Сабаққа дайындық

Ашық сабақ · Технология

Әр түрлі материалдардан парашют пен батпырауық құрастыру

Бұл сабақта оқушылар қағаз және қолжетімді материалдар арқылы парашют пен батпырауық құрастырады, құралдармен қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын бекітеді және үлгі бойынша орындауды үйренеді.

Сабақтың мақсаты

  • Парашют пен батпырауық құрастыруды үйрету.
  • Құрал-жабдықтармен (қайшы, желім, жабысқақ таспа, жіп) қауіпсіз және ұқыпты жұмыс істеуді қалыптастыру.
  • Ой-өрісін, танымдық қабілетін дамыту; шыдамдылық пен эстетикалық талғамға тәрбиелеу.

Нәтижелер (3 бағыт)

Білімділік

Ұшу аппараттары туралы түсінігін кеңейте отырып, қағаздан парашют пен батпырауық құрастыруды меңгереді.

Дамытушылық

Үлгі бойынша жұмыс істеуді үйреніп, қолөнер дағдыларын тереңдетеді.

Тәрбиелік

Ептілік, ұқыптылық және еңбексүйгіштік қасиеттері қалыптасады.

Құрал-жабдықтар

  • Түсті қағаз
  • Желім
  • Қайшы
  • Жіп
  • Жабысқақ таспа
  • Қалам

Көрнекілік ретінде парашют пен батпырауықтың суреттері, дайын үлгілер және қима-шаблондар пайдаланылады.

Сабақ форматы және әдістері

Түрі: ашық сабақ. Әдістері: сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру, топқа бөлу.

Сұрақ–жауап Түсіндіру Топтық жұмыс Сарамандық жұмыс

Сабақтың барысы

Сабақ құрылымы бірнеше кезеңнен тұрады: ұйымдастыру, үй тапсырмасын тексеру, жаңа тақырыпты ашу, сарамандық жұмыс, сергіту, қорытынды және бағалау.

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа дайындықты ұйымдастыру.

II. Үй тапсырмасын тексеру (2 топ)

Тақтада берілген суреттердің атауын тауып, қысқаша түсінік береді. Кейін сұрақ-жауап арқылы білім бекітіледі.

Негізгі сұрақтар

  1. Сюжетті аппликация дегеніміз не?
    Екі немесе одан да көп заттан жасалған аппликация.
  2. Симметрия деген не?
    Затты қақ ортасынан бөліп беттестіргенде, екі жартысының дәлме-дәл келуі. Симметрия — табиғаттың сыйы.
  3. Мозаика дегеніміз не?
    Ұсақ тастардан, мата/қағаз қиындыларынан, шыны сынықтарынан құрастырылатын өрнек.

Қосымша ұғымдар

  1. Оригами дегеніміз не?
    Жапон сөзі, «бүктелген қағаз» деген мағына береді.
  2. Табиғи материалдар қандай болады?
    Шөп, жапырақ, бүр, жаңғақ, құс қауырсыны, бұтақ, көкөніс, ағаш тұқымдары.
  3. Аппликация дегеніміз не?
    Негізге қағаз, мата қиықтарын немесе табиғи материалдарды желімдеу, тігу, бастыру арқылы орындалатын жұмыс.

Қорытынды сұрақ

Осы уақытқа дейін нені үйрендік? Қандай дағдыларды меңгердік?

III. Жаңа сабақ: психологиялық дайындық

Күн шуағын себеді,
Нәр аламын бойыма.
Осы күннің жылуын,
Берейін, досым, бойыңа.

Тақырыпты ашу: жұмбақ

Жайылды көкте қолшатыр,
Бірақ аспан бәрі ашық.
Көктен жерге қалықтап,
Келе жатыр…

Жауабы: парашют

Адам баласы ерте кезден-ақ ұшу аппараттарын жасауды армандаған. Алғашқы ұшу құралы — әуе шары. 1783 жылы тұңғыш әуе шары кенеп пен қағаздан жасалды. Оның алғашқы «жолаушылары» қой, үйрек және әтеш болды.

Екі ғасыр ішінде адамдар ұшу аппаратының алуан түрін жасап шығарды. Солардың бірі — парашют.

Парашют (фр. parachute) — ауада тежелуге немесе белгілі бір жылдамдықпен баяулап төмен түсуге арналған құрылғы.

Парашют идеясын және оның ғылыми негізін 1495 жылы Леонардо да Винчи ұсынған.

Парашют түрлері

  • Құтқарғыш
  • Жаттығулық
  • Спорттық
  • Десанттық

Негізгі бөліктері

  • Баулықтар байланған күмбез
  • Тарту және ілу құрылғысы
  • Аспалы жүйе
  • Арқан орауыш

Парашют күмбезі шатыр мен арқаннан тұрады: күмбез әуеде қалықтауға көмектеседі, ал арқан ұшу кезінде адамды ұстап тұрады.

Батпырауық — балалар өздері жасап, аспанға ұшырып ойнайтын ойын құралы. Оны қағаздан немесе полиэтилен материалынан жасауға болады.

IV. Сарамандық жұмыс (2 топ)

1-топ · 2Ә

Батпырауық жасау

25×25 см
  1. Қағазды 25 см × 25 см шаршы пішінге келтіріп дайында.
  2. Шаршы қағаздың 1 және 2 бұрышын диагональ бойымен қос.
  3. А және Ә бұрыштарының шетінен 7 см өлшеп белгіле, белгі ұштарын қос.
  4. Белгіленген нүктелерді шартты түрде 3–4 және 5–6 деп ата да, 1 бұрышынан 4 және 6 нүктелеріне сызық жүргіз.
  5. Батпырауықтың ұшын үшкірлеу үшін 1–4 және 1–6 сызықтары бойымен қағаз жиегін ішке қарай бүкте.
  6. 3 және 5 нүктелеріне жіп байлап, екі жіптің ұшын біріктіріп түйінде.
  7. Түйінге батпырауықты ұшыратын 10 м жіңішке әрі мықты жіпті байла.

Қауіпсіздік ережесі (қайшымен жұмыс)

  • Қайшыны жабық күйде, ұшын төмен қаратып ұсын.
  • Жүгіріп жүріп, қайшымен жұмыс істеме.
  • Қию кезінде саусақтарды жүзге жақындатпа.

2-топ · 2А

Парашют жасау

15 см жіп
  1. Үлгі бойынша парашют күмбезін және парашютшінің пішінін қиып ал.
  2. Күмбез жасау үшін шаршы қағазды төртке бүкте, кейін тағы екіге бүкте.
  3. Көрсетілген сызықтар бойымен қиып ал да, парашютті жайып жібер.
  4. 15 см жіп алып, күмбездің жоғарғы жағына жабысқақ таспамен бекіт.
  5. Жіптің екінші ұшын парашютшінің пішініне бекіт. Парашютші ұшуға дайын.

Қауіпсіздік ережесі (қайшымен жұмыс)

  • Қайшыны үстел үстінде ашық қалдырма.
  • Құралды қолданғаннан кейін орнына жина.
  • Жұмыс кезінде мұғалім нұсқауын сақта.

V. Сергіту сәті

Ал, балалар, тұрыңдар,
Алақанды ұрыңдар.
Бір отырып, бір тұрып,
Бір демалып алыңдар.

Жұмбақ шешу: «Кім тапқыр?» (2 топ)

Қанаты бар, жаны жоқ,
Табаны бар, аяғы жоқ.
Өзі ұшады, аспанда жүреді,
Теңізден де, таудан да өтеді.

Жауабы: ұшақ

Жоқ оның моторы да, қанаты да,
Сонда да ұшқыштардың санатында.

Жауабы: парашют

Пырылдар көкте инелік,
Инелік емес, үй делік.

Жауабы: тікұшақ

Қылдырықтай бір нәрсе иретілген,
Мойнында ұзын арқан сүйретілген.

Жауабы: ине мен жіп

Сандығым бар өзгеше,
Қолыма алып жүремін.
Ішін ашып ақтарып,
Өмір сырын білемін.

Жауабы: кітап

Түсінгенін тексеру

  • Парашют пен батпырауықтың бөлшектерін ата.
  • Оларға тән қасиеттерді сипатта (ұшу, қалықтау, жіп/арқанның рөлі, пішіннің әсері).

VI. Қорытынды

Бүгінгі сабақта оқушылар парашют пен батпырауық жасауды үйренді. Екі топ та (2А және 2Ә) белсенді қатысып, тапсырмаларды орындады.

Үй тапсырмасы

Парашют пен батпырауықты басқа материалдардан жасап келу.

VII. Бағалау

Оқушылардың ашық сабаққа қатысу белсенділігі мен жасаған жұмыстары бағаланады. Бағалау кезінде стикерлер қолданылып, жіберілген қателер бойынша қысқаша кері байланыс беріледі.

Автор туралы мәлімет

Өңір
Маңғыстау облысы
Аудан
Қарақия ауданы
Технология пәні мұғалімі
Жанабаева Жаныл