң-құстан қорғау немесе елге белгі беру мақсатында да дыбыс шығаратын аспаптар қолданылған.

Асатаяқ

Асатаяқ — ертеден келе жатқан сілкіп ойнайтын ұлттық аспап. Ол көбіне ұлттық билерді сүйемелдеу үшін қолданылған және шу шығаратын сылдырмақты аспаптарға жатады.

  • Темір «масағы» мен металл сылдырмақтары бар.
  • Жалпақ басы екі жағынан өрнектеліп, әшекейленеді.
  • Қуыс басының ішіне бір уыс бұршақ салынып, сырты көн терімен қапталуы мүмкін.

Асатаяқты сілкігенде бұршақ пен сылдырмақтар ерекше үн береді.

Тұяқтас

Тұяқтас — ұру арқылы дыбыс шығаратын ұрмалы аспап. Ол жылқының тұяғынан жасалады. Музыкалық аспап ретінде қолдану үшін тұяқты өңдеп, бір немесе бір жарым жыл кептіру қажет. Сонда ғана соққанда анық әрі таза үн шығады.

Ойналу тәсілі: тұяқтасты бес саусақтың ұшымен, алақанға жеткізбей ұстап, екі шеткі жиегін кезекпен жартылай дөңгелете соғып ойнайды.

Қоңырау

Қоңырау — ерте заманда қобызшылар мен бақсылар қолданған аспаптардың бірі. Кейбір күйшілер қоңырауды қылқобыз бен домбыраның жоғарғы мойын жағына байлап, тарту кезінде әрлі-берлі шайқап шылдырлатқан.

Ал шаңқобыз тартатын әйелдер саусақтарына қоңырауды киіп алып, анда-санда қағып отырып дыбысын күшейткен.

Даңғыра

Даңғыра — ұрмалы-сыңғырлақ, қатты дыбысты музыкалық аспап. Бұл — бір жағы терімен қапталған, ішкі жағынан темір сақиналар мен сылдырмақтар ілінген дөңгелек аспап.

Даңғыра шамандық әдет-ғұрыптармен байланысты белгі ретінде де танылған.

Дабыл

Дабыл — дабыл қағу ұғымымен байланысты ұрмалы аспап. Қазақ ауыз әдебиетінде дабыл туралы жиі айтылады. Даусы күркіреп, алысқа естіледі.

  • Екі жағы көн терімен қапталады.
  • Ерге іліп қою үшін бүйіріне ағаш сап орнатылады.

Тапсырма

Аспаптардың атауын дәптерге жазыңдар.

Музыка тыңдау

Нұрғиса Тілендиев

Нұрғиса Тілендиев — күйші-композитор. Халық арасында кең тараған әндері көп. Ол «Отырар сазы» оркестрін құрып, басқарған. Композитордың өзі құрған оркестр орындаған әндер мен күйлер кеңінен танымал болды.

Тыңдалым

Н. Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін тыңдаймыз. Күй «Отырар сазы» оркестрінің орындауында орындалады. Тыңдау кезінде әртүрлі аспаптардың дыбысын ажыратып көруге тырысыңдар.

Талқылау сұрақтары

  • Қандай күй тыңдадыңдар?
  • Қандай аспаптардың дауысын ести алдыңдар?
  • Күйді кім шығарған?

Ән үйрену

Жаңа ән: «Айгөлек»

Бүгін балалар шығармашылығынан жаңа ән үйренеміз. Бұл — Бақытжан Байқадамовтың «Айгөлек» әні. Әнді алдымен аспаптың сүйемелдеуімен орындап беремін, сендер мұқият тыңдайсыңдар.

  • Әнді фраза бойынша үйрену.
  • Музыкалық аспапқа қосылып орындау.

Сергіту сәті: «Кел, ойнайық»

Ырғақты қимылдарды орындау арқылы сергіп аламыз.

Кәне, қызық ойын бар,
Домбыраны алыңдар.
Енді шертіп көріңдер,
Әнге салып айтыңдар.

Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек!
Жайраңдасып, қуанып,
Би билейік дөңгелеп!

Домбырамен жұмыс

Жаттығу

  • Екі саусақ жаттығуын жоғары және төмен қағыстармен орындау.
  • Домбыраны дұрыс ұстау ережесін сақтау.
  • Орындыққа дұрыс отыру қалпын қадағалау.

Сабақты бекіту: музыкалық-дидактикалық ойын

Мақсат — ұрмалы және ішекті аспаптарды дыбыс ерекшеліктері арқылы ажырата білуге дағдылану (дабыл, асатаяқ, тұяқтас, қоңырау, домбыра, қобыз, жетіген және т.б.).

Балалардың қызығушылығын сақтау үшін, ойын барысында аспаптың суретін немесе өзін бірден көрсетпей, дұрыс тапқанға дейін жасырған жөн.

Кестені толтыру

Тапсырма Жауабы
Ұрмалы аспаптар ...
Ысқышты аспаптар ...
Шертпелі аспаптар ...
Үрмелі аспаптар ...

Қорытынды және бағалау

Қорытынды сұрақтар

Сұрақтарға дұрыс жауап берсеңдер, бөлшектенген аспапты дұрыс құрастыра аласыңдар.

  1. «Айгөлек» әнінің авторын ата.
  2. Әннің әуені қандай?
  3. Бүгін сабақта қандай күй тыңдадық?
  4. Күйдің авторын ата.

Үй тапсырмасы

  • «Айгөлек» әнін жатқа айту (әнімен орындау).
  • Ұлттық аспаптар туралы оқып келу.

Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар мадақталып, бағаланады.