Тәрбие сағатын жүргізу
Ашық тәрбие сағатының жоспары
Оқу орны
Қызылорда қаласы, Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық колледжі, Теміржол бөлімі.
Жауапты оқытушы
Арнаулы пәндер оқытушысы: Қаражігітова Э.
Тақырыбы: «Әсемдік сыры — әдептілікте»
Мақсаты
Оқушыларға әдепті адамның қоғам үшін баға жетпес байлық әрі мәртебе екенін түсіндіру; әдеп заңдары салтанат құрған қоғамның абыройы жоғары, тұрмысы сәнді, тіршілігі шуақты болатынын ұғындыру.
Міндеттері
- Көпшілік алдында еркін сөйлеуге дағдыландыру.
- Өз ой-пікірін ашық әрі нақты жеткізе білуге баулу.
- Әдеп пен әсемдіктің байланысын өмірлік мысалдар арқылы талдату.
Түрі
Әңгіме-сұхбат, сұрақ-жауап, пікірлесу, ой толғау.
Көрнекілігі
Нақыл сөздер, слайдтар, мультимедиалық жүйе, интерактивті тақта.
Қатысушылар
АТС-130 тобы, ұстаздар, қонақтар.
Өту барысы
-
1
Ұйымдастыру кезеңі
- Ашық тәрбие сағатының жоспарын нақтылау.
- Сыныпты даярлау және безендіру.
-
2
Мақсат пен міндеттерді анықтау
Әдептің жеке тұлға мен қоғам өміріндегі орнын айқындау, диалог мәдениетін қалыптастыру.
-
3
Тәрбие сағатын ашу
Жүргізушілердің кіріспе сөзі, тақырыптың өзектілігін ашу.
-
4
Негізгі бөлім
Сұрақ-жауап, пікірлесу, бейнематериалдар, нақыл сөздер мен мысалдар арқылы талдау.
-
5
Қорытындылау
Әдептілік құндылықтарын жинақтау, оқушылардың ой-түйіндерін тыңдау, қорытынды сөз.
Сценарий және мазмұн
Жүргізуші 1
«Білер қазақ баласы — сәлем сөздің анасы. Алдымыздан кезіккен көп танысты көреміз, бәріне де ізетпен біздер сәлем береміз».
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! АТС-130 тобының «Әсемдік сыры — әдептілікте» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Жүргізуші 2
«Ата-ананың тілегі — адам болып өскенің. Адамдықтың тілегі — адал болып өскенің. Әдептілік дегенің — әрқашан керегің. Әсемпаздық дегенің — әуре салсаң әлегің».
Сәлеметсіздер ме, қадірменді қонақтар!
Жүргізуші 3: Сұрақ-жауап
Тақырыбымыз әдептілік туралы болғандықтан, мына сұрақтарға жауап беріп көрейік:
- Әдептілік дегеніміз не?
- Әдептілік деп қандай мінез бен іс-әрекетті айтамыз?
(Топ оқушылары өз ойларын ортаға салады.)
Сауалнама және бейнематериал
Қала тұрғындары арасында «Қазіргі жастардың әдептілік деңгейі қандай?» тақырыбында шағын сауалнама жүргізілді. Экранға назар аударайық. (Бейнематериал көрсетіледі.)
Әдеп — қоғамның мәртебесі
Әдепті адамдар — қоғамның баға жетпес байлығы әрі мәртебесі. Қай қоғамда да әдеп жолға қойылса, сол қоғамның абыройы жоғары, тұрмысы бақуатты болады. Әдеп адаммен бірге өсіп, жетіледі; оған отбасы, мектеп, орта және қоғамдық институттар ықпал етеді. Әдептің не екенін көбіне әдепсіз адамды көргенде анық аңғарасың.
Әдеп пен әсемдіктің байланысы
Әдепті әсемдіктен бөліп қарауға болмайды. Орыстың әдебиет сыншысы әрі эстет В. Г. Белинский: «Сұлулық — шындықпен және моральмен туыс. Егер шығарманы көркемдік құндылыққа ие десек, онда ол әдеп-инабаттық жағынан да құнды», — дейді.
Сыртқы келбет
Киім киісі, шаш үлгісі, түр-түс — адамның өзіндік келбетін қалыптастырады. «Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады» деген сөз де осыны меңзейді.
Ішкі мәдениет
Адам ажарлы, ақылды, қайратты болуы мүмкін, бірақ әдеп болмаса — кісілік қадір кемиді. Әдеп — мінездің өлшемі, мәдениеттің айғағы.
Дәстүр — тәртіп пен бірліктің тірегі
Дәстүрсіз халық жоқ. Дәстүр — тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа берілетін әдет-ғұрып, жалпыға ортақ тәртіп пен әдеп-инабат нормаларының жиынтығы.
Француз социологі Э. Дюркгейм дәстүрді адамдардың тәртібін реттейтін қоғамдық тетік деп бағалайды: дәстүрді сақтау — бірлікті бекітеді, ал оны бұзу — ортақ тәртіпке сызат түсіреді.
Тәрбиенің халықтық өлшемдері
Қазақ халқы тәрбиені ерекше қастерлеген. Мұны мына мақал-мәтелдерден де көруге болады:
«Бала тәрбиесі — бесіктен.»
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады.»
«Шешеге қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер.»
«Ұлға — отыз үйден тыю, қызға — қырық үйден тыю.»
Тыю сөздер — ұлттық әдептің қазынасы
Қазақта жүздеген тыю сөздер бар. Олар ұлттың мәдениетін, имандылығын, инабат жоралғыларын сақтауға қызмет етеді. Мысалдар:
- Ішіп отырған құдығыңа түкірме.
- Нанның үстіне зат қойма; нанды теппе.
- Тұзды баспа.
- Үйге жақындағанда жүгірме.
- Жасы үлкеннің алдын кеспе.
- Төрде үлкеннен жоғары отырма.
- Үлкеннің сөзін бөлме.
- Бос бесікті тербетпе.
- Үйде отырып ысқырма.
- Бас киіміңді аяқ асты тастама.
Қысқа ой түйін және бейнематериал
«Әдепті бала ата-анасын төрге сүйрейді, әдепсіз бала ата-анасын көрге сүйрейді» деген нақылдың астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Экранға назар аударайық. (Бейнематериал көрсетіледі.)
Хадистердегі әдеп тағылымы
Мұхаммед пайғамбардың хадистері ислам дінін танытумен қатар, жақсылық-жамандық, адалдық-арамдық, ар-иман, обал-сауап секілді әдеп нормалары жөніндегі терең өнеге болып табылады. Хадистерде әдептің адамның қадірін арттыратын қасиет екені айтылады: әдеп — діннің жаршысы; ұяты бар кісіде иман бар.
Оқушылар шығармашылығы
Келесі сөз топ оқушылары Ізімбай Асқар мен Атаханов Жанарысқа беріледі. Олар әдептілік туралы өз өлеңдерін оқиды.
Әдептілік — қоғамның ең үлкен игілігі
Қоғамдағы ең жақсы адам — әдепті адам. Ал әдепсіздік етек алса, жақсылықтың сағы сынады, құндылықтар орын ауыстырады.
Әдеп тәрбиесі адамның құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіреді. Мейірбандықты күшейтіп, ортаға шуақ таратады.
Қорытынды ой
Әдептілік заңы салтанат құрған қоғамның абыройы жоғары, тұрмысы сәнді, тіршілігі шуақты болады. Әрбір жеткіншек ұрпақ туған халқының әдеп-инабат тағылымын бойына сіңіріп өсуге тиіс. Сонда ғана елімізді өркениетті елдердің алдыңғы қатарынан көре аламыз.
Болашақ — біздің қолымызда!
(Қорытынды бөлім: хор орындауында ән шырқалады — Теңізбай Темірлан және топ оқушылары.)