Тіл білімі салаларын түгел зерделеу
Мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға сөз дәлдігі мен сөздегі логикалық дәлдік ұғымдарын ашып түсіндіру; алған білімді нығайту және кеңейту. Синтаксис туралы білімдерін нақтылап, бекіту.
Тәрбиелік
Мәтіндер арқылы табиғатты аялауға, қорғауға баулу. Бауырмалдыққа, ержүректікке, намысқойлыққа және еркіндік рухына тәрбиелеу.
Дамытушылық
Тапсырмалар арқылы өз бетінше ереже шығару, ойлау, іздену, есте сақтау, шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеттерін дамыту. Мәдениетті сөйлеуге төселдіру.
Ұйымдастыру кезеңі
Сабақтың басталуы
- Сәлемдесу, қатысымды тексеру.
- Сабаққа зейінді жинақтау.
- Абай өлеңі арқылы сөз құдіретіне назар аударту.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы…
Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы,
Қазақтың келістірер қай баласы?!
Үй тапсырмасын тексеру
Тіл білімінің салаларын толық қайталау және жүйелеу: фонетика, лексика, морфология, синтаксис.
Жаңа сабақ: сөз дәлдігі және логикалық дәлдік
Қызығушылықты ояту: «Миға шабуыл»
Эпиграф: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Егер қазақ тілін білсең, дін де осында, ғылым-білім де осында, әулиелік те осында».
Мәшһүр Жүсіп
Талқылау сұрағы: «Сөз сапасы» дегеніміз не?
Сөз сапасы ойдың дәл, түсінікті әрі әсерлі берілуімен өлшенеді. Ол сөзді орынсыз қолданбаудан, мағынаны бұрмаламаудан басталады.
Сөз дұрыстығы
Сөз дұрыстығы — сөзді, грамматикалық тұлғаларды, сөз тіркестерін және сөйлем құрылымын тілдегі мағынасына әрі айтылатын ойға сай қолдану.
Ахмет Байтұрсынұлы сөздің ұнамды, өңді болуы үшін басты шарттарды атап көрсеткен: сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, лұғат анықтығы, тіл дәлдігі, тіл көрнектілігі.
Сөз мәдениеті: тірек ұғымдар
Қарым-қатынас мәдениетінде мына құндылықтар ерекше орын алады:
- Сөз байлығы — тілдің мүмкіндігін кең қолдану, мазмұнды сөйлеу.
- Сөз дұрыстығы — ойды дұрыс құрылыммен, дұрыс формада жеткізу.
- Сөз тазалығы — орынсыз, бөтен сөзбен шұбарламау.
- Сөз әдебі — сөйлеу мәдениетін сақтау, тыңдаушыны құрметтеу.
Сөз байлығы — сөз сұлулығы. Қазақ тіліндегі сөз санын дәл айту қиын: сөздіктер барлығын толық қамти бермейді. Қазақ тілі — түпсіз терең мұхит.
Сөз дәлдігі: негізгі талап
Сөз дәлдігі — сапаға қойылатын басты талаптардың бірі. Ол сөзді тілдегі мағынасына қарай дәл таңдап, орнымен қолдануды білдіреді. Яғни сөздің табиғи қолданылу шырқын бұзбау қажет.
Мысал
«Жігіт жусан иісіне еліктеп, мас болғанын сезеді».
Бұл жерде еліктеп сөзі мағыналық тұрғыдан дәл емес. Дұрысы: «жусан иісіне елітіп».
Түйін
- Дәл сөз — ойды бұрмаламай жеткізеді.
- Дұрыс таңдалмаған сөз — мағынаны көмескі етеді.
- Сөз дәлдігі — логикалық дәлдіктің тірегі.