Келер Наурыз тойына

Қош келдің, әз Наурыз!

Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар және қадірлі қонақтар! Бәріміз асыға күткен Наурыз мерекесі де келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын!

Наурыз — «жаңа күн» деген мағына береді. Бұл — ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы атап өткен, жыл басы саналатын ұлық мереке. Ұлыстың ұлы күнінде денсаулықтарыңыз мықты болып, тілектеріңіз қабыл болсын!

Неге Наурыз — жыл басы?

Шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз — жылдың алғашқы айы. Дәл осы кезеңде күн мен түн теңеледі, сондықтан Наурыз жаңа жылдың бастауы болып есептеледі.

Халық нақылы

«Наурыз келсе, құт келгені, халайық!» — бұл күні әр шаңырақ қуанышпен есік ашып, шашу шашып, мерекені ел болып қарсы алады.

Мерекелік жүргізуші сөзі

Есік ашып, шашу шашып, ел болып қарсы алайық! (Шашу шашылады.)

Су жылтырап, бүршік ашқан жас талдан,
Бу бұрқырап, қатып қалған тастардан.
Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,
Бар тіршілік Наурыздан басталған!

Наурыз келді — ал тойлаңдар, жараңдар,
Келген мына мерекеге қараңдар.
Шашу шашып, ақ жаулықты әжелер,
Тойда бүгін ойнап-күліп тараңдар.

Ал, халайық, тұрмайық,
Әндетейік, жырлайық!
Ортамызды ашайық,
Ырыс тілеп бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық!

Байқау кезеңдері

Енді бүгінгі байқаудың шарттарымен танысайық:

  1. 1

    Таныстыру: әр ауыл өз ауылын таныстырады.

  2. 2

    Үй тапсырмасы: «Менің сүйікті тағамым» — әр ауыл өз қолымен дайындап әкелген тағамын таныстырып, түсіндіреді.

  3. 3

    Сұрақ-жауап: жасырын қағаздағы сұрақтарға бірге жауап береміз.

  4. 4

    Салт-дәстүрді дәріптеу: ұлттық мұраны таныту.

  5. 5

    Өнер көрсету: ән, би немесе басқа өнер түрлері.

Гүл көңілдер қуаныштан өрілсін, жанарыңыздан нұр төгілсін! Ендеше, таныстыру кезеңіне кезек берейік.

Үй тапсырмасы: «Менің сүйікті тағамым»

Әр ауылдан бір қатысушы шығып, өз қолымен дайындаған тағамын таныстырып, оның жасалу жолы мен мәнін түсіндіреді.

Сұрақ-жауап

Жасырын қағаздың ішінде сұрақтар беріледі. Барлығымыз ақылдаса отырып жауап береміз.

1) Ерулік деген не?

Ерулік — басқа жерден көшіп келген көршілерге бұрыннан тұратын адамдардың қонақ шақырып, дастархан жаюы.

2) Құдайы қонақ дегеніміз кім?

Құдайы қонақ — бейтаныс, алыс жолдан жолаушылап келе жатқан тосын қонақ. Оны күту сауапты іс деп саналған.

3) Мәйек деген не?

Мәйек — жас қозының ұлтабары; оны сүтті ұйытып, ірімшік жасауға пайдаланады.

4) Қымызмұрындық деген не?

Қымызмұрындық — жазғы той. Мамыр айынан басталып, маусымға дейін жалғасады. Бұл күндері биелер байланып, ағайын-туыс бірігіп қымызға шақырады.

5) Тоқымқағар дегеніміз не?

Тоқымқағар — жас жігіттің алғаш сапарға шығуына байланысты жасалатын кәде. Ата-анасы мал сойып, ағайын-туысты шақырып, қонақ етеді.

6) Ең көп сақталатын ұлттық тағам?

Ең көп сақталатын ұлттық тағам — құрт.

7) Бастаңғы дегеніміз не?

Бастаңғы — үлкендер жоқ кезде үйде қалған жастардың бас қосып, қонақ күтіп, тамақ беруі.

8) Соғымнан алыстағы үлкендерге жіберілетін кәде?

Соғым сойғанда алыстағы үлкендерге беріп жіберетін ұлттық кәде — сыбаға.

9) Арнайы қонақ дегеніміз кім?

Арнайы қонақ — алыстан әдейі іздеп келген туыс-туған, жолдас-жора. Бұлар — сыйлы, сағына күткен қонақтар.

10) Үш арсызды атаңыз

Үш арсыз — тамақ, ұйқы, күлкі.

11) Жеті жоқты атаңыз

  • Аспанда — тіреуіш жоқ
  • Жерде — өлшеуіш жоқ
  • Аққуда — сүт жоқ
  • Жылқыда — өт жоқ
  • Тасбақада — талақ жоқ
  • Таста — тамыр жоқ
  • Балықта — тіл жоқ

12) Беташар дегеніміз не?

Беташар — жаңа түскен келіннің бетін ашу рәсімі.

Мақал-мәтелдерді жалғастыру

Тапсырмалар

  • 1) Би болмасаң да — …
  • 2) Алтау ала болса — …
    Төртеу түгел болса — …
  • 3) Дүниесіз қыз болса да — …
  • 4) Айдағаны бес ешкі — …

Жауаптар

  • 1) Би болмасаң да — би түсетін үй бол.
  • 2) Алтау ала болса — ауыздағы кетеді,
    Төртеу түгел болса — төбедегі келеді.
  • 3) Дүниесіз қыз болса да — кәдесіз қыз болмайды.
  • 4) Айдағаны бес ешкі — ысқырығы жер жарады.

Ауылдарымыз дайын болғанша, ортаға «Бипыл» әнін қабыл алыңыздар.

Салт-дәстүрді дәріптеу және өнер көрсету

Салт-дәстүрім жарасса, қайта түлеп жаңаша.
Жарыса өнер көрсетіп, той тойлайық тамаша!

Кедеймін деп қысылма, өнерің болса қолыңда.
Өнерлінің ырысы — жарқырап жатыр жолында.

Сайыста ән салайық, би билейік,
Өнермен өрге басып, кідірмейік.

(Әр жұп өз өнерлерін көрсетеді.)

Ақ тілек пен қорытынды

Ел де тыныш, жер де тыныш — бұл күні,
Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.
Табысқан жұрт таныс тауып жатады,
Жамалғандай жүректердің жыртығы!

Бақ дарысын бәріңізге! Ой қосылып ойыңа, бой қосылсын бойыңа! Аман-есен жетейік — келер Наурыз тойына!

Алтын күні шуақ шашып аспаннан,
Жаңа жылым жыр-думаннан басталған.
Ақ дастархан жайып қазақ төріне,
Ақ ниетпен үлкендерден бата алған.

Ендеше, ақ бата беріліп, игі тілек айтылады.

Қорытынды сөз

Құрметті қонақтар, ата-аналар! Бүгінгі «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік концертіміз осымен аяқталды. Ендігі кезекті әділқазы мүшелеріне береміз.