Отбасында атадан кейінгі адам кім

Тәрбие сағатының барысы

Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Менің отбасым» тақырыбына арналған. Сабақ барысында біз отбасы туралы — адамға ең қымбат, ең жақын адамдар туралы, олардың мейірімділігі, сүйіспеншілігі мен имандылығы жайлы әңгімелейміз.

Ой қозғау сұрақтары: «Отбасы деген не? Кім өз отбасы туралы айтып береді?»

Отбасындағы ең үлкен, қадірлі жан — ата

Отбасында ең үлкен, қадірлі адам — ата. Ол — өнеге, ақыл, тәжірибе мектебі.

1-оқушы

Менің атам мықты адам,
Күштілерден ықпаған.
Жас кезінің өзінде,
Жігітті жоқ жықпаған.

Домбырасын қолға алып,
Ән салады аташым.
Күй тартқанда толғанып,
Қызығына батамын.

2-оқушы

Айтады ертек жан атам,
Ақ сақалын сипалап.
Құмарымды тарқатам,
Жер мен көкті аралап.

Ертегілер еліне
Бір шегетін сапарды
Ардақтаймын өмірде
Асқар таудай атамды.

Атадан кейінгі асыл жан — әже

Атадан кейінгі қадірлі жан — әже. Әже — мейірімнің шуағы, отбасындағы жылулықтың бастауы.

Ән

«Әжемнің шайы»

3-оқушы

Куәгер кешегі заманға,
Әрдайым жайдары жүзді.
Көп ертек білетін қызықты,
Көрсеңдер аяулы әжемді.

Әлдекім әжемнің шашына
Әдейі бор жағып қойғандай,
Кимешек тартқанда басына
Болады ақша бұлт қонғандай.

Асқар тау — әке

Отбасындағы жауапкершіліктің, қорған мен тіректің символы — әке.

Жұмбақ: «Атаңның баласы. Кей кезде таласып қаласың әжеге. Білгенің асады кәдеге. Ол кім?» Жауабы: әке

4-оқушы

Ыстық-ау кім-кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай мәпелеген.
Өмірдің соқтығымен өрге тартып,
«Алдымен адам бол!» деп жетелеген.

Мейірімнің бастауы — ана

Үйімізге құт дарытып, түн ұйқысын төрт бөліп бөбегін тербететін; ауырғанда дәрігердей демейтін; қызығыңды да, бұзығыңды да көтеріп, әрдайым жанында қорған болатын ең аяулы жан — ана.

5-оқушы

Әлпештеген баласын
Ана — бақыт, ана — күн.
Әркім сүйіп өзінің
Мақтан етер анасын.

6-оқушы

Өзіңсің, сүйікті анам, құдіретім,
Жанымды жадыратып күлдіретін.
Сендегі маған деген мол мейірді
Нұр толы қос жанарың білдіретін.

Ән

«Әке мен ана туралы ән» — оқушылардың орындауында.

Қорытынды

Ата, әже, әке, ана — бәрі де біз үшін ең қымбат адамдар. Отбасы — сыйластық пен сүйіспеншілік ұялаған, адамгершілік құндылықтар қалыптасатын қасиетті орта.

7-оқушы

Құт-береке атаң қымбат,
Мейірімді әжең қымбат.
Асқар тауың әкең қымбат,
Аймалайтын анаң қымбат.

Талқылауға арналған сұрақ

Отбасын кімдер құрайды? Әр адамның отбасындағы орны мен жауапкершілігі қандай?

Дереккөз

Орны: Қандыағаш қаласы, №1 орта мектеп

Дайындаған: Құрақбаева К. Е.

Материал: «Отбасы — шаңырақ берекесі»