Табиғат көрінісі бейнеленген суретші шығармаларын көрсету

Пән мұғалімі

Назаров Батырхан Досболович

Пән

Технология, сызу және бейнелеу өнері

Сабақ типі

Жаңа оқу материалын меңгерту

Тақырып

Табиғат жанры (пейзаж)

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Табиғат жанры туралы түсінік беру; пейзаж түрлерімен таныстыру; кескіндемелік дағдылар мен біліктерді қалыптастыру.

Дамытушылық

Назар аудару мен бақылағыштықты дамыту; табиғатқа сүйіспеншілік және қоршаған ортаға эстетикалық қарым-қатынас қалыптастыру.

Тәрбиелік

Табиғатты аялауға және қорғауға баулу; табиғат сұлулығын сезінуге, көре білуге үйрету.

Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер

Сабақ әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Түсіндіру

Көрнекіліктер

  • Слайдтар: табиғат көрінісі суреттерінің көшірмелері, фотосуреттер
  • Сызықтық және кеңістіктік перспектива кестесі

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, қажетті құрал-жабдықтарды реттеу, назарды сабақ тақырыбына шоғырландыру.

II. Үй тапсырмасын тексеру (сұрақ-жауап)

  • 1 Портрет дегеніміз не?
  • 2 Портреттің қандай түрлері бар?

III. Жаңа сабақты түсіндіру

Пейзаж — француз тілінен енген сөз; мағынасы — ландшафт, табиғат көрінісін бейнелеу. Пейзаж дербес жанр ретінде Қытайда, Жапонияда және басқа да Шығыс елдерінде, сондай-ақ Еуропада дамыды.

Пейзаж өнері сан алуан. Кейбір пейзаждар табиғаттың өмірде бар нақты көрінісін бейнелесе, енді біреулері суретшінің қиялынан туады. Қай жағдайда да суретші табиғаттың мінез-құлқын, көңіл күйін және кеңістік әсерін дәл жеткізуге ұмтылады.

XVII ғасырдан бастап суретшілер табиғат көрінісін басты тақырып еткен дербес картиналар жазуға кірісті. Әсіресе XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында орыс суретшілері пейзаж жанрында үлкен жетістіктерге жетті.

Пейзаж жанрындағы белгілі туындылар

  • Ф. Васильев

    «Жаңбыр алдында»

  • К. Юон

    «Қыс соңы»

  • С. Герасимов

    «Жаз өтті»

  • К. Коровин

    «Көктем»

  • И. Айвазовский

    «Тоғызыншы балл»

Қазақстан суретшілерінің пейзаждары

Қазақстан суретшілері Ә. Қастеев, Г. Ысмайылов, С. Мәмбеев, О. Таңсықбаев, Ү. Әжиев және басқа да қылқалам шеберлері пейзаж жанрында көптеген құнды шығармалар ұсынды. Бұл туындылар қазақ жерінің кеңдігі мен әсемдігін, табиғаттың мінезін және мезгілдік өзгерістерін айқын көрсетеді.

  • А. Черкасский

    «Көктем»

  • Ә. Қастеев

    «Шалкөде жайлауы»

  • Ү. Әжиев

    «Асы жайлауы»

  • Ә. Ысмайылов

    «Хантәңірі»

  • Ж. Шарденов

    «Қыс»

Көрсетуге ұсынылатын жұмыстар

Ә. Қастеев

«Менің Отаным» (1959)

Ә. Қастеев

«Биік таудағы мұз айдыны» (1955)

Пейзаж түрлері

Ауыл пейзажы Саябақ пейзажы Қала пейзажы Теңіз пейзажы (марина) Сәулет пейзажы Индустриялық пейзаж

Ауыл пейзажы

Ү. Әжиевтің «Асы жайлауы» сияқты туындылар ауыл өмірін және оның айналасындағы табиғатпен шынайы байланысын бейнелейді.

Саябақ пейзажы

В. Батуриннің «Ясная Полянадағы гүлдер» картинасындағыдай, адамдар демалуға арналған табиғат аясы көрсетіледі. Мұнда табиғат кейде геометриялық тәртіпке бағынады, кейде табиғи пішіндер сәндік элементтермен әсем үйлесім тауып, еркін орналасқандай көрінеді.

Қала пейзажы

О. Нұржұмаевтың «Түнгі субұрқақ» картинасындай, қала кеңістігі — биік ғимараттар, көшелер, даңғылдар, алаңдар, жағалаулар және өзге де көрікті орындар бейнеленеді.

Теңіз пейзажы (марина)

И. Айвазовскийдің «Теңіздегі түнгі дауыл» туындысындағыдай, бірде тынық, бірде буырқанған теңіздің сұлулығы, көбік шашқан асау толқындар мен дауыл сипаты көркем тілмен жеткізіледі.

Сәулет пейзажы

А. Остроумова-Лебедеваның «Крюков арнасы» сияқты жұмыстар қалалық пейзажға ұқсас. Айырмашылығы — сәулет пейзажында сәулет ескерткіштері табиғи орта аясында ерекше мәнмен көрсетіледі.

Индустриялық пейзаж

К. Моненің «Сен-Лазар вокзалы» картинасындағыдай, зауыт-фабрикалар, бөгеттер, электр бекеттері, вокзалдар мен көпірлер, теміржол тораптары арқылы жасампаз адамның рөлі мен замана келбеті ашылады.

IV. Өзіндік жұмыс

Тапсырма

Елестету немесе қиялдау арқылы ойыңдағы көріністің суретін сал. Табиғаттың буырқанған, қозғалыстағы кейпін немесе тыныш, бірқалыпты күйін беруге тырыс. Кеңістік әсерін көрсету үшін перспектива ережелерін қолдан.

V. Қорытынды сұрақтар

  • Пейзаж дегеніміз не?
  • «Пейзаж» сөзінің мағынасы қандай?
  • Пейзаж түрлерін атаңдар.
  • Қандай суретшілердің пейзаж шығармаларын білесіңдер?

VI. Бағалау

Оқушылардың жұмыстары композиция, перспектива, түстік үйлесім және орындау мәдениеті бойынша бағаланады.

VII. Үй тапсырмасы

Сынып жұмысын түспен аяқтау.