Қорытынды тапсырма

Ақмола облысы • Ерейментау ауданы • Ажы негізгі мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Серікбаева Гүлшат Есенгелдіқызы

Пәні: Дүниетану • Сынып: 1

Тақырып: Астана

Бұл сабақта оқушылар Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астана туралы түсінік қалыптастырып, қаланың көрікті орындарымен танысады.

Мақсаты

Оқушыларға Астана туралы ұғым беріп, оның сәулеті мен көрнекті нысандары жөнінде танымын кеңейту.

Қажетті құралдар

  • Астана туралы бейнефильм
  • Көрнекілік материалдары (суреттер)
  • Конверт-хат, қағаздар
  • Ермексаз
  • Фломастерлер, бояу қарындаштар

Міндеттері

1) Танымын тереңдету

Оқушылар Астанадағы маңызды құрылыстармен жақынырақ танысып, білімін толықтырады.

2) Ойлау дағдылары

Мәтінмен жұмыс барысында саралау, салыстыру, талдау әрекеттерін орындайды.

3) Бірлескен жұмыс

Жеке және топтық жұмыс жасап, пікір алмасып, бір-бірін үйретеді.

Күтілетін нәтижелер

  • Сабақ соңында оқушылар Астана туралы білгенін өзгелермен бөлісе алады.
  • Астананың күн сайын көркеюі туралы түсінігі қалыптасып, болашақ келбеті жайлы пікір білдіреді.
  • Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындап, өзгеге түсіндірудің маңызын сезінеді.

Бағалау және тексеру тәсілдері

Ой ашар / ой қозғау

Сабаққа эмоционалдық дайындық жасап, тақырыпқа жұмсақ кіріспе жасайды.

Көрнекілік стратегиясы

Сурет, бейнематериал арқылы ойды нақтылап, байланыстырып сөйлеуге жетелейді.

Жұптасып оқу

Мәтінді жұппен оқып, негізгі ойды бөліп алып, қорытынды жасайды.

Қорытынды тапсырма

Оқушының түсіну деңгейін, тілдік қорын және ынтымақтастық дағдысын тексереді.

Сабақ барысы

1) Қызығушылықты ояту (ой ашар)

Сабақ басталар алдында әуен қосылады. Оқушылар көзін жұмып, тынышталып отырады. Мұғалім баяу дауыспен мәтін оқиды:

Сен бақтағы ағаштың көлеңкесінде көк шөптің үстінде тынығып жатырсың. Көкжиектен күн нұрын шашып, айналаны жарыққа бөлейді. Алыстан шақырған әтештің үні, жапырақ арасында сайраған құстар, сылдырап аққан судың дыбысы естіледі. Жылы самал бетіңнен сипап өткендей. Сол сәтте анаңның мейірімді дауысы құлағыңа келеді: «Тұра ғой, ботам, айналайын…»

Табиғаты көркем, ауасы таза, кең пейілді елде туғаның қандай бақыт! Көзіңді ашып: «Осы жарық дүниеге әкелген ата-анама, жылуын төккен Күнге, ырысын берген Жер-Анаға бас иемін» деп айтқың келе ме?

Оқушылар көзін ашады. Мұғалім сұрайды: «Көңіл күйлерің қандай?»

2) Топқа бөлу және алғы әңгіме

Мұғалім «Отан отбасынан басталады» деген ойды талқылай отырып, отбасының кішкентай Отан екенін түсіндіреді. Топ басшысы – отбасының ақылшысы әрі көмекшісі ретінде таныстырылып, топ басшысы ретінде ер бала тағайындалады.

Бүгін төрт «әулеттің» білімі мен тәртібі бақыланады.

3) Өткенді қайталау

Өткен сабақтағы тапсырма көрнекілік арқылы тексеріледі: оқушылар қағаздағы бейнелерді тауып, сол бойынша «Менің Отаным – Қазақстан» мәтінінен түсінгенін әңгімелейді. Отан туралы білетін өлең шумақтарын айтады.

4) Мағынаны тану

Бейнефильм және сұрақ

Теледидардан бейнефильм көрсетіледі, суреттер ұсынылады. Мұғалім сұрайды: «Не көрдіңдер?»

Тарихи дерек

Қазақстан Республикасының Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев және Астана әкімі – Иманғали Тасмағанбетов туралы мәлімет беріледі. 1997 жылы астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілгені, 1998 жылы мамырда Ақмоланың Астана аталғаны түсіндіріледі.

Оқушылар оқулықтағы мәтінді толық оқып, топ ішінде мазмұнын талдайды. Әр топтан бір оқушы сөйлейді, қалғандары тыңдап, сұрақ қояды.

5) Сергіту сәті

Қане, қане тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Тұрсақ енді шеңберге,
Алақанды ұрайық.

Оң жақтағы балаға,
Сол жақтағы балаға,
Шапалақта, шапалақ —
Отырайық, тұрайық.

6) Топтық тапсырмалар

«Астана» әні ойнап тұрады. Әр топқа төмендегі тапсырмалар беріледі:

1-топ: «Пирамида» (буын саны бойынша)

1, 2, 3, 4 буынды сөздерді тауып, ретімен орналастырып «пирамида» құрастырады. Мысал сөздер: Пирамида, Парламент, Думан, цирк.

2-топ: Ғимарат атауын сәйкестендіру

Ғимараттардың суреттері мен атаулары беріледі. Оқушылар әр суреттің астына дұрыс атауын орналастырады.

3-топ: Ермексаздан модель жасау

Оқушылар бірлесіп, өз ойларынан жаңа әрі әдемі ғимараттың үлгісін (моделін) жасайды.

4-топ: Сөйлем құрастыру

«Астана» тақырыбы бойынша мазмұнды сөйлемдер құрап жазады немесе ауызша айтады.

Ой толғаныс және қорытынды

Рефлексия

«Бүгінгі сабақтан не алдыңдар? Не үйрендіңдер?»

Азаматтық ой

«Астанамыз одан әрі көркеюі үшін не істеу керек?»

Көңіл күй

«Сабақ соңындағы көңіл күйлерің қандай?»

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, топтық жұмыстағы үлесі, мәтінді түсінуі және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағаланады.