Сабақ көрнекілігі
Сабақ тақырыбы: «Менің Қазақстаным!»
Бұл тәрбие сағаты оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және Қазақстан туралы білімін тереңдетуге бағытталған.
Тәрбиелік мақсат
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, Отанын және елін сүюге тәрбиелеу.
Білімділік мақсат
Балалардың Отан, Рәміздер, Елбасы туралы түсініктерін кеңейту.
Дамытушылық мақсат
Ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілеттерін дамыту, тіл байлығын және сөздік қорын молайту; Отанға, елге деген сүйіспеншілікті күшейтуге жағдай жасау.
Сабақ туралы мәлімет
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап, слайдпен жұмыс, мәнерлеп өлең оқу
- Сабақ түрі
- Дәстүрлі сабақ, жаңа сабақ
- Көрнекіліктер
- Суреттер, слайдтар, буклеттер
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, орындарына отырғызу.
- Қазақстан Республикасының Әнұранын орындату.
- Сабақтың тақырыбын ашу: «Менің Қазақстаным!»
Сұрақ-жауап
Сұрақ:
Балалар, біз қандай Республикада өмір сүреміз?
Жауап:
Қазақстан Республикасында.
Дұрыс. Қазақстан Республикасы — біздің Отанымыз.
Негізгі кезең
Қазақстанды картадан көруге болады. Елімізде көптеген әдемі әрі үлкен қалалар бар.
Елорда
Еліміздің бас қаласы — Астана. Ол — үлкен, көрікті қала.
- Биік үйлер
- Кең көшелер
- Бәйтерек
Бәйтерек туралы аңыз
Ертеде Самұрық деген құс болыпты. Ол жылына бір-ақ рет алтын жұмыртқа жұмыртқалайды екен. Самұрық құс сол алтын жұмыртқасын дүниеде сирек кездесетін «Бәйтерек» ағашына салады.
Аңыз бойынша, алтын жұмыртқасы бар Бәйтеректі көрген адамның жолы болып, бақытты өмір сүреді, тірегі мен таянышы болады.
Басқа қалалар және туған өлке
Астанадан басқа да ірі қалалар: Семей, Өскемен, Алматы, Павлодар, Қарағанды және т.б.
Біз тұратын өңір — Маралды. Маралды ауылы — көрікті ауыл.
Елбасы туралы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Н. Ә. Назарбаев. Ол 1991 жылдың 1 желтоқсанында сайланды. Елдің дамуына қосқан еңбегі зор.
Мемлекеттік рәміздер
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Мемлекеттік рәміздерге Ту, Елтаңба, Әнұран жатады.
Ту
Тудың түсі — көгілдір. Онда Күн, қыран бүркіт және ұлттық өрнек бейнеленген.
- Көгілдір түс — ашық аспан, бейбітшілік пен тыныштық нышаны.
- Алтын күн — тыныштық, байлық, даму мен өркендеудің белгісі.
- Қанатын жайған қыран — еркіндік сүйгіш рух пен кеңдікті білдіреді.
Елтаңба
Елтаңба — Қазақстан Республикасының негізгі мемлекеттік рәміздерінің бірі.
Ол тәуелсіздік, бірлік және ортақ құндылықтарды танытады.
Әнұран
Әнұран — елдік рухты көтеретін, Отанға деген сүйіспеншілікті күшейтетін мемлекеттік белгі.
Қазақстан — көпұлтты ел
Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады: қазақ, орыс, татар, неміс, ұйғыр, өзбек және т.б.
Сергіту сәті
Оқушылардың көңілін сергітіп, бой жазу жаттығуларын орындату.
Қорытындылау
Бүгінгі сабақтан түйгеніміз
- Отанымыз — Қазақстан Республикасы.
- Елордамыз — Астана.
- Тұңғыш Президент — Н. Ә. Назарбаев.
- Мемлекеттік рәміздер — Ту, Елтаңба, Әнұран.
Тақпақтар
Сабақ соңында оқушылар Отан, Ел, Рәміздер және тәуелсіздік туралы өлең жолдарын мәнерлеп оқиды.
Балым
Атыңнан айналайын, егемен ел, Тәуелсіз күнің туды, кенеле бер. Мерейің құтты болсын, тәуелсіздік, Ғасырдың тойы болсын, мәңгі келер!
Інжу
Менің елім — алып ел, Бақша да бар, бау да бар. Бара ғой онда, бәрі де: Орман да бар, тау да бар.
Балнұр
Өзен де бар, көл де бар, Теңіз де бар, шөл де бар. Аң-құсымен көрікті, Алып елді танып ал.
Ерсін
Таңдай қаққан шартарап, Көк туымдай бар ма бақ? Қыран самғап барады, Күнді иыққа арқалап.
Толғанай
Тәуелсіздік — тәтті ұғым, қандай ғажап! Халқымның орындалды басты арманы. Туған тілдің мәртебесін тасқа қашап, Күмбез көкте желбірейді көк байрағы.
Аяулым
Елтаңбасы елімнің Неткен айбат, әдемі. Тұнығындай көңілдің Ортада аспан әлемі.
Айым
Ақ ниетті — алтын күн, Асқақ арман — қыраны. Жалауы бұл халқымның, Мәртебесі — тұмары.
Шолпан
Ақ Ордам, менің Астанам, Еңсесі биік басқадан. Көркейеді күн санап, Арқа төсінде жас қалам.
Тәрбиеші
Мен қазақпын, ұланымын қазақтың, Тәуелсізбін, егеменмін, озатпын. Көк байрағым көгімде желбіреп, Алатаудай көкке өрлеген азатпын. Көк жүзінде қалықтаған қыранмын, Бейбітшілік пен бостандық — жыр-әнім. Самғап жүрсек бостандықта биікте, Шарықтайды кең көлемде бұл әнім. Бақтың құсы әр адамға қонып бір, О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр. Бүгін міне, тәуелсіздік, ағайын, Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!
Қорытынды ән
Соңында оқушылар тақта алдына жиналып, «Әрқашан күн сөнбесін» әнін орындайды.