Неше қоян
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы (ІІ кіші топ)
Бұл жоспар балалардың 1–3 сандарын тану, санау және салыстыру дағдыларын дамытуға бағытталған.
Негізгі ақпарат
- Білім беру саласы
- Таным
- Бөлімі
- Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру
- Сабақ тақырыбы
- 2 және 3, 1 және 3 сандарын салыстыру
Мақсаты
- Екі топтағы заттардың тең және тең емес екенін анықтауға үйрету.
- Үшке дейін санау машығын жетілдіру.
- Заттарды шамасына қарай салыстыру дағдысын дамыту.
- Геометриялық фигуралардың атауын атай отырып, оларды топтастыруды жалғастыру.
- Ұсақ қол моторикасын және сипап сезу қабілетін дамыту.
- Монтессори элементтерін қолдана отырып, баланы жан-жақты тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен құрал-жабдықтар
Көрнекіліктер
- 1, 2, 3 сандарының карточкалары
- 1, 2, 3 сандарына сәйкес суреттер
- Геометриялық фигуралардың суреттері
Қажетті құрал-жабдықтар
Монтессори материалдары
Сөздік жұмысы (үш тілде)
- бір — один — one
- екі — два — two
- үш — три — three
Билингвальді компонент: қазақ, орыс және ағылшын тілінде бекіту.
Мотивациялық-қозғаушылық кезең
Тәрбиеші: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін бізге қонақтар келді. Қане, бәріміз шаттық шеңберге тұрып, қонақтармен және бір-бірімізбен амандасайық.»
Шаттық шеңбер: «Ізгі сөздер»
Бақшамызға барғанда,
Жолыққан бар жандарға,
Ертемен, ақ пейілмен,
«Қайырлы таң!» — деймін мен.
Күндіз де елді елеймін:
«Қайырлы күн!» — тілеймін.
Үйге кешке келемін,
Не дерімді білемін:
«Кеш жарық!» — деп кіремін.
Алдыңғы білімді еске түсіру
Тәрбиеші: «Балалар, біз сендермен нешеге дейін санап үйрендік? Қане, бәріміз бірге санайық.»
Бірнеше баладан жеке-жеке, сондай-ақ топпен бірге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде санауды сұрау.
Ұйымдастыру-іздестіру кезеңі
«3» санымен таныстыру
Тәрбиеші «3» санын көрсетеді: «Мынау — үш саны. Ол екіден кейін тұрады. Үш — екіден де, бірден де көп.»
Бірге санау: «Бір, екі, үш». Топпен және жеке-жеке қайталату.
Билингвальді бекіту
бір — один — one, екі — два — two, үш — три — three.
Суреттермен жұмыс: санау және салыстыру
- «Бұл не?» — сурет бойынша атау (мысық, қоян, арыстан).
- «Неше мысық көріп тұрсыңдар?» — бірге санау.
- «Неше қоян бар екенін санайық.» — санатып, жауапты нақтылау.
- «Неше арыстан бар екенін бірге санайық.» — топтық санау.
Қорытынды сұрақ: салыстыру
«Айтыңдаршы, бір мысық көп пе, екі қоян көп пе, әлде үш арыстан көп пе?»
2 және 3, сондай-ақ 1 және 3 сандарын салыстыру: қайсысы көп, қайсысы аз, және қай кезде тең болатынын талқылау.