Сабақ жоспары 7 - сыныпСабақтың тақырыбы

Сабақ жоспары (7-сынып)

Тақырып: Екі өрнектің қосындысының кубы және айырмасының кубы формулалары. Бұл сабақта қысқаша көбейту формулаларын есеп шығаруда қолдану дағдылары жүйеленіп, көпмүшелерді түрлендіру тәсілдері бекітіледі.

Сабақтың түрі

Біліктілік пен дағдыны игеру сабағы.

Сабақтың әдістері

  • танымдық ойын
  • тест
  • топпен жұмыс
  • жеке оқушымен жұмыс
  • сұрақ–жауап

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, слайдтар, тест материалдары, таратпа материалдар.

Сабақтың мақсаты

а) Білімдік мақсат

Екі өрнектің қосындысының кубы және айырмасының кубы формулаларын қолдана отырып, көпмүшені көбейтіндіге түрлендіру, бүтін өрнектерді көпмүше түріне келтіру және формулаларды есеп шығаруда тиімді қолдану дағдысын қалыптастыру.

ә) Дамытушылық мақсат

Логикалық ойлауды дамыту, міндетті деңгейдегі есептерді шығару іскерліктерін жетілдіру, теориялық білімді практикада орынды қолдану, математикалық тілде сауатты сөйлей білу дағдысын қалыптастыру. Өздігінен ойлау мен шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеттерін дамыту.

б) Тәрбиелік мақсат

Пәнге қызығушылық пен белсенділікті арттыру, алған білімді дұрыс қолдануға үйрету, өзара жолдастық көмек көрсете білу мәдениетін дамыту. Ойды нақты әрі дәл жеткізуге баулу; шапшаңдыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу; жауапкершілік, белсенділік және білімге талпыну қасиеттерін нығайту.

Сабақтың барысы

I кезең. Ұйымдастыру

  • Оқушылардың сабаққа қатысуын және даярлығын тексеру.
  • Психологиялық дайындық: топқа бөліну, топ ережесін құру, жауап парағын тарату.
  • Түрлі түсті стикерлердегі тапсырмаларды орындау арқылы топтарға бөліну.

I топ

Бірмүше

II топ

Көпмүше

Сабақтың мақсаты мен міндеттері нақты айқындалады.

II кезең. Үй тапсырмасын тексеру және өткенді қайталау

Көпмүшені көпмүшеге көбейтуді кейбір жағдайларда ықшам түрде орындауға болады. Ол үшін нені қолданамыз? (Қысқаша көбейту формулалары.)

Демек, көпмүшелерді көбейтудің дербес жағдайларын өрнектейтін формулалар қысқаша көбейту формулалары деп аталады. Математиканың өзіне тән тілі бар — ол формулалар.

Өткен тақырыпты пысықтау үшін топпен жұмыс жасай отырып, бірнеше тапсырманы орындаймыз.

1) «Формулаларды білесің бе?»

Екі топқа формулаларды жалғастыру тапсырмасы беріледі. Оқушылар интерактивті тақтада кезекпен орындайды.

Көбейтінді

(a − b)(a + b)

Нәтиже

a² − b²

Қосындының квадраты

(a + b)²

Тең

a² + 2ab + b²

Айырманың квадраты

(a − b)²

Тең

a² − 2ab + b²

Енді осы формулаларды есеп шығаруда қалай қолданамыз?

2) Ауызша есептеу

Әр топтағы оқушылар тапсырмаларды жеке орындайды. Кейін екі топ жауаптарын алмастырып, өзара тексереді.

I топ

  • (2x − 7y)(2x + 7y) = ...
  • 47² − 37² = ...
  • (a − 2x)² = ...
  • (3cy − 5d)(3cy + 5d) = ...

II топ

  • 25m² + 20mn + 4n² = ...
  • 16a² − 56ac + 49c² = ...
  • (n³ + 5m)² = ...
  • 36p⁴ − 64q² = ...

3) «Қатені тап» тапсырмасы

Бүтін және рационал өрнектерді түрлендіру барысында жиі қателіктер кездеседі. Төмендегі теңдіктердің қайсысы дұрыс емес екенін анықтап, қатесін түзетіңдер.

Тексеру

(a − b)(a + b) = a² − b²

Тексеру

a² − b² = (a − b)²

Тексеру

(a + b)² = a² + b²

Тексеру

a² + 2ab + b² = (a + b)²

Тексеру

(a − b)² = a² − 2ab + b²

Тексеру

a² + b² = (a − b)(a + b)

Назар аудару

Дұрыс теңдіктермен қатар қате жазылғандары да бар. Әр қате формуланы қысқаша көбейту формулаларына сүйеніп түзетіңіздер.