Қазақстан композиторларының вокалдық музыкасы

Сабақтың тақырыбы

Нұрғиса Тілендиев және «Әке туралы жыр» әні.

Сабақтың мақсаты

Білімдік

Нұрғиса Тілендиевтің музыка өнеріне сіңірген еңбегі туралы мағлұмат беру, шығармаларын тыңдату және әндерін үйрету.

Тәрбиелік

Классикалық музыканы тыңдай білуге, өнерді сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Әнге қызығушылықты дамыту, музыкалық сауаттылықты арттыру.

Сабақтың сипаттамасы

Түрі мен типі

  • Сабақтың типі: жаңа материалды игеру.
  • Сабақтың түрі: аралас сабақ.
  • Оқыту формасы: ұжымдық және жеке даралап оқыту.

Әдістері

  • Баяндау, түсіндіру
  • Зерттеу
  • Сұрақ-жауап
  • Тест

Көрнекілігі және пәнаралық байланыс

Көрнекілігі

Плакаттар, баян, интерактивті тақта, слайдтар, тест тапсырмалары, портреттер, компьютер.

Пәнаралық байланыс

Тарих, математика.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

  • Сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижелер түсіндіріледі.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: Қазақстан композиторларының вокалдық музыкасы және Латиф Хамидидің өмірі мен шығармашылығы.

Л. Хамиди туралы қысқаша

Латиф Хамиди — қазақ кәсіби музыкасының негізін салушылардың бірі. Ол Б. Ғизатовпен бірлесіп тұңғыш «Домбыра үйрену мектебі» атты кітап жазды. Хамидидің танымал туындыларының қатарында «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», сондай-ақ «Отан», «Аққу», «Алтын бидай», «Романс», «Алматы», «Бейбітшілік туы берік қолда», «Лаула, костёр», «Жайлауым – бақша жайнаған» сияқты ән-романстар бар. Ол Қазақстандағы вальс жанрының қалыптасуына ерекше үлес қосты.

III. Қайталау сұрақтары

  1. 1 Кәсіби музыка өнері ең алғаш қай елдерде қанат жайды?
  2. 2 Сол кезеңдегі әлемдік музыка мәдениетіне үлес қосқан қандай композиторларды атай аласыз?
  3. 3 Қазақстан композиторларының вокалдық музыкасы: ән-романс жанрының ерекшелігі қандай?

IV. Жаңа сабақ: Нұрғиса Тілендиев

Ой-түйін: Ұлы болу үшін алдымен ұл болу керек. Қазақ танымында «ұл» сөзі — тәрбие мен тектіліктің өлшемі. Осы өлшемге толық сай, халқына қызмет еткен дара тұлғалардың бірі — композитор Нұрғиса Тілендиев.

Нұрғиса Шилікемердегі үйінде бесікте жатқан күннен-ақ әкесі Тілендінің тартқан күйлерін естіп, өнерге құлағы ашылды. Ес біліп, ой тоқтата бастаған шағында Дәурен сал, Бейсебай Қаратаев, Шүкітай Әбдікәрімов, Иса Тергеусізов сияқты әнші-күйшілердің қоңыр да қуатты әуезі оған ерекше әсер етті.

Қазақ «үйрен де жирен» дейді. Нұрғиса сол дәстүрлі мектептің бар асылын бойына сіңіріп, тереңнен сыр шертетін әлқиссалы өнерді серік етті. Ол үшін домбыра — тек аспап емес, тұтас дәуірлердің мұңы мен қуанышын жеткізген рухани тіл. Әл-Фараби мұрасы мен Қорқыт сарынының сабақтастығын сезіну — оның шығармашылық әлемінің өзегіне айналды.

Өмірбаян деректері

  • Тілендіұлы Нұрғиса (1925–1998) — күйші-композитор, дирижер, дәулескер домбырашы.
  • Туған жері: Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылы.
  • Жерленген жері: Жамбыл кесенесінің іргесі.
  • Мәскеу консерваториясының (П. И. Чайковский ат.) дирижерлік факультетін бітірді (проф. Н. П. Аносов класы).

Қызметі мен атақтары

  • Абай атындағы опера және балет театрында қызмет атқарды (1953–1961).
  • Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері болды (1961–1964).
  • Өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері (1981–1998).
  • 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болды.
  • Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі.
  • 1998 жылы ҚР Президентінің жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Шығармашылық мұрасы

Нұрғиса Тілендиев қазақ музыкалық мәдениетінде композитор, дирижер және орындаушы ретінде өшпес із қалдырды. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы. Мұрасының жанрлық аясы кең: ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет және т.б.

Таңдаулы шығармалары

  • «Достық жолымен» (1958)
  • «Менің Қазақстаным» кантатасы (1959)
  • «Алтын таулар» операсы (Қ. Қожамяровпен бірге, 1961)
  • «Ата толғауы» және оркестрге арналған шығармалар (1962)
  • «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964)
  • «Жеңіс солдаты» (1975)

Күйлері мен әндері

«Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» күйлері, сондай-ақ «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» секілді әндері халықтық бояудың қанықтығымен және авторлық қолтаңбасының айқындығымен ерекшеленеді.

Театр және кино

Композитор қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазды. Оның музыкасы естілетін сахналық шығармалар қатарында М. Әуезовтің, Ш. Аймановтың, Т. Ахтановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесалары бар. Сондай-ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері қазақ киноөнерінің классикасына айналды.

Тыңдалым және практикалық жұмыс

  • «Ата толғауы», «Махамбет», «Аққу» күйлерін тыңдау.
  • Слайдпен жұмыс.
  • Музыкалық диктант: фа-диез; си-бемоль; си-бемоль, ми-бемоль.

V. Бекіту бөлімі

«Әке туралы жыр» әнінің қай тоналдылықта жазылғанын анықтау, зерттеу нәтижесіне сүйене отырып әнді үйрену.

VI. Қорытынды бөлім

Сәйкестендіру тесті арқылы негізгі ұғымдар мен деректерді жинақтау.

VII. Үйге тапсырма

  • Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығын оқу.
  • «Әке туралы жыр» әнін жаттау.
  • «Саржайлау» әнінің тоналдылығын зерттеу.