Мамандық туралы мағлұмат

Кіріспе: мамандық таңдау неге маңызды?

Әлемде 40 мыңға жуық түрлі мамандық бар. Зерттеулерге сүйенсек, жыл сайын 25 миллион адам жұмыс орнын ауыстырады, ал олардың шамамен 25%-ы кейін қайтадан бұрынғы жұмысына оралады.

Бұл нені білдіреді? Мамандық таңдауда қателеспеу үшін адамның өз болашақтағы кәсіби қызметіне жан-жақты дайындалуы маңызды. Қоғамға және адамдарға пайда әкелетін істі қалай табамыз? Бүгінгі тәрбие сағатында осы және өзге де сауалдарға жауап іздейміз.

Негізгі ұғымдар

Профессия

Латын тіліндегі professio сөзінен шыққан, «анықталған іс», «мамандық» дегенді білдіреді.

Мамандық

Өмір сүру көзі болып табылатын және белгілі бір дайындықты, қабілетті, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.

Сұрақ-жауап және ойын бөлімі

Сұрақ-жауап

  • Сен қандай мамандық иелерін білесің?
  • Оларды не үшін маңызды деп санайсың?

«Қандай мамандық?» ойыны

Оқушылар мамандықтарды үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) атап, қысқаша мәлімет береді. Мақсат — сөздік қорды кеңейту және мамандық туралы түсінікті нақтылау.

Шығармашылық үзілістер

Би

«Қара жорға» — сыныптың ер балалары орындайды.

Ән

Сарыбай Гаухардың орындауында «Домбыра туралы баллада».

Тесттік тапсырмалар

Төмендегі тапсырмалар оқушылардың қызығушылығын оятып, әр мамандықтың өзіндік ерекшелігін байқауға көмектеседі.

1) Ең ақшасы көп мамандық қандай?

  • а) еден жуушы
  • ә) мал дәрігері, орманшы
  • б) бухгалтер, экономист

2) Ең «жасыл» мамандық қандай?

  • а) мұғалім, дәрігер
  • ә) эколог, бағбан
  • б) мұнайшы, ұшқыш

3) Ең «тәтті» мамандық қандай?

  • а) аспаз, кондитер
  • ә) сот, заңгер
  • б) шахтер, ғарышкер

4) Ең «күлкілі» мамандық қандай?

  • а) журналист, зергер
  • ә) клоун, карикатурашы
  • б) ғарышкер, ұшқыш

5) Ең жауапты мамандық қандай?

  • а) сот, бухгалтер
  • ә) әнші, биші
  • б) ұста, шебер

6) Ең салмақты мамандық қандай?

  • а) клоун, әзілкеш
  • ә) мұғалім, заңгер
  • б) аспаз, кондитер

7) Ең қарым-қатынасы күшті мамандық қандай?

  • а) мұнайшы, орманшы
  • ә) бағбан, диқан
  • б) бизнесмен, кәсіпкер

Арман мен таңдау: болашақ мамандық туралы ойлар

«Мен таңдайтын мамандық» (үзінді)

Шіркін-ай, күйші болсам, шіркін-ай, әнші болсам, шіркін-ай, ғалым болсам — бал тамған бармағынан, кәдімгі күміс таңдай, тілдескен даналықпен!

Шіркін-ай, биші болсам, шіркін-ай, батыр болсам, әлемге мәлім болсам — шығып бір арманымнан, айбаты арыстандай, ашқан көп жаңалықпен!

Оқушы монологтары: «Мен кім боламын?»

Дәрігер

Мен дәрігер боламын. Үлкеннің де, баланың да қиналғанда қасына бірінші болып барамын.

Ұшқыш

Ар-намысын сақтаған, жүректе сыр сақтаған, жан-тәнімен қызмет еткен ұшқыш болғым келеді.

Инженер

Мен инженер боламын. Жерден алтын табамын, әйгілі академик ағаның жолын қуамын.

Ақын

Ал мен ақын боламын. Сусылдаған қаламыммен адамдардың жүрегін жырмен жаулап аламын.

Агроном

Нан беремін баршаға. Жер маманы боламын: бақшаға жиі барып, агроном ағамнан үйренемін.

Мұғалім

Мен өсіп, үлкен болғанда өз ауылымыздың бөбектерін оқытып-үйретіп, мұғалім боламын.

Ән

«Сарбаздар әні» — Көптілеуова Жанасыл орындайды.

Қорытынды ой

Дәйексөздер

«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет; бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе».
Ж. Аймауытов
«Отанның болашағы, мемлекеттің келешегі жастардың қолында. Сондықтан өрісті ой, өркенді іс, табанды тіршілік — бәрі біліммен ұштасқан біліктің арқасында биік белестерге жеткізеді».
Н. Ә. Назарбаев

Ойлануға арналған сұрақ

Бүгінгі әңгімеден кейін өзіңе бір сұрақ қой: «Мен таңдағалы отырған мамандыққа қандай қабілетім мен қандай еңбегім сәйкес келеді?»