Жылан жан сауғалап, жиырыла кейін шегінді
Баланы өлімнен құтқарған құс
Көлеңкеде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жеті-сегіз жасар балаға қарай айыр тілін сумаңдатып, улы жылан жақындап келеді.
Күтпеген жерден, қайдан шыға келгені белгісіз бір құс бала мен жыланның арасына түсіп, кес-кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай шиыршық атып, айбат шегіп, ысқырып жіберді.
Құс аяғын санап басып, жақындай түсті. Бала әлі де ұйқыда, ештеңеден бейхабар. Екі түз тағысының адам үшін шайқасы басталып кетті.
Жылан шабуылды үдете түсті. Бірақ құс та жылдам жалтарып, оның улы тісін бойына дарытпады.
Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп, жалтара берді де, жылан басын қайта тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оны төбесінен қайта-қайта шоқып алды.
Жылан жан сауғалап, жиырыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап, үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді.
Бала оянып кетті. Ол қимылсыз, бауыры жалтыраған улы жыланды және жан ұшырып арпалысқан құсты көріп, таңырқап қалды. Екеуін бірдей кім өлтіріп кеткенін білмей, аңырап жан-жағына қарады.
Жүрегі әлсіз ғана соғып жатқан кішкентай құстың өзі үшін мерт болғанын бала бірден түсінбеді.
Дереккөз
«Балаларға арналған календарь», 1969 ж.