Тамаша балалар

Ұйымдастыру мәліметтері

Өңір, аудан, елді мекен

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кенті

Білім беру ұйымы

№2 жалпы орта білім мектебі (мектепалды даярлық сыныбы)

Тәрбиеші

Галимжанова Роза Давлетовна

Сайыстың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Балалардың тілін шағын халық ауыз әдебиеті арқылы дамыту.

Міндеттері

  • Еркін сөйлеу дағдысын дамыту.
  • Өз-өзіне сұрақ қоя отырып, ой-өрісін кеңейту.
  • Әдеби сөздік қорын молайту.
  • Үлкендерді сыйлауға және олардың еңбегін құрметтеуге үйрету.
  • Тапқырлыққа баулу, туған тілге сүйіспеншілік тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар

эмблемалар суреттер схемалар ойын атрибуттары 2 жалау үнтаспа

Кіріспе: ойна да, ойлан

Кел, балалар, ойнайық,
Ойнайық та, ойлайық.
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық!

Ал, тыңдаңдар, тыңдаңдар,
Асығыстық қылмаңдар.
«Асықпайық» дегенге,
Бөгеліп, көп тұрмаңдар.

Ойшыл болса қай бала,
Тез табады сол ғана!
Кел, ойланып көрейік,
Қызық жұмбақ айнала!

Бүгін біз «Еңбек – бәрін де жеңбек» атты сайыс өткіземіз. Әр бала кішкентай болса да, ата-анасына, отбасы мүшелеріне және достарына көмектесіп, қолғабыс жасауы керек.

Адам жастайынан еңбекқор, тілалғыш болса, ондай баланы бәрі жақсы көреді, сыйлайды. Үлкендердің батасына ие болып, алғысқа бөленеді. Сондықтан еңбекке ерте ұмтылған абзал. Халықта: «Еңбек ер атандырады» деген мақал бар.

Еңбек – адамның атақ-даңқын шығарады. Еңбектенген адам жеңіске жетіп, қуанышқа бөленеді. Бүгінгі сайыс тапсырмалары да еңбек тақырыбымен байланысты.

Топтарға бөлу және әділқазылар

Топтар

  • «Жұлдыздар» тобы (топ басшысы: Асылжан)
  • «Түймедақ» тобы (топ басшысы: Альбина)

Әділқазылар

Ұпай санап, жеңімпазды анықтау үшін әділқазылар алқасы қажет. Әділқазылар қонақтар арасынан сайланады.

Кім бірінші бастайды?

Бірінші тапсырмаға қай топ жауап беретінін санамақ арқылы анықтаймыз (топ басшылары ортаға шығады, Жарас санамақ айтады):

Қағаз, қалам,
Қолға алам.
Елге барам,
Малшы болам.
Сиыр бағам.
Отын шабам,
Оны жарам.
Алау жағам.
Он атта —
Оң жаққа.

Сайыс тапсырмалары

I тапсырма: «Жұмбақ шешу»

Әр топқа мамандықтар туралы жұмбақ жасырылады. Жауап дайын болғанда жалау көтересіңдер. Егер жауап қате болса, қарсы топтан ойыншы жауап бере алады.

Өрнектеп, сәндеп,
Тігістерін бүгетін.
Солпысын жөндеп,
Кім көйлек тігеді?

Жауабы: Тігінші

Жалтылдап қалағы,
Салатын кім қаланы?

Жауабы: Кірпіш қалаушы

Оның тіккен бұйымы,
Аяғыңды қаптайды.
Шыға қалса жұлымы,
Әдемілеп баптайды.

Жауабы: Етікші

Қалпағы ақ қарасаң,
Дәрігер емес, бірақ ол.
Дәм мәзірін қаласаң,
Алға ұсынып тұрады ол.

Жауабы: Аспаз

Дабылға тез жететін,
Жалынға сүңгіп кететін.
Қақалса да түтінге,
Тайсалмайтын батыл кім,
Жасқанбайтын батыр кім?

Жауабы: Өрт сөндіруші

Өскен шашты жаратпайтын,
Қайшысы бар жалақтайтын.

Жауабы: Шаштараз

II тапсырма: «Жұмбақ құрастыру»

Енді өздерің схема көмегімен жұмбақ құрастырып, қарсылас топқа жасырасыңдар. Ол үшін әр топқа суреттер таратылады (кастрюль, балға, кітап, қайшы).

Схема (Т.А. Ткаченко әдісі)

  • 1-схема: ағаштан, темірден, пластмассадан, шыныдан жасалған заттардың суреттері
  • 2-схема: адам бейнесі
  • 3-схема: қол

Мысал: «Ол зат темірден жасалады, оны аспаз қолданады, оның ішінде ас пісіреді».

Қай топ бірінші бастайтынын анықтау үшін Бекслан санамақ жүргізеді (топ басшылары ортаға шығады):

— Қоян-қашқын!
— Қайда қаштың?
— Тоғайға қаштым.
— Неге қаштың?
— Сенен састым.
— Неге састың?
— Ізімді бастың.
— Ендеше қашпа.
— Мылтығыңды таста.
— Оң атта!

III тапсырма: «Өтірік өлеңдер»

Өтірік өлеңдерді мұқият тыңдап, ішіндегі «өтірікті» тауып, айтып беріңдер.

Өнербек санамақ айтады:

Біреу дедік. Екеу дедік. Үшеу дедік. Төртеу дедік,
Сан ішінде кім ұтты?
— Жетеу ұтты.
— Оңды қайда тастадың?
— Оңға қарай бас адым.

Қатысушылар: Зарина, Асылжан, Темірлан, Гүлназ.

Ақ тауыққа мініп ап,
Айға жеттім зымырап.
Екпінінен тауықтың,
Кетті бұлттар ыдырап.

Сүтін сауып торғайдың,
Жетім тайды өсірдім.
Аққу жегіп арбаға,
Бүкіл елді көшірдім.

Инеменен жер қазып,
Су шығардым шөл жерге.
Елікпенен су тасып,
Бөгет салдым көлдерге.

Мініп алып құртқа,
Өрмеледім бұлтқа.
Алып келіп Айды,
Көрсеттім жұртқа.

Сергіту сәті: «Қаражорға»

Балалар әуен ырғағымен қимыл-қозғалыс жасайды.

IV тапсырма: «Мақал-мәтелдер»

Қарсылас айтқан мақалға байланысты мысал келтіресіңдер.

  • Адам жерге нәр береді,
    жер адамға нан береді.

  • Еңбек етпеген ішіп-жемейді.

  • Кім еңбек етсе — соның қарны тоқ.

  • Еңбектің наны тәтті,
    жалқаудың жаны тәтті.

V тапсырма: «Жаңылтпаштар»

Жаңылтпаштарды жылдам әрі дұрыс айту керек.

Бауыржан санамақ айтады:

Өгіз семіз.
Жылқы қонды.
Түйе қомды.
Сиырым сүтті.
Саулығым құтты.

Ала қарға қарға қонды,
Қара қарға қарға қонды.

Бір қыз кесте тікті,
Кестесін түсте тікті.

Ақ тай ақ па?
Қара тай ақ па?

Халық ойыны: «Соқыр теке»

Ойын шарты: балалар шеңбер құрып тұрады. Ортаға көзі таңылған «тентек теке» шақырылады. Балалар бәрі қосылып өлең айтады. Өлең аяқталған соң, «соқыр теке» балаларды ұстауға ұмтылады.

Соқыртеке, бақ-бақ,
Біз айтамыз тақпақ.
Мықты болсаң, кәнеки,
Бірімізді тап-тап.

Қорытынды бөлім: айтыс және марапат

Сайысымыз осымен аяқталады. Әділқазылар ұпайларды санап, қай топ жеңгенін хабарлайды.

Мерекелерде халықты көтеріңкі көңіл-күйге бөлейтін ең қызық әрі көңілді өнердің бірі — айтыс. Бүгін біз де қыз бала мен ұл баланың айтысын тамашалаймыз (Ернұр мен Альбина).

Ұл

Қыздар, қыздар, құртыңнан,
Қуып келдім жұртыңнан.
Сол құртыңнан бермесең,
Тесіп шықсын ұртыңнан.

Қасқыр, қасқыр, қара ала,
Өтірікке қараша.
Қой болмаса далада,
Осы қызды жарала.

Қыз

Бала, бала, қырт бала,
Аузымдағы құрт қана.
Сілекейлеп берейін,
Сусын болсын, жұт, бала.

Маң төбетім барады,
Қасқырларды алады.
Содан кейін: «Қар, бәлем!» —
Тап өзіңді қабады.

Тамаша, балалар! Сендер білімді, ақылды әрі өнерлі екендеріңді көрсеттіңдер. Ана тілдеріңде еркін сөйлеп, сөз мағынасын жақсы түсінетінің байқалды. Енді қорытынды сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Сайыс соңында балаларға алғыс хаттар табысталады.