Дұрыс айтасыңдар аққу киелі құс

Табиғатты аялай білейік!

Мақсаты

  • Оқушыларды өздігінен ізденіске баулу, қиялын шыңдап, шығармашылыққа жетелеу.
  • Ойлау қабілетін және тілін дамыту.
  • Табиғатты қорғауға, қамқор болуға, елін және жерін сүюге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Суреттер, қанатты сөздер, шарлар, макеттер және басқа да көрнекі құралдар.

Сабақ барысы

Психологиялық дайындық, жүргізушілер сөзі, табиғат туралы өлеңдер, хор орындауы және құстар жайлы танымдық бөлім.

Психологиялық дайындық

Табиғат — біздің анамыз,

Табиғатқа — баламыз.

Құшағында ойнаймыз,

Шаттық әнге саламыз.

1-жүргізуші

Сәлеметсіздер ме, қадірлі ұстаздар, оқушылар және қонақтар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз бізді қоршаған табиғат туралы.

2-жүргізуші

Табиғат — бізді қоршаған орта: аспан, ай, жұлдыз, ауа, күннің жылуы, өзен, көл, жарық. Табиғат — байлықтың көзі. Сондықтан айналамыздағы бар дүниеге қамқор болуымыз қажет.

Табиғат туралы өлеңдер

1-оқушы

Қайырлы күн, күнім, далам, орманым,

Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім.

Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер,

Қайырлы күн, бар тіршілік киесі!

2-оқушы

Табиғат — сұлу мекенім,

Өзіңді пана етемін.

Саяңда өсіп, ер жетем,

Биікке самғап жетемін.

Хор

«Балдырған»

1-жүргізуші

Табиғат — тіршіліктің алтын ұясы, аялы бесігі. Ол — құтты қоныс, өсіп-өркендеу мен өнердің мекені.

2-жүргізуші

Табиғатқа деген алғысымыз шексіз. Оның бар тіршілігін, құстары мен жан-жануарларын қорғау — біздің міндетіміз. Әрқайсысының адамға берер пайдасы мол.

Ой салатын шумақтар

4-оқушы

Кешкілік пе, күндіз бе,

Өсіп тұрған гүлді үзбе.

Туған жерді далаға,

Тастай салғалы жүрміз бе?

5-оқушы

Үзіп алсаң сен бір гүл,

Үзіп алсам мен бір гүл,

Не қалады сиқынан,

Қызыл-жасыл жердің бұл?

Сұрақ-жауап және танымдық бөлім

Сұрақ:

Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

Жауап:

Дұрыс, көктем. Көктемде жыл құстары ұшып келе бастайды. Құстардың бізге пайдасы өте көп.

Қарлығаш туралы мәлімет

  • Қарлығаш ерте келіп, кеш қайтады.
  • Жемтігін ұшып жүріп қағып жейді, суды да солай ішеді.
  • Адамдарға жақын жүретін құс.
  • Жаз бойы шамамен 1 миллион құрт жейді.
  • Сондықтан қарлығашты «адамның досы» деп атайды.

6-оқушы

Қарлығашпын мен, қарлығашпын,

Шыбын деген кеселден

Тазалаймын үй ішін.

Ел аузында мақтаулы,

Тазалықшымын төселген.

Аққу — киелі құс

Балалар, аққу туралы не білеміз? Дұрыс айтасыңдар, аққу — киелі құс.

Аққулар біздің теңізге қыста, күн салқындағанда келеді. Олар жұп болып жүреді және өте тату болады. Аққуды атуға болмайды. Айтуларынша, жыландар да аққудың жұмыртқасына тимейді.

7-оқушы

Құс сұлуы — аққумын,

Табиғат көрік сыйлаған.

Мылтығын кезеп еш мерген,

Атуға көзі қимаған.

Сұлулықты паш етіп,

Жырлаған талай ақындар.

Нәзік үнді, көл көркі,

Құс патшасы — мен болам.

Түйін

Табиғат — ортақ үйіміз. Оны қорғау — бір сәттік әрекет емес, күнделікті мәдениет: гүлді жұлмау, құсты үркітпеу, айналаны таза ұстау, жан-жануарға қамқор болу. Табиғатты аялау арқылы біз өз болашағымызды қорғаймыз.